СУ ТАСҚЫНЫ: СЕБЕБІ МЕН САЛДАРЫ

Алты ай қыстан кейін көктемді асыға күтетініміз рас. Жер бусанып, тіршілікке жан бітіретін көктем бұл жолы ақтөбеліктерді әбігерге түсірді. Ақтөбе қаласы мен облыстың бес ауданында (Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда, Әйтеке би) су тасқынына байланысты жергілікті деңгейдегі табиғи сипатқа ие төтенше жағдай жарияланды. Өткен жылы да тасқын судың астында қалған Қобда мен Ойыл ауданы тұрғындары үшін бүгінде жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Үйлері су астында қалған тұрғындар қауіпсіз аймақтарға көшіріліп, орналастырылды. Облыста су тасқыны шығындарын есептеу жұмыстары да басталып кетті.
Мамандардың айтуынша, Ақтөбе су қоймасында биыл тарихта болмаған жағдай тіркелді. 1988 жылы салынған су қоймаға осы жылы бірінші рет сырттан мол су келді. Ол су бізге қайдан келді? Мамандарды сөйлеткен едік…

Күн күркіремей, «суға түстік»…
Ресми мәліметтерге сүйенсек, тасқынның салдарынан облыста 8 мыңның үстінде адам эвакуацияланды. Табиғи апат жол қозғалысына да біршама қиындық тудырып, кейбір елді мекендермен қатынасты мүлде үзді. 3 сәуірдегі жағдай бойынша аймақта жол бетіне су жайылудың 13 дерегі тіркеліп отыр. Мұндай жағдай әсіресе аудандық маңыздағы жолдарда қозғалыстарға едәуір кедергі келтіріп тұр. Тасқынның кесірінен бұзылған жолдар да бүгінгі күні қалпына келтіріліп жатыр.
Өңірде су басқан 762 үйдің 9-ы қирады, 13 ғимарат, Ақтөбе қаласы бойынша 191 саяжай үйі су астында қалды.
Ақтөбелік синоптиктер осындай зардабын тигізген табиғи апаттың туындауына үш жағдайдың себеп болғанын былайша түсіндірді: Біріншісі — күзгі жауын-шашынның салдарынан топырақ ылғалданып, аяз көтерілгенде жер қатып қалды. Соның салдарынан жерде қатқан тоңның тереңдігі отыз сантиметрден бір метрге дейін жеткен. Екінші себеп — қыста қар мен жаңбырдың аралас жаууы. Бұл жер бетінде мұз қыртысының пайда болуына әкелді. Ал үшінші себеп — түнде ауа температурасының нөлден жоғары болуы.
«Күн күркіремей, тоң жібімейді» дейді дана халқымыз. Тоң қайдан жібісін, қыста жаңбыр жауса…
Өлекселер үшін өтемақы төленеді
Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб шеңберінде бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы да нақты іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, су басқан өңірлердегі мал өлімінің алдын алу мақсатында малды қауіпсіз жайылым орындарына көшіру жұмыстары ұйымдастырылды. Жедел деректер бойынша шамамен 30 мың мал қауіпсіз жерге айдалды. Министрдің мал шаруашылығы және ветеринария мәселелері жөніндегі орынбасары министрліктің және оның аумақтық бөлімшелері мен облыстар әкімдіктерінің іс-қимылдарын үйлестіру жөніндегі тікелей тұлға ретінде бекітілді, аталған министрлік комитеттері аумақтық бөлімшелерінің басшылары облыстық штабтардың құрамына енгізілген. Сонымен қатар қауіп-қатердің әлі де сейілмей отырғанына және су тасқынының болжамды екінші толқынына байланысты жергілікті атқарушы органдар халықты ақпараттандыру және қауіпті жерлерден малды алдын ала айдап әкету бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр. Эпидемиологиялық қауіп-қатерді азайту үшін өңірлерде «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» мекемесінің мамандары жұмыс істеп жатыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан мәліметке жүгінсек, министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымының балансында техника, дезинфекциялау құралдары, отын қоры, сондай-ақ мал өлекселерін жоятын инсинераторлар бар. Су тартылғаннан кейін министрліктің эпизоотияға қарсы отряды облыстар әкімдіктерімен бірлесіп өлекселерді жинап, жоюға кіріседі.
Су тасқыны салдарынан төтенше жағдай режимі кезінде мал өлген жағдайда өтемақы жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ басқа да қаржы көздерінен төленетін болады.
Су басқан орындардан айдалған мал басына азық жетіспеген жағдайда «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ фермерлердің өтінімдері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру шартымен малға азық жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндігі бар. Ол үшін облыстық штабтың 8(7132) 97-24-67 телефон нөміріне хабарласу қажет.

