Денсаулық

Тегін дәрі кімге беріледі?..

«Осы күні қолданыстағы қан қысымын түсіретін, асқазанды емдейтін, әсіресе, сәбилерге 50 пайыз жеңілдікпен беріліп жүрген дәрілердің барлығы келер жылдан бастап жүз пайыз тегін ұсынылатын болады. Ол үшін науқас диспансерлік есепте тұруы керек», — деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов.

Қазір осы  мәселеге қатысты  тиісті жоба жасалып, Үкімет қарауына ұсынылыпты.  Бұл — еліміздің Бірыңғай Ұлттық денсаулық сақтау жүйесіндегі жетістіктердің бірі әрі халықты үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тиімді жолы.

Дертке қарсы дәрі бар

Айгүл Дүйсенова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің бастығы:

Фармацевтикалық саланың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, дәрі-дәрмек өнеркәсібін дамыту мақсатында және тегін медициналық көмектің шеңберінде дәрілік заттарды сатып алу мен қамтамасыз ету бойынша бірыңғай дистрибьютордың қызметін іске асыру үшін елімізде

«СҚ-Фармация» мекемесі жұмыс істейді. Бұл мекеменің аймақтарда өкілдері бар. Облыстағы барлық аурухана мен емханалар «СҚ-Фармация» мекемесімен келісім-шартқа отырды. Ал осы мекеме арқылы облыс тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысы «Стофарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы жүргізіледі.

Былтыр мемлекет тарапынан елу пайыз жеңілдікпен берілетін дәрілерді облыста 18273 адам алды. Биыл мұндай жеңілдікке аймақта  23703 адам қол жеткізіп отыр. Олардың ішінде жүректің ишемиялық ауруы, қан қысымының көтерілуі, өкпенің созылмалы қабынуы, созылмалы жүрек ақауы секілді дертке шалдыққан науқастар бар.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жеңілдіктер жайында тұрғындарды ақпараттандыру, оларды осы әдіс бойынша дәрі-дәрмек алуға үйрету жұмыстары әлі де жүргізілуде. Елімізде аурудың қай түріне болмасын, оның алдын алу және емдеу үшін  пайдаланатын дәрі-дәрмек бар.  Десек те, тұрғындардың берілген дәрілерді дер кезінде  қабылдамай, өз денсаулығына салғырт  қарауы денсаулық саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бүгінде аймақтағы 71796 адамға дәрі-дәрмек тегін таратылады. Олардың қатарында бір жасқа дейінгі сәбилер  мен жүкті әйелдер және бес жасқа дейінгі диспансерлік есепте тұрған балалар бар. Келер жылдан бастап Үкімет тарапынан елу пайыз жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектер науқастарға тегін ұсынылмақ. Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінде жоба әзірленіп, Үкімет қарауына берілді.

 

Дәрі-дәрмек сатудың дәрісін тыңдады

 

Бүгінде республика бойынша тек Ақтөбеде ғана ерекше топтағы адамдарға муниципалдық дәріхана арқылы тегін дәрі-дәрмек беріледі.

Қазір облыс орталығында бір ғана муниципалдық дәріхана жұмыс жасайды. Бұл — халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін республика аумағындағы жалғыз дәріхана. Оның міндеті — шалғай ауылдардағы халыққа дәрі-дәрмек жеткізу. Қазір бұл қызметті мекеме мамандары ауылдардағы емхана, дәрігерлік амбулаториялар арқылы жүзеге асырып отыр. Десек те тұрғындарға тегін дәрі-дәрмекті жеткізу мәселесі әлі оң шешімін таппай тұр. Өйткені кез келген адамның дәрі-дәрмек таратуға құқысы жоқ. Дәрі-дәрмек тарататын, оны сататын адамның арнайы медициналық білімі, қолында дәрі сатуға рұқсаты бар сертификаты болуы қажет.

Жақында біз облыстың барлық аудандарындағы фельдшерлік пункттер мен дәрігерлік амбулатория мамандарын оқытып, емтихан қабылдадық. Оларға дәрі-дәрмек сату үшін арнайы сертификат бердік, — деді «Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті» мемлекеттік мекемесінің директоры Рахымжан Арыстан.

