Басты жаңалықтарСу тасқыны

Жанашыр жұрт пейілі

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек қолын созғысы келетіндердің қарасы қалың. Осыған байланысты Ақтөбе қаласының бірнеше жерінде  гуманитарлық, ақшалай көмек жинайтын пункттер ашылды.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы ғимаратына өткен жұма күнінен бері азық-түлік, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар әкелініп жатыр. Қол ұшын созғандардың дені — қарапайым тұрғындар.

— Біз осы жағдайға байланысты жұмыс тобын құрып, бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшаларымызда хабарладық. Зардап шеккендер телефон шалып жатыр. Сондай-ақ су тасқыны жұмысына кері әсер еткен кәсіпкерлерді анықтау үшін де бар күшімізді салдық. Айталық, Кірпішті көпірінің маңында орналасқан су сатумен айналысатын цех және мейрамхананың қызыл судың астында қалғанын білдік. Аталған кәсіпкерлердің қажетті анықтама алып, Үкімет тарапынан қолдауға ие болу үшін мамандарымыз ақыл-кеңесін беріп жатыр.

Осы орайда бірнеше мейрамхана, тамақтану орындары мен шағын дүкендер иелері қалыс қалмай, қиын жағдайда қалғандарға азық-түлік, ыстық тамақ таратып жатқанын айта кеткім келеді. Атап айтсам, «Шағыр», «Сафари» мейрамханалары әскерилерді, су кешіп жүрген өзге де қызметкерлерді  аспен қамтыды. Дәретхана қағазы, сабын, басқа да тұрмысқа қажетті заттарды да қабылдап үлгердік. Нәтижесінде өткен аптада Қобда ауданына 2700 данадан астам шаруашылық тауарлары (сабын, кір жуғыш ұнтақ, тіс пастасы, сусабындар, дәретхана қағазы) жіберілді. Үлес қосқандар — «Жолаева А», «Хусаинов Е.А» жеке кәсіпкерліктері, «Азия Снабторг», «Lucrum star», «Азия Темір» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

Сондай-ақ су тасқынына тап болғандарға көмек көрсету үшін бірнеше қызметкердің телефон нөміріне қосылған каспи-шотын жазған едік. Алғашқы күнде бірнеше сағаттың ішінде 400 мың теңгеге жуық қаражат түсті. Қазіргі таңда бұл қаражат 1 миллион теңгеге жетті.

«Тұмар» қонақүйінің басшылығы төсек жабдықтарын берсе, «Эпсилон» компаниясы 500 мың теңгеге тұрмысқа қажетті химиялық тауарлар, ал жеке кәсіпкер Гүлмира Добрашева көрпе-жастығын жөнелтті. Қажетті заттарды №26, 5, 40 және 47 орта мектептерінің эвакуациялық пункттеріне жеткіздік. Енді Ойыл ауданына гуманитарлық көмекті жинақтап жатырмыз.

Мұнымен бірге пункт ашылған алғашқы күнде-ақ Ақтөбе қаласының тұрғындары Роза Ғабидуллина мен Светлана Таужанова 110 бөлке нан әкелді. Олар сияқты қолдан келгенше көмегін көрсетіп жатқан тұрғындар көп, — дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшінов.

Бейсенбі күнінен бері «Анаға тағзым» орталығында да осындай пункт жұмыс істеп жатыр. Мұнда көрпе-төсек, кілем-палас, тұрмысқа қажетті заттардың едәуір жиналғанына көзіміз жетті. Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрсәуле Жылқыбаеваның айтуынша, тұрғындар төсек жабдықтары, тұрмысқа қажетті химиялық тауарлар, азық-түлікке дейін әкеліп жатыр. «Бейсенбі және жұма күндері 700-ден астам көрпе-жастық, киім-кешек, тамақ өнімдерін қабылдадық. Арнайы есеп жүргізілгенімен, көмектескендердің арасында аты-жөнін атамауды сұрап, жақсылықтың құпия жасалуы керектігін айтатындар өте көп. Сондықтан, шыны керек, әзірге біздегі бар заттардың нақты санын айта алмаймыз. Зардап шеккендер уақытша орналастырылған қаладағы мектептерге лек-легімен солардың барлығын жеткізіп жатырмыз. Тағы бір пунктіміз — Әйтеке би көшесіндегі жастар ресурстық орталығына да осындай гуманитарлық көмек жер-жерден әкелініп жатыр», — дейді ол.

Екі пункттегі жауапты қызметкерлер зардап шеккендердің әуелгі кезекте төсек жабдықтары мен тәпішкеге мұқтаж екенін айтады. Өйткені көпшілігі үйінен үстіндегі киімімен асығыс шығуға мәжбүр болған…

Өткен жұма күні «Анаға тағзым» орталығының ауласында қайырымды азаматтар үлкен қазанға ас дайындап, жедел таратқан. Игі істі ұйымдастырған — ақтөбелік бір топ жігіт.

— Арамызда түрлі сала өкілдері бар. Он жігіт боп жиналып, қолымызда бар қаражатты ортаға салып, ет, күріш, картоп, пияз, сұйық май сатып алдық та, осылай пісірдік. Үлкен қазанды жалға алдық, көп қабатты үйде тұрғасын өзімізде бұл жоқ. Шамамен 600 адамға ыстық тағам тараттық, — дейді еріктілердің бірі Руслан Нұрыш.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button