«Қанатты әйел — 4» Республикалық идеялар мен тауарлар жәрмеңкесі Ақтөбе қаласында бүгін басталады
Жәрмеңке — жүйелі шаруаның жалғасы
Ақтөбеде алғаш рет ұйымдастырылып отырған республикалық «Қанатты әйел — 4» жәрмеңкесінің сәтті өтуіне күш салып, басы-қасында жүрген облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы–демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның төрайымы, облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатовамен әңгімелескен едік.
— Жәрмеңке қазан айының 13-14-і күндері өтетіні мәлім ғой. Бұл басқосу алғаш рет тоқсаныншы жылдардың аяғында Алматы қаласында ұйымдастырылған еді. Өткен жылы Павлодар қаласында өткізілсе, биыл біздің қаламызға кезек келді. Жәрмеңке дәстүр бойынша жыл сайын Қазақстанның әр қаласында ұйымдастырылып тұрады.
Биылғы жәрмеңкеге қатысушылар саны жүз жиырмадан асып отыр. Соның сексен екісі өздері өндірген тауарларын көрмеге қояды. Біздің облыстан он бес әйел қатыспақшы. Негізінен тілек білдірушілер саны одан да көп болды. Бірақ біздер қонақтардың қатысуына мүмкіндік жасап, өзімізден тек таңдаулыларын ғана іріктеп алдық. Оның үстіне, барлық саланы қамтуға тырыстық. Әсіресе, өз ісін ауылда ашып, шаруаларын дөңгелетіп отырғандарға мән бердік. Мәселен, аспаз, тігінші, қонақ үй, туризм саласы секілді іспен айналысып жүргендер қатысып отыр. Қатысушылар анықталып болғаннан кейін де өтініш жазып, сұранып жатқандар болды. Ықылас мол екендігі осыдан да байқалып тұр ғой.
— Бизнестегі әйелдер жайында не айтасыз?
— Жалпы біздің облыстағы іскер әйелдердің бизнестегі қарымы жақсы. Өз істерін ашып, табыс тауып, мемлекетке де пайдасын тигізіп жатқандар жеткілікті. Қазір кәсіпкерлерді қолдайтын түрлі бағдарламалар бар. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы жеке кәсіпкер Шолпан Бихамбетова өз ісін 2006 жылы ашты. Ол кондитер және ұн тағамдарын шығарумен айналысады. 2009 жылы Германияға барып, шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған тәжірибеден өтті. Қазір тым-тәуір жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ қонақ үй саласын дамытумен, азық-түлік өнімдерін шығарумен айналысатын Мәдина Ещанова, Әлима Кужиева, Қаражан Ноғаевалар да мақтаныш етуге лайық. Одан басқа да көптеген іскер әйелдердің шаруалары алға басып келеді.
— Биылғы жәрмеңкенің ерекшелігі қандай?
— Жәрмеңкенің бағдарламасы өте қызықты әрі тартымды деп ойлаймын. Көрме соңында түрлі тақырыпта семинар-тренингтер, мастер-кластар болады. Қатысушылар бірі-бірінің тәжірибелерімен танысып, баяндамалар оқылады.
Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова келеді.
Гендерлік саясат жөнінде, қоғамдағы әйелдердің ролі жайында және кәсіпкерліктің қыр-сыры, басшылық ету, басқа да салалар бойынша дамуы жөнінде көптеген баяндамалар тыңдалып, пікір бөліседі. Семинарлар арасындағы үзілісте
жеті облыстың модельерлерінің қатысуымен ұлттық сән үлгісі өтеді. Онда ұлттық нақышта тігілген киім үлгілері көрсетіледі. Бұл байқауға біздің облыстан да үміткерлер қатысып отыр.
Жәрмеңке соңында үш номинация бойынша жеңімпаздар анықталып, тиісті дәрежеде марапатталады. Кейін қонақтарды қаланың көркем жерлерімен аралатамыз. Олар «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы бойынша салынған №40 мектепке және әйел басқарған бизнестің озық үлгісі ретінде жұмыс жасап келе жатқан «Көктас-фитнес» клубына барады, сол секілді басқа да жерлерге апару жоспарланып отыр.
