Басты жаңалықтар

СЫН САҒАТТЫҢ СӘБИЛЕРІ

Ақтөбе қаласының Мағаджан тұрғын алабындағы бірқатар үйді су басып, тұрғындар эвакуациялық орталықтарға көшірілді. Айы-күні жеткен Раушан Құдайберген отбасымен №61 орта мектепке орналастырылып, Қарғалы қалалық ауруханасында босанды. Ырғыз ауданындағы аэровизуалды тексеріс кезінде эвакуацияланған су басу қаупі бар Нұра ауылының тұрғыны Қаламқас Қонықаева болса егіздердің анасы атанды.

Қауіпсіз жерге көшірілген ақтөбелік жас ана Раушан білім ошағының басшылығы мен сондағы дәрігердің бақылауында болды. Бұл — Нұрсұлтан мен Раушанның екінші перзенті.

Дәрігерлер ана мен сәбидің жағдайы жақсы дейді. Жас босанған ананы Ақтөбе қалалық мәслихат төрағасы Анар Даржанова мен №29 округтен сайланған депутат Жаңалық Ахаш перзентханаға құттықтап барды. Үй-жайы тұруға келмейтін болса, отбасымен арнайы орталыққа орналасуға жағдай жасайтындарын айтты. Әйтсе де, отбасы қазір үйлерінің аулаларын кептіріп, перзенттерінің өз шаңырағына барғанын қалайды.

Жаңалық Ахаштың айтуынша, күнде тасқынға қатысты хабарласатын тұрғындар осы жолы сүйінші жаңалықпен қуантқан екен.

Қуанышты жаңалықты естіген соң мәслихаттағы әріптестеріммен тыныш отыра алмадық. Әр қиындықтың артындағы жеңілдігі болады. Депутат әріптестеріміз сәбидің есімін Сүлеймен, Тасқын қойсын деген пейілдерін де білдірді. Оны енді ата-анасы шешер, — дейді ол.

Өз кезегінде Раушан Құдайберген үйін су басқан адамдарды сабырлылыққа шақырып, қуанышымен бөліскендерге ризашылығын білдірді.

Осы қиын сәтте бізге көмектескендердің барлығына ризамын. Ешкімді жалғыз қалдырмай, қиындықта қалған отбасыларды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз еткен жандарға алғыс айтамыз. Жергілікті билік мәселені шешуге көмектеседі деп үміттенемін және үйімізді қалпына келтіруде тиісті жұмыс жасалатынына сенемін. Бұл оңай шаруа емес, бірақ бір болсақ, бәрін де еңсереміз деп ойлаймын, — дейді жас ана.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Нұра ауылында жүкті әйел мерзімінен бұрын босанған. Ауыл аудан орталығынан 90 шақырым қашықта орналасқан. Тасқынның салдарынан жол жабық болған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының жіберген акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматологтан құралған бригада межелі жерге дейін бара алмады. Сондықтан ауыл дәрігерлері ананы өз беттерінше босандыруына тура келді.

31 наурыз күні Ырғыз ауданының Нұра ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда ауыл тұрғыны Қаламқас Қонықаева егіздерді дүниеге әкелді. Екеуі де қыз бала. Олар сол күні тікұшақпен акушер-гинекологтің бақылауымен аудан орталығы Ырғыз ауылына жеткізіліп, аудандық ауруханаға орналастырылды. Қазіргі таңда ана мен сәбилердің жағдайлары жақсы. Жас ананы тәжірибелі дәрігер Сәуле Сатаева босандырды. Бұл — жас ананың алтыншы баласы. Егіздердің біреуінің салмағы — 2800, екіншісінің салмағы — 3050 грамм, — дейді Ырғыз аудандық ауруханасының бас дәрігері Жандос Жолжанұлы.

Егіздердің анасы Қаламқас Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институты мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button