Басты жаңалықтар

КӨП КӨМЕГІ ТОЛАСТАМАЙДЫ

Облыстық мәслихат депутаттары қоныстану пункттерін аралап, тұрғындардың жағдайын білді. Су тасқынынан зардап шеккендерге киім-кешек, аяқкиімдер үлестірді.

Қазіргі таңда барлық пункке жан-жақтан гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр. Мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар, еріктілер үйі суға кеткен азаматтарға барынша қолдау көрсетіп, көмек беруде.

Ақтөбе қаласында арнайы комиссия өз жұмысын бастайды. Комиссия суға кеткен барлық үйді тексеріп, шығындарды есептейді.

Ақтөбе қаласындағы мектептерде орналасқан қоныстану пункттерінде жергілікті атқарушы биліктің, демеушілер мен еріктілердің күшімен су тасқынына ұшыраған бау-бақша ұжымдарының тұрғындары үшін қажетті жағдай жасалуда.

№26 орта мектептің директоры Талғат Ерназаров қазіргі уақытта таяу маңда орналасқан бау-бақша ұжымдарынан көшірілген 111 адам қоныс тепкенін, олардың арасында 49 бала бар екенін айтты. Қажет болып жатса бұл мекенге әлі де жиырма адам қабылдауға болатындығы айтылды.

— Тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасалды, үш мезгіл тамақ ұйымдастырылды, ораза ұстайтындардың жағдайы бөлек ескерілді. Сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін медициналық пункт жұмыс істейді, қажетті дәрі-дәрмектер жеткілікті әкелінді. Бізге еріктілер жасағы да белсенді түрде көмектесуде, — деді ол.

Қырық бес жасар Надежда күйеуімен бірге мектепке түн ортасына таман келіпті. Бұл келіншек жуырда ғана отадан шыққан екен, сондықтан да оның отбасына арнайы бөлме бөлініп, дәрігерлік күтім жағы қарастырылды.

— Бәрі де ойдағыдай, жасалып жатқан қолдау-көмекке разымыз, — деп жауап берді ол біздің сауалымызға.

Мұнда балғындар үшін де бос уақыттарын мағыналы өткізу үшін жағдай қарастырылған.

№36 және №71 мектептерде тиісінше 160 және 300 адамнан уақытша орналастырылған.

Облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, мемлекеттік қызмет ардагері Сәния Қалдығұлова және облыстық мәслихаттың депутаттары аталған қоныстану пункттерінде болып, ондағы жұртшылықтың жай-жағдайын білді.

Гүлқасима Сүйінтаева атап көрсеткендей, қиындықтарды бөлісуге ел-жұрт жаппай жанашырлық танытуда, су тасқынынан зардап шеккендерге көмектер көрсетілуде.

Кеше Ақтөбе қаласындағы №36 орта мектептегі пункттегі тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетілді.

Орталық базар, «Шығыс» базары және 41-бекеттегі көтерме базар басшылығы мұндағы тұрғындарға 30 қорап жеміс-жидек, сондай-ақ киім-кешек, аяқкиімдер мен тұрмыстық тауарлар, гигиеналық заттар апарып берді.

Бір топ депутат тұрғындардың хал-жағдайын сұрап, ересектер мен балаларға қажетті киім-кешек, аяқкиімдер үлестірді.

Мектеп директоры Бауыржан Сариннің айтуынша, мұндағы адамдарға барлық жағдай жасалған.

Данажан ЕРБОЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button