Басты жаңалықтар

ҚҰТҚАРУШЫЛАР ЕҢБЕГІ

Қазіргі күні Ақтөбе қаласының Кірпішті ауылындағы «Серуен» мейрамханасының алдында эвакуациялық штаб өз жұмысын жүргізіп жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұрхат Қалдыбаев аталған штаб жұмысы жайында мәлімдеді.

— 29 наурыздағы жағдай бойынша түске дейін штабқа 26 өтініш түсті. Соның 13-і бойынша іс-шара жүргізіліп, 86 адам құтқарылды. Оның 15-і — бала. Қалған тапсырыстар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Кеше бұл тұрғындардың барлығына үйлерін босату турасында алдын ала ескерту берілген болатын. Алайда олар ескертуге қарамастан, кеше түнде үйлерінде қалды. Қалыптасқан жағдайға байланысты олар ертеңіне, яғни бүгін көмек сұрап, құтқару шаралары жүргізілді. Төтенше жағдайлар мамандары мен еріктілердің бірлескен жұмыстарының арқасында үйлері де, өздері де суда қалған тұрғындарға дер кезінде көмек көрсетілді.

Қазіргі күні әлі де болса тапсырыстар түсіп жатыр. Кірпішті ауылы маңындағы барлық бау-бақша ұжымдары Елек өзенінің жағасында орналасқан. Соның ішінде «АЗФ-7», «Солнышко», «Көктем», «Ет комбинаты», «АЗХС» сияқты бау-бақша ұжымдарынан тұрғындар шығарылды. Біздің міндетіміз — тұрғындарды құтқару. Кеше түнде жергілікті атқарушы орган мен төтенше жағдайлар департаменті, құқық қорғаушылармен бірге ұйымдасқан ауқымды жұмыс жүргізілді. Яғни құқық қорғаушылардың көлігіне мініп, дауыс зорайтқышпен халыққа үйлерін босату турасында алдын ала хабарладық. Әрбір үйге кіріп, қауіп төніп тұрғаны жайында ескертілді. Сондай-ақ әрбір бау-бақша ұжымдарында тұратын тұрғындар арасында арнайы чат құрылған. Сол чат арқылы да хабарландырылды. Дегенмен барлығы бірдей үйлерін тастап кеткен жоқ.

Бүгінгі таңда Елек өзені жағасындағы — 18, Қарғалы өзені жағасында орналасқан 20 бау-бақша ұжымдары су астында қалды. Қазіргі күні төтенше жағдайлар департаментінен 60 құтқарушы Кірпішті ауылында жұмыс жасап жатыр. Тағы бір айта кететін жайт, бұл бағытта еріктілер, «Балықшылар» қоғамдастығы өкілдері өте белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Біз берген мекенжай бойынша олар өз қайықтарымен құтқару шараларына араласып жүр, — деді ол.

Арайлым НҰРБАЕВА

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button