 

Жеке меншік дәріхананың көмегі қажет…

 

Рахымжан Келісұлының айтуынша, шалғай елді мекендердегі ерекше топтағы адамдарға мемлекет тарапынан берілетін дәрі-дәрмектерді жеткізіп, оны таратуда жеке меншік дәріханалардың көмегі қажет. Қазір облыста 250-ден астам дәріхана бар. Оның көпшілігі — жекенің иелегінде. Ерекше топтағы адамдарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бір ғана муниципалдық дәріхананың күші жете бермейді.

— Ерекше топтағы адамдардың мемлекет тарапынан  50 пайыз жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмектерді алуға мүмкіндігі бар. Олар — есепте тұрған немесе психотрия, туберкулез секілді әлеуметтік дертке шалдыққан науқастар. Елу пайыз жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмек азаматтарға учаскелік дәрігердің қойған диагнозы бойынша беріледі. Егер дәрігер қойған диагноз медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі аурулардың тізбесіне енген болса, науқастарға жеңілдікпен берілетін баға бойынша дәрі-дәрмектерді алу рецепті жазылады. Енді амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету әдісінде өзгерістер болуы мүмкін.

Келер жылдан бастап елу пайыз жеңілдікпен алынатын дәрі-дәрмектер халыққа тегін таратылмақ. Өйткені тұрғындарға елу пайыз жеңілдікпен берілген дәрі-дәрмекті сатып алуда біршама қиындықтар болды. Кейбіреуінің қалтасы көтермеді. Қазір мемлекет тарапынан берілетін  дәрі-дәрмектерді тегін түрде жеке меншік дәріханалар арқылы тарату мәселесі қарастырылып жатыр. Мәселен, облыстағы жеке меншік «Айболит» дәріханасы бүгінде аймақ тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отыр. Бұл орайда мемлекет тарапынан тегін берілетін дәрі-дәрмектерді дәріхана мамандары  шалғай ауылдарға өз көліктерімен жеткізуге тиіс. Бұл іске жұмсалатын шығындардың барлығы мемлекет тарапынан қаржыландырылады.  Осы мәселе жайында жеке меншік дәріхана өкілдеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді, — деді Рахымжан Келісұлы.

Мамандардың айтуынша, қала тұрғындарына дәрі-дәрмек жеткілікті болғанмен, шалғай ауылдарда бұл мәселе әлі де өз деңгейінде шешімін таппай тұр.

Шетелдік дәрі-дәрмектер ел аумағында сатылу үшін әуелі формулярда болуы қажет. Яғни, дәрі-дәрмектерді тіркеу туралы, оларды ел аумағында сату үшін  рұқсат қағазы болуы тиіс. Дәріханаларды тексеру барысында тізімде жоқ дәрі-дәрмектер де табылып жатады. Мұндай заң бұзушылық деректері бойынша іс қозғалады.

Сол сияқты, қазір дәріханаларда адамның қуатын көтеретін шөптер мен сағыздар, капсулалар сатылады. Мұндай заттар баспасөз беттерінде жарнама түрінде де жүреді. Ол дәріге жатпайды. Бұл заттар дәріханаларда Алматыдағы Қазақ тағамтану академиясында сараптамадан өткенін растайтын сертификатпен ғана  сатылуы тиіс.

Дәріханаларды тексеру барысында кедергі келтіретін мәселелер де жоқ емес. Ең қиыны — дәріханаларға бірден тексеру жүргізе алмаймыз. Олай тексеруге құқымыз жоқ. Заң бойынша, жоспарлы түрде тексерсек,  дәріханаға бір ай бұрын хабар береміз. Жедел жағдайда тексеретін болсақ та бір тәулік бұрын ескертіп қоюымыз қажет. Ал осы уақыт аралығында дәріхана мамандары «қулықтарын» жасырып, тап-таза болып отырады, — дейді Рахымжан Келісұлы.

«Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті» мемлекеттік мекемесінің мамандары жақында Алға ауданы Бестамақ ауылындағы дәріхана сатушысына 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салған. Тексеру барысында медициналық мекемеде дәрі-дәрмек сақтайтын мұздатқыштың әрі сатушының қолында дәрі-дәрмек сату үшін берілетін сертификаттың жоқтығы анықталған.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button