Басты жаңалықтар

125 АДАМ МЕКТЕПКЕ КӨШІРІЛДІ

Кеше, яғни 28 наурызда кешкілік Кірпішті ауылында үйлері суға кеткен тұрғындардың бірсыпырасы аталған елді мекенде орналасқан №18 орта мектепке эвакуацияланды.
— Қалыптасқан жағдайға байланысты 28 наурызда кешкі сағат 17.00-ден бастап мектепте кезекшілік құрылды. Қазір, яғни 29 наурыз күні түске дейін мектепке эвакуацияланғандар саны — 125 адам. Оның ішінде ересектер — 92, қалғандары — балалары. Ер адамдар таң алакеуімнен үйлерінің жағдайын білу мақсатында сыртта жүр. Қалыптасқан жағдайға байланысты негізінен мектепке орналасқандардың көбі — Кірпішті ауылына қарасты «Эко», «Гауһар», «Сарбаз» сияқты өзге де бау-бақша ұжымдарында тұратын тұрғындар. Бүгінгі таңда үйлерін су басып, мектепке орналасқан тұрғындарға жан-жақтан қолдау көрсетіліп, заттай, азық-түлік түрінде көмек беріліп жатыр. Мектеп асханасында үш мезгіл тамақтанады. Ең бастысы, тұрғындар ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Мектеп мұғалімдері мен ата-аналардан өзге, еріктілердің де бұл істе көмегі тиіп жатыр, — деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Индира Сәдірова.

 

Баратын үйім жоқ…

Жасы алпысқа таяған Бәтима Аймұқашеваны біз осы мектептің спортзалында кезіктірдік. Төрт баланың анасы басында баспанасы жоқтығын, Кірпішті ауылындағы бір үйді жалдап тұратынын айтты.
— «Эко» бау-бақша ұжымындағы 36-учаскеде тұрдым. Бүгін таңғы сағат 06.00-лар шамасында тасқын судың дауысынан шошып ояндым. Үйдің ішін түгел су басқан. Тұра сала 102-ге хабарластым. Ондағылар сәл күте тұруымды, құтқарушылар баратынын айтты. Одан кейін бірден он шақты адам хабарласып, көп кешікпей қайықпен мені судан алып шықты. Бұған дейін үй иелеріне хабарласқанымда, 2017 жылы үйге су келмегенін, уайымдаудың еш қажеті жоқ екенін айтқасын, алаңсыз қала бергенмін ғой. Оның үстіне түн ішінде баратын жерім де жоқ. Сол түні полицейлер үй-үйді аралап, үйді босату туралы ескерткен болатын. Өзім вахталық әдіспен жұмыс жасаймын. Төрт баламның үшеуі аяқтанды, қолымда кіші ұлым бар. Екі жылдан бері ол Қобда жағында ағайындарымыздың қасында жүр. Қалада пәтер жалдап тұру құны 40 мың теңгеден басталады. Мұнда ақысыз тұратын едім. Енді тіпті баспанасыз қалдым. Заттарымның бәрі суға кетті. Шарасыз күйде осы мектепті паналауға тура келіп тұр. Дегенмен үйлері суға кеткен мен сияқты тұрғындарға мектеп әкімшілігі, жергілікті билік барлық жағдайды жасап қойған. Ең бастысы, мектептің іші жылы, таза, үш мезгіл тамақтандырады, — деді Б.Аймұқашева.

 

Қолдауды сезініп жатырмыз…

Көпбалалы ана Элмира Бегелекова да отбасымен осы мектепке эвакуацияланыпты.
— Кірпішті ауылындағы «Горпрокуратура» аталатын аумақтан төрт сотық аулаға салынған шағын үйді осыдан алты жыл бұрын 2 миллион теңгеге сатып алған едік. Ол кезде үйімізге газ кірмеген, құрылысы толық аяқталмаған болатын. Жиған-тергеніміздің үстіне несие алып алған баспанамызға қолымыз әрең жеткен еді. Кеше түнде үйіміз су астында қалды. Шиттей баламен үйсіз қалдық. Жолдасым жұмыста, өзім осы балаларға бас-көз болып отырмын. Кеше бізге үйді босату туралы алдын ала ескертілгесін, қайын апамның үйіне кеткенбіз. Таң атысымен осы мектепке келдік. Үйіміздің жағдайы алаңдатып отыр. Оның үстіне бесінші перзентімді босанатын уақытым да жақындады. Арасында уақыт тауып емханаға барып келдім, — деген Элмира жергілікті биліктің қолдауымен мектеп әкімшілігінің жасап жатқан қамқорлығына ерекше алғысын білдірді.

Топан судан зардап шегеміз деп түк ойламаппын…

Ақтөбе қаласының Кірпішті ауылындағы №18 орта мектепке эвакуацияланған тұрғындардың арасындағы ең үлкені — 82 жастағы Қаным Сәкебаеваға денсаулығына байланысты мектеп әкімшілігі «Ана мен бала» кабинетінен орын беріпті. Тыныш жерде жатқан Қаным әжемен сөйлескен едік.
— Ақтөбе жеріне Қостанайдан қоныс аударғанымызға 13 жылдың жүзі болды. Қазір мектепті уақытша паналап жатырмыз. Осы жерде балаларым, келіндерім, немерелерім бәрі жүр. Көпшілік жер, балалар шулағасын, өзіме арнайы бөлме берді. Осы жасқа келгенімде топан судан зардап шегеміз деп еш ойламаппын. Бұл жерге түнде автобуспен әкелді. Өз аяғыммен жүріп келдім. Қауіпсіз жерге жеткізілетініміз жайында алдын ала хабар берілгесін, буынып-түйініп дайындалдық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Айналаға, төңірекке тыныштық тілеймін, — деді кейуана.

А.ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button