Тарихта болмаған тасқын
Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» Ақтөбе филиалының директоры Ринат Шәуенов:
— Қазіргі таңда Ақтөбе су қоймасы 88 пайызға толды. Біз екі сағат сайын су деңгейінің мөлшерін біліп, мониторинг жасап отырамыз. Су қоймасында транзит режимі жүргізіледі. Яғни су қоймасына қанша су келеді, сонша су төменге жіберіледі. Бұл — қол күші арқылы жүзеге асырылатын шара. Жалпы, су түнгі мезгілде көп, күндізгі уақытта аз келеді. Себебі ауа температурасы көтерілгенде, күндіз қар еріп, өзен арналарына құйылады, сөйтіп, жиналған қар суы Електі толықтырады. Мұндай жағдайда біз әрбір екі сағат сайын автоматтандырылған жүйе арқылы судың көлемін біліп отырамыз.
2 сәуір күні сағат 16.00-дегі жағдай бойынша су қоймасына 215 миллион текше метр су жиналды. Ақтөбе су қоймасының жалпы аумағы — 245 миллион текше метр.
Қазіргі таңда Қарғалы су қоймасы бойынша қозғалыс басталды. Өздеріңіз білетіндей, жалпы Ақтөбеде су тасқыны 27 наурызда басталды. Қарғалы су қоймасының жалпы аумағы — 280 миллион текше метр. Алайда су тасқыны басталған күні аталған су қоймасына 150 миллион текше метр ғана су жиналды. Қазіргі таңда біз су қоймасына су жинау үшін жұмыс жасап жатырмыз. Бүгінде Қарғалы су қоймасындағы судың мөлшері жайлап көбеюде. Аталған су қоймасынан 50 текше метр суды экологиялық бағытта, яғни арналарды тазарту мақсатында жібердік. Себебі ол жақта әлі мұз ери қойған жоқ. Бұл — аталған су қоймасы бойынша осы жылы бірінші рет жіберіліп отырған судың мөлшері. Егер су қоймасына келетін судың мөлшері екі сағат сайын көбейіп жатса, төменге жіберетін судың мөлшерін де соған сәйкес өткізетін боламыз. Су қоймасының қақпасы арқылы өткізілген су Ақтөбе қаласына екі тәуліктен соң келеді. Бұл жерде айта кететін бір жайт, егер Қарғалы су қоймасына көп мөлшерде су келсе, онда біз Ақтөбе су қоймасының шлюзін жабамыз.
Сазды су қоймасының жалпы ауданы — 7 миллион текше метр. Сазды су қоймасынан ешқандай қауіп жоқ. Ол өз деңгейіндегі суды жинап алды. Оның үстіне Сазды су қоймасы айналасында қазір ешқандай ылғал жоқ. Сазды су қоймасының ортаңғы бөлігі мен жағалауларында ғана мұз қалған. Ал Ақтөбе су қоймасының жартысынан астамы әзірге мұз. Бұл — жыл сайын осылай болатын процесс. Мұндағы мұз жазға дейін тұрады. Қарғалы су қоймасында мұздың еруі енді-енді басталып жатыр.
Қазіргі күні аталған су қоймалар бойынша кезекшілер 24/7 режимінде жұмыс жасап жатыр. Олар су қоймаларындағы жағдайды штабқа баяндап отырады.
— Су қоймалардың арнасынан асуы сияқты жағдай қайталануы мүмкін бе? — Жоқ, мұндай жағдай қайталанбайды. Себебі біз 27-28 наурыз күндері су тасқынының ең қауіпті (пик — авт.) кезеңінен өттік. Мұны мен Ақтөбе су қоймасына қатысты айтып отырмын. Өздеріңіз білесіздер, бір кеште қалаға мол су келді. Сол кезде біз көп мөлшерде төменге су жіберуге мәжбүр болдық. Қазіргі күні мұнда судың көлемі төмендей бастады. Соны біз реттеп отырамыз. 27-29 наурыз аралығында, яғни осы үш күнде Ақтөбе су қоймасына келген судың мөлшерінің көптігі сондай — мұндай жағдай бұрын-соңды тарихта болмаған.
— Сонда мол су қайдан келді? Мұндай жағдайдың болуына не себеп?
— Ақтөбе су қоймасы 1988 жылы салынған. Өздеріңіз білесіздер, 27-28-29 наурыз күндері аймақта қатты жаңбыр жауды. Бірінші себебі — сол. Екіншіден, ауа райы күрт жылынды, жаңбыр жауып, түнде қар түсті. Үш күн қатарынан ауа температурасы осылай болды. Бізге «Қазгидромет» мекемесі мамандары ауа райы туралы мәліметті алдын ала беріп отырады. Сол күндері бір тәулікте су қоймасына 192-200 миллион текше метр су келді әрі мұндай мол суды ұстап тұруға мүмкіндік болмады. Көпжылдық бақылау жұмыстарынан аңғарғанымыз, Ақтөбе су қоймасының тарихында мұндай көп мөлшерде судың келуі бірінші рет тіркеліп отыр. Осындай сын сәтте жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдайлар департаменті және өзге де құрылымдармен бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде бұл жағдай реттелді.