Жалпы, жәрмеңке жақсы дәрежеде ұйымдастырылды.
Қысқаша анықтама
«Қанатты әйел — 4» идеялар мен тауарлар жәрмеңкесі алғаш рет 1999 жылы Алматыда өткен болатын.
ҚР Президенті жанындағы отбасы және әйелдер ісі жөніндегі комиссиясының мұрындық болуымен өткізілген бұл шара біразға дейін жалғасын таппады. Өйткені әйелдер қауымы бизнеске енді ғана бет бұрып, шаруаларын жолға қоя бастаған еді.
Арадағы біраз үзілістен кейін 2005 жылы Алматыда екінші рет ұйымдастырылды. Сол жолы 2500 әйел қатысуға тілек білдірген.
Өткен жылы «Қанатты әйел — 3» жәрмеңкесі Павлодарда өткізілді.
Биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған Ақтөбеде өтетін республикалық жәрмеңкеге қатысуға ынталылар өте көп. Олардың ішінде кәсіпкерлер, қоғамдық өмірге белсенді атсалысып жүрген іскер әйелдер, суретшілер, т.б. бар.
Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.
«Қанатты әйел — 4» жәрмеңкесіне қатысушылар бір күн бұрын келіп, өз тауарларын көрмеге жайғастыра бастады. Республиканың түкпір-түкпірінен келген іскер әйелдердің қолынан шыққан әсем бұйымдар көздің жауын алады. Біз сол қонақтардың бірнешеуімен кездескен едік.
Алты цехымыз, алпыс марапатымыз бар
Людмила Щукина, Орал қаласы, «Экспо+» ЖШС директоры.
— Ұлттық нышандағы сувенирлер шығарумен айналысқаныма он бір жыл болды. Бұған дейін де ТМД көлеміндегі көптеген көрмелерге, байқауларға қатысып, жүлделерге ие болып келеміз. Қазірдің өзінде алпыстан астам марапаттарымыз бар. Сонымен қатар, ішкі және сыртқы жарнамалық безендірумен де шұғылданамыз. Көбіне мектеп, балабақшалардың ішін әшекейлейміз. Орал қаласында жаңадан ашылғалы жатқан Президенттік мектептің ішін ұлттық нақышта әшекейлеуге тендер жарияланып жатыр. Соған қатысуды жоспарлап отырмыз.
Біз көбіне Астана қаласының тұтынушыларымен тікелей жұмыс жасаймыз. Сосын Атырау мен Ақтаудан тапсырыс келеді. Сувенирлердің небір түрлерін жасаймыз — ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық киім киген қуыршақтар, кобдишалар мен ою-өрнектер, тағы басқалары. Сол секілді мүшел тойларға, туған күндерге тапсырыс аламыз.
Тауарларымыз экологиялық таза материалдардан жасалады. Тері, жүн, ағаш секілді тауарларды алып, өзіміз өңдеп, игереміз. Атқаратын қызметтері әр түрлі алты цехымыз бар. Оларда қырыққа жуық адам жұмыс жасайды. Қолдан жасалған тауар болғандықтан, ұзақ сақталады. Тұрақты тұтынушыларға жиырма пайыздық жеңілдіктеріміз де бар.
Өзіміз әзірге шетелге шығып көрген жоқпыз, бірақ Астана қаласындағы туризм басқармасы біздің тауарларымызды Сеулге, Парижге алып барып, көрмеге қойды.
Ал «Қанатты әйел» жәрмеңкесіне жыл сайын қатысамын.
Түкті кілем тоқу өнерін жандандырдым
Роза Әлбатырова, Қызылорда облысы Сырдария ауданынан келген қолөнер шебері:
— Қолөнер — бұл ежелден келе жатқан кәсіп. Бұл іспен жастайымнан шұғылданамын. Мен өз қолөнер туындыларымда жүнді көп пайдаланамын. Әрине, қазақ қолөнерінде пайдаланылған негізгі шикізаттың түрі де осы — жүн. Жүннен киіз басып, кілем тоқимын.
