Басты жаңалықтар

100 ОРЫН РЕЗЕРВТЕ ТҰР

Үйлері су астында қалған тұрғындардың бірсыпырасы Ақтөбе қаласындағы №8 орта мектепке де орналастырылды.
Аталған мектептің алғашқы әскери дайындық және технология пәнінің мұғалімі Талғат Нұрғалиевтің айтуынша, қалада жарияланған төтенше жағдайға байланысты №8 орта мектеп жанынан №25 жинақтау эвакуациялық пункті ашылды.

— 29 наурыздағы жағдай бойынша, мектепке 84 адам орналастырылды. Оның 8-і — жасөспірім. Үйлерін су басқан тұрғындарды мектепке орналастыру шарасы 27 наурыздан басталды. Бастапқыда 20 адам жеткізілді. Оның 9-ы — ересек, қалғандары — балалар.
Тұрғындарды мектептің екінші қабатындағы 4 кабинетке орналастырдық. Онымен қоса «Ана мен бала» блогы мен психолог, балалар үшін ойын кабинеттері жасақталды. Тұрғындардың өздерін жайлы сезінуі үшін қолымыздан келгенше барлық жағдайды жасап жатырмыз. Теледидар орнатылып, бос уақытын тиімді өткізу шаралары да алдын ала ойластырылды. Қазіргі таңда мектеп психологтері тұрғындармен жұмыс жүргізіп жатыр. Олар тек балалармен ғана емес, ересектермен де жеке отырып әңгімелеседі. Мектеп асханасы күндіз-түні ашық тұрады. Сырттан қосымша екі аспаз қызмет істеп жатыр. Қазіргі таңда мектеп спорт залында қосымша 100 орын резервте тұр, — деді Т.Нұрғалиев.

Ақтөбе қаласындағы №8 мектептен ерікті Сабыр Кәримолдаевты кезіктірдік. Жиырма жасар студент С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде оқиды.

— Сын сағатта біз де тұрғындарға қолымыздан келген көмегімізді беріп жатырмыз. Ақтөбе қаласы бойынша ашылған «Балықшылар» қоғамдастығының арнайы чатында тіркелгенбіз. Егер кімге қандай көмек қажет болса, біз баруға дайынбыз. Қазіргі күні еріктілердің көбі Кірпішті ауылында жүр. Құтқарушылармен бірге қайыққа отырып біз де 20 шақты адамды судан қауіпсіз аймаққа алып шықтық, — деді ол.
Көпбалалы ана Индира Қалдыбаеваның баспанасы да кеше түнде суға кеткен.

— Бес баламның біреуі — мүгедек. Кенжеміз — 3 жаста. Заречный ауылындағы бау-бақша ұжымдарының бірінде тұрамыз. Ескі үйіміздің жағдайы алаңдатып отыр. Жолдасым — жұмыссыз. Мұндай жағдайда біз сияқты тұрғындарға қолдау көрсетіп жатқан әкімшілікке, мектеп ұжымына алғысымыз шексіз. Балаларым осы мектепте оқиды. Өздерін еркін сезініп жүр, — деді Индира.

А.ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button