— Көктемгі су тасқынына қарсы дайындық кезеңінде су қоймаларда мұз жару жұмыстары жүргізіле ме?
— Су қоймаларында мұз жару жұмыстары жүргізілген жоқ. Себебі мұндай бағыттағы жұмыстар Елек, Жаман Қарғалы өзендерінің арналарында жүргізілді. Су қоймалары — стратегиялық режим нысандары. Сондықтан мұндай объектілерде мұз жару жұмыстары жүргізілмейді.

Тоң қалың болғанда қар суынан арылу өте қиын…
Тарас Коваленько, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:
— Аймақта мұз жару жұмыстары қауіпсіздік шараларын сақтай отыра жүзеге асырылады. Мұндай жұмыстар су қоймалары, көпір маңдарында жүргізілмейді. Өйткені мұндай нысандарды зақымдап, кері әсері туындауы мүмкін. Сең қозғалғанша жүретін мұндай шаралар тасқыннан төнетін қауіпті азайтады. Дегенмен бізде мұздан болатын мұндай кептелістер жоқ. Алайда белгілі бір бұрылыстар немесе су жүруге кедергі келтіретін Ақтөбе аймағында осындай 8 учаскені айтуға болады.
Мұз жару жұмыстары бізде жүргізіледі және биыл да бұл бағытта іс-шаралар атқарылды. Айталық, 2022 жылы Мұғалжар ауданы аумағындағы Темір өзені, өткен жылы Байғанин ауданындағы Сағыз өзендерінде мұз кептелуі ықтимал жерлерде судың қауіпсіз өтуіне жағдай жасалды. Ал биыл екі учаскеде — Хромтау ауданындағы Ор және Ақтөбе қаласы аумағындағы өзен арналарында мұз жару жұмыстары жүргізілді. Әрине, мұз жару жұмыстары кез келген жерде жүргізілмейді. Жыл сайын мұз кептеліп, жағалауларды су басатын жерлер таңдалады. Осыған жол бермеу үшін жауапты мамандар алдын ала мұзды ұсатады. Егер мұндай жұмыс алдын ала жүргізілмесе, онда көктемгі су тасқыны кезеңінде қауіп төндіреді. Мұндай аймақтарды біз әуеден бақылап, анықтаймыз.
Әзірге бізге мұз кептелісіне қатысты ешқандай қауіп жоқ. Алайда қазір жағдай өте күрделі. Қазіргі таңда тек облысымыз ғана емес, еліміздің өзге аймақтары да тасқыннан зардап шегіп жатыр. Көпжылдық бақылаудан біз биыл әлдеқайда көп мөлшерде судың келгенін байқап отырмыз. Биыл сырттан келген су мөлшерінің неліктен көп болғанын былайша түсіндірер едім: қыс мезгілі басталарда, яғни күздегі ылғалдың мөлшері нормадан 2-3 есе көп болды. Жердегі тоңның қалыңдығы 1,5 метрге дейін жетті. Кейін қатқан тоңның үстін толықтай мұз басты. Ал қар тез еріген шақта, су жерге сіңбей, ешқайда «кете алмай», өзен секілді ағып жатты. Біз бұдан биыл нені көрдік? Мұндай жағдай былтыр да болды. Еріген қар суы бір жарым күннің ішінде су қоймасын толтырып, соның салдарынан үйлерді су басып, жолдарды шайды. Мұндай судан арылу өте қиын.

Төрт ауыл және түгендеу жұмыстары
Жергілікті деңгейдегі табиғи сипатқа ие төтенше жағдай жарияланған бес ауданда қазір су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр.
Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев 28 наурыздан бастап көктемгі су тасқынына орай Темір ауданы бойынша жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанын айтып:
— Аудан аумағында қалыптасқан жағдайға байланысты көктемгі су тасқыны салдарынан келтірілген залал мөлшерін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Тасқын кезінде аудан бойынша 4 елді мекенде тұрғын үйлерді су басу дерегі тіркелді. Олар — Шұбарқұдық кенті, Алтықарасу ауылдық округіне қарасты Еңбекші ауылы, Кеңесту ауылдық округіне қарасты Шитүбек ауылы, Сарыкөл ауылдық округіне қарасты Құмсай ауылы. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың үйлерінің жай-күйін қарау, анықтау мақсатында арнайы құрылған комиссия өкілдері 1 сәуірден бастап бүгінге дейін 72 үйді аралап, түгендеу жүргізді. Қазіргі уақытта аудан көлемінде су деңгейі тартылып, ахуал тұрақталды, — деді.