«Қанатты әйел» жәрмеңкесіне өзімнің және шәкірттерімнің жасаған туындыларын алып келдім. Осыдан 45 жыл бұрын тоқыған түкті кілемім — көрмедегі басты туындыларымның бірі. Мұны 10 жасымда тоқыдым. Туындыны 33 күнде аяқтадым. Қазір түкті кілем тоқу өнері Қазақстанда жойылып бара жатыр. Анам — қолөнер шебері болған жан. Өзінің білетіндерін маған үйретуден аямайтын. Қазір бұл кәсіпті қайта жандандыру мақсатында жүзден астам шәкірт тәрбиелеп жатырмын. «Жастарға түкті кілем және қолөнер шеберлігін үйрету» тақырыбында ғылыми жұмысымды қорғадым.
Негізінен тоқылатын кілемдер ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан мен Қазақстанның кілемдері көрнекілігі жағынан ерекше көзге түседі. Тоқылатын кілемнің де бірнеше түрі бар. Мәселен, мақта кілем, жібек кілем, түкті кілем, масаты кілем, тақыр кілем деп бөліне береді.
Бүгінде қолөнер туындыларына сұраныс жоғары. Жақында Алматы қаласы әкімдігі 150 мың теңгеге маған түкті кілем тоқытты. Кейбір туындыларым Лондон қаласына бағалы сыйлық ретінде жолданды.
Жәрмеңкеге әкелген туындыларымызда кілем өрнектері әр түрлі. Шәкірттерімнің қолынан шыққан еңбектерінде Алтын адам мен керуеннің, қазақтың түрлі ою-өрнектері бейнеленген. Түкті аяққапты да жәрмеңкеге келушілер тамашалай алады.
Жібек матаға ою-өрнек түсіремін
Гүлнар Өмірбек,
Алматы облысынан келген қолөнер шебері, жеке кәсіпкер:
— «Қанатты әйел-4» республикалық байқауының Ақтөбеде өтетінін естіп, қуандық. Себебі, мен осы жақтың келінімін. Жолдасым Марат — Хромтау ауданы, Бөгетсай ауылының перзенті. Ол да суретші-дизайнер. Елге келіп, қуанып қалдық. Осындай ірі байқау-көрмелердің Ақтөбеде көбірек ұйымдастырылуына тілекшіміз.
Мен негізінен батик жанрында жұмыс істеймін. Бұл — ерекше әрі елімізде жаңадан дамып келе жатқан техника. Кейбіреулер «бұл бізде болмаған, ұлттық өнер емес» десе де, батик сәндік-қолданбалы өнер саласында ерекше орын алады. Өзіміздің ұлттық айшықтарды, нақыштарды, қазақтың ою-өрнектерін мата бетіне түсіруде өте үйлесімді, бояулардың реңін ашатын, суретші айтқысы келген ойды өте нәзік жеткізуге көмектесетін өнер түрі. Оны дәстүрлі көркемдік өнерімізбен үйлестіре білу — үлкен жетістік.
Ал осы көрмеге батик техникасымен жасалған картиналар, палантиндер алып келдім. Таза жібек матаға, шифон материалына ою-өрнек түсіріп, орамалдар мен шарфтар жасаймын. Солардың біразын көрмеге қоямын. Олардың бағалары көлемдері мен жасалу техникасына қарай әртүрлі: ең арзаны — 4 мың теңге, қымбаты — 8 мың теңге. Қолмен жасалғандықтан халық та шын бағасын беріп, ұнаса, сатып алып жатады.
Үлкен тапсырыстар болып жатса, қасыма өзім секілді осы кәсіппен айналысатын әріптестерім көмектеседі.
Батик техникасына қоса, кейде киіз де басамын. Осы батик пен киіз басу техникасын біріктіру арқылы шифон материалының шетіне киізді жиектеп басып, әдемі дүние жасадым. Бұл да елімізде соңғы жылдары қолға алына бастаған техника түрі.
Көптеген байқауларға, көрмелерге қатысып тұрамын. Былтыр «Шебер-ІІ» республикалық байқауында жеңімпаздардың бірі атандым.
Өнімдерімді францияға да апардым
Күлән Жанғұтты,
Алматы облысынан келген қолөнер шебері, «Балатай» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
— «Қанатты әйел» республикалық байқауына үшінші рет қатысып тұрмын. 2005 жылы Алматыда, былтыр Павлодарда өткенде қатысып, өнімдерімді көпшілік назарына ұсынған болатынмын. Биыл да қалмай келдім.
