Су тасқыны

Қолдау мен көмек

Сүрінгенге сүйеу, құлағанға демеу болып, қиын-қыстау заманда жұдырықтай жұмылу — қазақтың қанында бар қасиет. Бүгінгі күні де елде болып жатқан қиын жағдайға байланысты ел азаматтары қолдан келгенше қолдау көрсетіп, көмек беріп жатыр.

Жан-жақтан келген гуманитарлық көмек Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында қабылданып жатыр. Осы жерде сұрыпталып, жүк өліктеріне тиеліп, көмек қажет аудандарға жөнелтіледі. Күні кеше Ырғыз ауданына жіберілді.

 Ырғызға гуманитарлық көмек жеткізілді

Бұған дейін Ырғыз ауданына жүк көліктері мен тікұшақ арқылы 5 рет гуманитарлық көмек жіберілген болатын. Кеше 35 мың қап, 100 су етік, 100 күрек, 2 генератор, 2 қайық, 1 мотопомпа және азық-түлік пен көрпе-төсек, тұрмыстық қажетті заттар тиелген жүк көлігі аттанды. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі 30238-әскери бөлімінің 70 қызметкері Торғай өзені деңгейінің көтерілуінен су басу қаупі төніп тұрған Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарына аттанды.

Айта кетейік, Ырғыз ауданында да жергілікті маңызға ие табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Өңірде су тасқынының алдын алу және салдарын жоюға қатысты іс-шаралар жалғасып жатыр. Облыс әкімі төрағалық ететін жедел штаб, сондай-ақ 109 қызметі тәулік бойы жұмыс істейді.

Ойылдың жомарт қызы

Ел басына күн туғанда жерлестеріне қолдау білдіріп, алғашқы болып көмек-қолын созғандардың бірі — кәсіпкер Салтанат Шахметова.

Салтанат — Ойыл өңірінің перзенті, Ойыл орыс орта мектебінің түлегі. Әкесі Жамбыл дүниеден өткен соң, анасы Амангүлмен бірге Жамбыл облысына қоныс аударады. Бүгінде оның Тараз қаласында әйелдерге арналған бірнеше киім дүкені бар.

Ойдағы елдің қазіргі жағдайын естіген бойда жомарт жүректі қыз тараздықтардың басын біріктіріп, көмек ұйымдастырады. Блогерлер мен кәсіпкерлердің арқасында үш күнде 14 «Газель» гуманитарлық көмек жиналып, Ақтөбе облысына жіберіледі. Оның бесеуі Ойылдағы ағайынға жолданады.

— Қиын жағдайда жерлестерімен бірге болуды өзінің бір міндеті санап, көмек қолын созған Салтанат Жамбылқызын бала кезінен жақсы танимын. Жақын құрбыларымның бірі. Ойылдың бірнеше ауылын су басқан сәтте ол өзінің отбасы атынан 1 миллион 200 мың теңге қаражат аударды. Түскен қаржыны Екпетал, Жаңабаз, Талтоғай елді мекендеріндегі балалары мектепке баратын 12 отбасыға бөліп бердік. Бұдан кейін іле-шала Салтанаттың өзі бастап, киім-кешек пен тұрмыстық қажетті құралдар тиелген тағы 1 «Газель» көмек әкелді. Ауданға сапары аясында ол эвакуациялық пункттерде, аудандық ауруханада жатқан жерлестерімен кездесіп, сый-сияпатын табыстады.

Жерлестерінің атынан Салтанатқа рақмет айтып, мықты денсаулық, кәсібіне береке тілеймін, — деді Ойыл қазақ орта мектебінің директоры Роза Сәуірбайқызы.

Көрші облысқа 50 арнайы техника жіберілді

Батыс Қазақстан облысына су тасқынының алдын алу жұмыстарына көмек ретінде Ақтөбеден 50 арнайы техника жетті.

Су басу қаупі төнген Батыс Қазақстан облысына 50 техника жеткіздік. Олардың қатарында «КамАЗ» жүк көліктері, топырақ қазуға, тиеуге арналған түрлі ауыр техникалар бар. Бүгін-ертең 20 шақты арнайы техника қосымша жеткізіледі. Осы 70-ке жуық техника Ақтөбе облысындағы мекеме-кәсіпорындар мен кәсіпкерлерден жиналды. Бұлардың барлығы су тасқыны қаупі сейілгенше осы аймақта болады. Мақсатымыз — көршілес өңірге су тасқынының алдын алу жұмысына жәрдемдесіп, табиғи апаттың алдын алу, —  деді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Қаныбек Жақсығалиев.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button