Қожасайға қайықпен жетті
Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов ауданда төтенше жағдай жарияланғаннан бері тасқын судың салдарын жою бағытында нақты іс-шаралардың жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Оның айтуынша, Еңбек ауылдық округіне қарасты Басшилі мен Теміркөпір ауылдарының кіреберіс жолдарын су шайып кеткен болатын. Дегенмен Еңбек ауылдық округі әкімдігі мен ауыл азаматтарының қолдауымен кіреберіс жолдар ретке келтіріліп, жол қатынасы ашылған.
Тасқынның салдарынан Ембі-Алтынды ауылы бағытындағы жол, Ембі қаласына кіреберіс көпір де бүгінде қалпына келтірілуде.
Сонымен қатар бүгінде Қожасай ауылының жарығы да іске қосылыпты.
Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС-ның электр желілеріне жауапты мамандарды Қожасай ауылына қайықпен апарған. Арнайы мамандар қиын жағдайға қарамастан, электр желісін қалпына келтіру жұмыстарын сәтті жүргізіпті. Қиын сәтте өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарған сала мамандарына ауылдықтар алғысын айтып отыр.

Су деңгейі 5 сантиметрге төмендеді
Әйтеке би ауданының әкімі Дәулетияр Тоғызбаевтың айтуынша, ауданда тасқын суға байланысты эвакуациялау жұмыстары 2 сәуірден басталған. Бүгінге дейін 550-ге жуық адам қауіпсіз аймаққа көшірілген.
— Бұл жерде айта кететін бір мәселе, су басу қаупі бар үйлердің тұрғындарымен қатар, қырда орнатылған үйлердің де тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың көпшілігі — әйелдер мен балалар, қарт кісілер. Қазіргі таңда аудан аумағына еріген қар суы көп мөлшерде келіп жатыр. Судың деңгейін одан әрі көтермеу әрі өту уақытын тездету мақсатында бұрын көпір болған жерлерді тазартып, су жолдарын кеңейту шараларын бірнеше учаскеде жүргізіп жатырмыз. Осындай жұмыстардың нәтижесінде су деңгейі 5 сантиметрге төмендеді, — деді Д.Тоғызбаев.
Аманкелдінің тұрғындары тасқынға төтеп берді
Ойыл өзені арнасына жақын ауылдың бірі — Аманкелді. Әуелден бірлігі бекем ауылдың жігіттері тасқынға тосқауыл болып, түнімен дамбаны нығайтып, осал тұстарын көз ілмей күзетіп, ауылды аман алып қалды. Су арынын көріп, бағамдағандар ауылдағы балалар мен әйелдерді, үлкен кісілерді ертерек Ойылға көшіргенін білеміз.
Тоң жібігесін жолдың да жайы белгілі болды. Ауылға тура баратын жол қалыпқа келтірілді. Бес күндей аудан орталығы — Ойыл селосында болған тұрғындар сәрсенбіде өз үйлеріне оралды. Ол үшін әкімдік тарапынан арнайы көліктер ұйымдастырылды.
Жергілікті биліктің қолдауымен осыдан екі күн бұрын Саралжын, Ақкемер, Бестамақ және Қайыңды ауылдарына жарық беру қалпына келтірілді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Ең бастысы, облыс орталығынан ауданға азық-түлікті үздіксіз жеткізу іс-шарасы ұйымдастырылды.
Бүгінгі таңда аудан орталығында 3 эвакуациялық пункт жұмыс істейді. Олар қажетті азық-түлік және гигиеналық заттармен толық қамтамасыз етілген. Ресми мәліметке жүгінсек, ауданда көлік қатынасы бұзылған елді мекендерге азық-түліктер мен қажетті заттар тікұшақпен жеткізіледі.
Жол қалпына келтіріліп жатыр
Еріген қар суының қатты ағынынан бұзылып, қатынас тоқтаған Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Тұзтөбе тасжолының 315-шақырымын қалпына келтіру жұмыстары басталған еді. Қобда ауданы аумағындағы автожолдың ұзындығы — шамамен 25-30 метр. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың берген мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта жолды қалпына келтіруге мамандар мен техникалар жұмылдырылған.
— Су шайған аймақта арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Атап айтсақ, 6 самосвал, 1 экскаватор және 1 тиегіш техникасы жұмылдырылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданды, — дейді басқарма басшысы.
Қазіргі таңда аудан орталығында тазалық жұмыстары қолға алынған. Күні кеше ғана Қобда көпсалалы колледж ұжымы орталық саябақта сенбілік жүргізіп, демалыс нысаны аумағын күл-қоқыстан тазартты.
Арайлым НҰРБАЕВА.