Біздің қоғамдық бірлестігіміздің мақсаты — мектеп жасындағы балалардың шығармашылық өнерін дамыту, қолөнерге баулу. Оның ішінде біз түрлі қасиетке ие жүннен киіз басып, оның шексіз мүмкіндігін пайдаланып, бас киімнен бастап аяқ киімге дейін тігеміз. Одан басқа түрлі картиналар да жасауға болады немесе жиһаздарды да осы киізқаппен қаптауға болады. Сондай-ақ, осы көрмеде біз торсық тәрізді сөмкелер ұсынамыз. Мұндай киіз сөмкеге сусыны бар құтыны немесе балалар тағамын салып қоюға болады. Ол термос секілді, салқын болса, жылытпайды, жылы болса суытпайды, яғни, қалыпты температураны сақтайтын қасиетке ие. Бабаларымыз тұтынған торсықтардың да әу бастағы қызметі осындай болған ғой. Сол үшін де біз сөмкелерді осы формада жасадық. Ішіне гүл салынған вазаны осы сөмкенің ішіне салып қаптасаңыз да үстел үстін жайнатып жіберетін әдемі дүние шығады.
«Торсық-сөмкелердің» ең төменгі бағасы — 2500 теңге. Көлеміне, көркемдігіне қарай қымбаттай береді.
Киізден жасалған балалар шұлығы — жүз пайыз жүннен жасалғандықтан экологиялық таза өнім, кішкентайынан мұны киіп өскен бала ешуақытта майтабан болмайды. Ересектерге арналған киіз сүйретпелер де денсаулыққа пайдалы, салқыннан қорғап, түрлі аурулардың алдын алады.
Киіз басуға негізінен меринос қойының жүнін пайдаланамыз. Көрмеге «балеро» үлгісінде жасалған ақ киізден жасалған күрте әкелдік, 20 мың теңгеге бағалап отырмын.
Киіздің мүмкіндігі мол, одан қазір бәрін жасауға болады. Жақында ғана осы киізден жасаған өнімдерімді алып, Франция еліне Алматы қаласының делегациясымен бірге барып қайттым. Ол жақта қолөнер көрмесін ұйымдастырдық. Ұлттық қолөнерді насихаттайтын, кәсіпкерлерді қолдайтын осындай байқау-көрмелердің көп болғаны жақсы. Біз де өнімдерімізді халыққа ұсынамыз, аянып қалмаймыз.
Ақгүлдің «Гүлстаны»
Гөзел ҚҰЛЖАБАЕВА, Алматы қаласындағы «Гүлстан» ғылыми-танымдық журналының бас редакторы:
— «Гүлстан» — көгалдандыруды, гүл мәдениетін насихаттайтын еліміздегі жалғыз басылым. Бұл журнал Қазақстанда 2005 жылдан бері жарық көріп келеді. Осы уақыт аралығында журнал ұжымы еліміздегі көптеген білім ошақтарымен, балабақшалармен тығыз байланыс орнатуда. Халықтың көгалдандыру жұмысындағы сауатын арттыру, табиғатты қорғау мен экологиялық проблемалардың алдын алу, мемлекетіміздің көркейіп, гүлденуіне үлес қосу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырдық. Мәселен, «Гүлстанның» гүл бағында өтетін экскурсиялар мен тәжірибелік сабақтар, ғылыми конференциялар мен тренингтер, гүл мерекелері — осының айқын дәлелі.
Ақтөбе қаласында ұйымдастырылып жатқан республикалық «Қанатты әйел» жәрмеңкесінде іскер жандардың өз жұмысын одан әрі дамытуына мол мүмкіндіктер туады деп ойлаймын. Бір-бірімізбен жақын танысып, білісіп, тәжірибе жинақтаймыз. Гендерлік саясатты насихаттау мақсатында өткізіліп жатқан жәрмеңкенің көпшілікке берері де көп.
