Басты жаңалықтар

Бір-бірімізді қолдап, бірлікте болайық!

Су тасқыны — табиғи құбылыс. Оны тежеу оңай болмай жатқаны рас.
Айтып келмейтін табиғи апаттың қалай, қай жерден келетінін ешкім де білмейді.
Осы күндері еліміздің он аймағында төтенше жағдай режимі жарияланып, біраз ауыл су астында қалып, халық әбігерге түсіп жатыр.
Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдай департаменті қызметкерлері тасқын судың салдарымен күресуде. Оның ішінде біздің облысымызда да қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жалпы еліміздегі болып жатқан жағдай әрқайсымыздың жанымызға батып, қабырғамызды қайыстырары сөзсіз. Дегенмен сабырлық танытуымыз керек.
Осындай қиын-қыстау сәтте, бір-бірімізді қолдап, бірлікті сақтауымыз қажет. Қол ұшын созып, демеу болуымыз керек. Сонда ғана біз барлық қиындықты еңсеріп, бойымызды тіктей аламыз.
Бүгінгі халыққа арнаған Үндеуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат екенін атап өтті. Президент қиындықты міндетті түрде еңсеретінімізді, суға кеткен үйлер қалпына келтірілетінін, қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды екенін жеткізді.
Қазір біздің облысымызда да көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсетіліп, су басқан ауылдар қалпына келтірілуде. Алдағы уақытта Президент тапсырмасына сәйкес зардап шеккендерге тиісті көмек берілетін болады, бірде-бір адам ескерусіз қалмайды. Қазірдің өзінде өңірімізде су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға біржолғы төлем беріліп жатыр. Сондай-ақ арнайы құрылған комиссиялар суға кеткен үйлерді қарап, бағалау жұмыстарын жүргізуде. Бұл орайда облыстық мәслихат депутаттары да өз үлесін қосып, өңірімізде құрылған “Қамқор Ақтөбе-2024” қорына қаржылай көмектерін жіберіп жатыр.
Лайым еліміз тыныш, халқымыз, ұлан-байтақ жеріміз апаттан, зілзаладан аман болсын!

Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы

Гүлқасима Сүйінтаева

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button