Бұл жәрмеңкеге біз үлкен жаңалықпен келдік. «Гүлстан» журналы мен «Гүлзар» қоғамдық бірлестігі ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы қарсаңында «Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесіне — 20 мың ағаш егу» туралы Үндеуін жариялап отыр. «Отан отбасынан басталады» десек, әрбір шаңырақ ауласының әсем гүлдермен құлпырып-жайнап тұруы мемлекетіміздің дамуының жарқын көрінісі болмақ. Сондай-ақ жәрмеңкеде біз көпшілікке «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенін ұсынбақшымыз. Мұнда бастауыш сынып оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілеріне арнап жасалған «Әліппе — гүлдер әлемі», «Санамақ», «Боямақтар», өсімдіктер жайындағы ертегілер мен 12 сериялы кітапшаларды ұсынбақшымыз. Мәселен, мектепте математика сабағында оқушылар 1-ден 10-ға дейінгі сандарды игерсе, «Санамақ» арқылы әсем өсімдіктермен таныса отырып, оған деген танымдық қызығушылығы артып, табиғатты аялауға деген сезімі оянады. Сол сияқты, дала гүлдері, бақша гүлдері, бөлме гүлдері секілді альбомнан тұратын «Боямақтың» бүлдіршіндердің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз.
Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназияның 2-сынып оқушысы Ақгүл Жарылғасын «Гүлстан» журналымен тығыз байланыс жасайды. Оқушының қызығушылығы соншалық, «Гүлстан» журналының редакциясы мен «Гүлстан» бағын іздеп Алматыға келді. Болашақта Ақгүл өзі оқитын мектептің ауласына «Гүлстанның» шағын көшірмесін жасауды армандайды. Қазір ол біздің берген ақыл-кеңесіміз арқылы бөлме гүлдерін отырғызып, оны аялап, баптап жүр.
Оюдың мағынасы терең
Гүлмаржан Махамбетова, «Гүлмаржан» сән үйінің директоры, Атырау қаласы:
— Мен жақында Астрахань қаласында өткен өнер фестиваліне қатысып келдім. Алғашқыда олар бізге көңілдері толмады ма, аса ықылас таныта қойған жоқ. Кейін сахнаға біз дайындаған ұлттық киім үлгісі шыққанда, еріксіз мойындады. Ұйымдастырушылар таңданысын жасыра алмағанын айтып, алғыстарын білдірді. Бір басшысы: «Мына киімдерді көргенде қазақ болғым келіп кетті…» деді. Мен үшін осыдан артық баға жоқ деп ойлаймын…
Жалпы мен көп жылдар бойы Атыраудағы Махамбет атындағы қазақ драма театрында бас суретші болып жұмыс істедім. Біраздан бері сән театрын ашуды ойлап жүрген едім. Содан жеке ісімді ашып, бөлек кеттім. Бүгінде Қазақстан Республикасы Көркем академиясының мүше-корреспондетімін. Менің сән үйімде қазақтың ұлттық киімдерінің барлық түрі бар десем болады. Алдымен, олардың тарихынан хабардар болған дұрыс. Сақ дәуіріндегі, ІІІ-ІV ғасырдан бергі киімдерден бастап, осы заманғы үлгіге дейін тіктім. Ханшайымдар, қалыңдықтар, балалар киімі де бар. Көптеген шәкірт тәрбиеледім. Олардың біразы менен бөлініп, өз алдына отау тікті. Атыраудағы ісмер жастардың барлығы менің мектебімнен шықты десем қателеспеспін. Бірнеше шеберханаларым жұмыс жасайды. Ұлттық киімдер — қазақты өзгелерге мойындататын, танытатын бірден-бір насихат құралы. Сән үлгілерін өзім жасаймын.
Жалпы, біздің батыс өңірі — Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының өздеріне тән ою-өрнектері бар. Ою-өрнектер белгілі бір ұғым, мағына береді. Оларды кез келген жерге пайдалана беруге болмайды. Мысалы, кілемшеге тағатын оюды төсенішке салмайды, сол секілді, жерге төсейтінді киімге салмайды. Халқымыз әуелден ою-өрнекке ерекше мән берген. Орамалдың шетіне, сақинаға салған оюдан ол адамның ойын түсінген. Бізге оны зерттеп, білу үшін біраз уақыт керек.
Біздің киімдерге сұраныс көп емес. Менің тауарларым қарапайым халыққа қолжетімсіз. Матаны шетелден алдыратын болғандықтан, қымбатқа шығады. Тек шетелдерге шығарда, көрмелерге барарда және театрларға ғана алады. Бірақ, мен жасаған киім үлгісінің осындай көрмелерден кейін бірнеше айдан соң, қала базарларында арзан бағамен толып тұратынын да көріп жүрмін. Олар көшірмелер. Мен, әрине, авторлық құқымды ойлап, қуынып көрген емеспін. Қазақтар үйрене берсін, өзіміздің дәстүрімізді білетіндер көп болса деймін.
Аталған жәрмеңкеге жылда қатысамын.
Шалқарлықтарға ыстық нан ұсынамын
Жаңылсын Ешниязова,
Шалқар қаласындағы «Ыстық нан» наубайханасының меңгерушісі:
— Менің кәсіпкерлікпен айналысқаныма, міне, биыл 10 жыл болды. 2001 жылы «Ыстық нан» наубайханасын ашқан едім, содан бері, тұрғындарға қызмет етіп келемін. Қазір біздің наубайханада нан және тоғыз түрлі нан өнімдері шығарылады. Күніне 3000 бөлке пісіріліп, қаламыздағы азық-түлік дүкендеріне, аурухана, мектеп, балабақшаларға таратылады. Сонымен қатар қала тұрғындарын да нан өнімдерімен қамтамасыз етеміз.
Наубайхана 2 ауысымда жұмыс істейді, мұнда 12 адам еңбек етеді. Айына бір рет қаладағы қарттар үйіне тегін нан апарамыз. Алдағы уақытта наубайхана жанынан кондитерлік цех ашу да ойда бар.
Идеялар мен тауарлардың «Қанатты әйел-ІV» республикалық әйелдер жәрмеңкесіне осымен екінші рет қатысқалы отырмын. Аталған жәрмеңкеге алғаш рет 2004 жылы қатысып, Алғыс хатпен марапатталдым. Сонымен қатар, «Европа-Азия» Халықаралық көрмесіне қатысып, дипломмен марапатталдым, 2006 жылы «Ауданның ең жақсы тауарлары» конкурсына қатысып, жеңімпаз атандым. Сол жылы Алматы қаласында өткен «Туризм, саяхат және спорт» бүкілхалықтық жәрмеңкесіне, ал өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрме-конкурсына қатысып, Алғыс хаттармен марапатталдым.
Мұндай түрлі байқаулар мен жәрмеңкелер — біз секілді ауылдағы, аудандағы кәсіпкерлерге зор көмек, өйткені біз жер-жерден жиналған әріптестерімізбен тәжірибе алмасамыз, білген-көргендерімізді бір-бірімізге айтамыз, үйренеміз, қателіктерімізді түзетеміз. Сондықтан биылғы республикалық «Қанатты әйел» жәрмеңкесіне қатысуыма ұсыныс айтқанда, бірден келістім…
Мақсатым — ауылшаруашылығы кластерін дамыту
Әлима Қожиева, «АқтөбеИнвестком» ЖШС директоры:
— Бұл кәсіппен айналысқаныма он жылдан асты. Әрине, жоқтан бар жасау ерекше іскерлікті, ұйымдастырушылықты, сонымен қатар асқан шыдамдылықты талап етеді екен. Өйткені, бүгінде ақтөбеліктер тұтынып жүрген хрустальды су шығаратын зауыттың іргетасын қалағаннан кейінгі жұмыстардың қиындығын сонда білдім. Жастайымнан темір-терсекке үйір болып өскеннен бе, ер-азаматтар атқаратын жұмысты өзіме қол санадым. Сөйтіп, Орынбордың ауылшаруашылығы институтын зооинженер мамандығы бойынша тәмамдадым. Зауыт болғаннан кейін техникалық, инженерлік білім қажет. Осы мақсатта жаныма бұл саланы шебер меңгеретін мамандарды жинауға тырыстым. Бастапқыда зауытта он адам жұмыс істеді. Қазір 60 адамнан тұратын үлкен ұжымға айналдық. Халыққа таза су ұсынумен қатар түрлі шырындар, сусындар шығару ісі де біздің зауытта қатар жүреді. Мәртөктегі сүт зауытын сатып алып, сүт өнімдерін өндірумен де айналысамыз.
Қазір «Мәртөк сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүтті жергілікті халықтан сатып алады. Сүт зауытының қуатын толық пайдалану мүмкін емес. Себебі бұл зауыттың өндірістік қуаты 100 тоннаға арналған. Ал серіктестік әзірге тәулігіне 5-7 тонна ғана сүтті қайта өңдеп, халыққа ұсынуда. Бұл мақсатта «АқтөбеИнвестком» серіктестігі жанынан Мәртөк ауданында шаруа қожалығын аштым. Мақсат — сүт фермасын ашып, ірі қара малын өсіру. Сонда ғана ауылшаруашылығы кластері жүзеге асырылады. Мал, сүт өзіңдікі болғаннан кейін сүт өнімдерін шығару шығыны да азаяды деп ойлаймын.
Республика деңгейінде өтетін «Қанатты әйел» жәрмеңкесіне шақырту алғаныма өте қуаныштымын. Жәрмеңкеде көпшілікке түрлі көлемдегі «Хрустальды су» және сүт өнімдерін ұсынбақшымын.
Кең көлемде ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкенің облысымызда өтетіні де біз үшін үлкен мақтаныш. Әрине, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде әйел адамдардың белсенділігін арттыру, олардың іскерлік қабілеттеріне жол ашып, демеу көрсетуді мақсат еткен мұндай жәрмеңке жиі-жиі ұйымдастырылса деймін.
Есеп-қисапты сауатты жүргізуге көмектесеміз
Меңсұлу Өтенова,
Ақтөбе қаласындағы «Есеп» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
— «Қанатты әйел — 4» республикалық байқауының Ақтөбеде өтетініне қуаныштымын. Кәсіпкер әйелдермен танысып, пікірлескен, әрине, тиімді. Әрі байқау жәрмеңкесінде өзіміздің қоғамдық бірлестіктің немен айналысатынын көрсетеміз. Жетістіктерімізді растайтын дипломдар мен сертификаттарды да ұсынамыз.
Біздің бірлестіктің құрылғанына 15 жыл болды. Осы жылдар бойы облыстағы бухгалтерлерге көмектесіп, кеңес беріп келеміз. Кәсіпкерлерге қаржы есебі, бухгалтерлік есеп, салық есебін жүргізу туралы дәріс оқимыз. Бірақ біз ақылы қызмет көрсетеміз. Себебі, еш жерден көмек жоқ. Былтыр облыс әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлік қоры Ақтөбе облыстық филиалының қаржылай қолдауымен Мәртөк пен Әйтеке би аудандарында арнайы орталықтар аштық. Орталықта ауылдағы шаруа қожалықтарының жетекшілері мен жеке кәсіпкерлерге бухгалтерлік есеп жүргізуге, бизнес жоспарларын әзірлеуге, басқа да есеп-қисаптардың сауатты жасалуына көмектесіп, кеңес беріледі. Осы екі орталықта қызмет көрсету тегін жүргізіледі. Бұл — билік тарапынан ауыл кәсіпкерлеріне жасалған қолдау. Алдағы уақытта басқа аудандарда да осындай орталықтар ашуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытқа дейін біз кәсіпорын, шаруа қожалығы, дүкен, дәмхана, бәрін қосқанда 400-ге жуық ұжымға есеп-қисап жөнінде қызмет көрсетіппіз.
Біздің бірлестікке 200-дей бухгалтер мүше. Олар жарнаны бізге емес, Қазақстан Республикасының кәсіби бухгалтерлерінің палатасына төлейді. Бірақ, бірлестікке мүше бухгалтерлер бас қосып, ортақ мәселелерін талқылап, пікір алмасып отырады.
Негізі, заң бойынша мемлекеттік қазынашылық мекемелердің, ірі компаниялардың, зейнетақы қорларының, тағы да басқа осындай көпшілік компаниялардың бухгалтерлерінің 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін сертификаттары болуы қажет. Қазір біз осы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Былтырдан бері бізбен пікірлесудің нәтижесінде 35 адам ғана ұлттық сертификат иеленді. Ал 2002 жылдан бері бізде оқып, емтихан тапсырғандар арасында 130 бухгалтер халықаралық стандартқа сай сертификатқа ие болды.



