Басты жаңалықтар

ХАЛЫҚ ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІП ЖАТЫР

Су тасқыны ақтөбеліктерді әбігерге салды. Ақтөбе қаласында, бірқатар ауданда төтенше жағдай жарияланды. Осыған байланысты шаһардың бірнеше жерінде жұртшылықтан жылу — гуманитарлық, ақшалай көмек жинайтын пункттер ашылды.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы ғимаратына таң атқалы азық-түлік, күнделікті тұрмысқа қажетті заттар әкелініп жатыр. Қол ұшын созғандардың дені — қарапайым тұрғындар.

— Біз осы жағдайға байланысты жұмыс тобын құрып, бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшаларымызда хабарладық. Зардап шеккендер телефон шалып жатыр. Сондай-ақ су тасқыны жұмысына кері әсер еткен кәсіпкерлерді анықтау үшін де бар күшімізді салдық. Айталық, Кірпішті көпірінің маңында орналасқан су сатумен айналысатын цех және мейрамхананың қызыл судың астында қалғанын білдік. Аталған кәсіпкерлердің қажетті анықтама алып, Үкімет тарапынан қолдауға ие болу үшін мамандарымыз ақыл-кеңесін беріп жатыр.
Осы орайда бірнеше мейрамхана, тамақтану орындары мен шағын дүкендер иелері қалыс қалмай, қиын жағдайда қалғандарға азық-түлік, ыстық тамақ таратып жатқанын айта кеткім келеді. Атап айтсам, «Шағыр», «Сафари» мейрамханалары әскерилерді, су кешіп жүрген өзге де қызметкерлерді аспен қамтыды. Тұрмысқа қажетті заттарды да қабылдап үлгердік. Бұлардың барлығын Қобда ауданына жөнелткелі отырмыз.

Бірер сағат бұрын Ақтөбе қаласының тұрғындары Роза Ғабидуллина мен Светлана Таужанова 110 бөлке нан әкелді. Олар сияқты қолдан келгенше көмегін көрсетіп жатқан тұрғындар көп.
Сондай-ақ су тасқынына тап болғандарға көмек көрсету үшін бірнеше қызметкердің телефон нөміріне қосылған каспи-шотын жазған едік. Бірнеше сағаттың ішінде 400 мың теңгеге жуық қаражат түсті, — дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшінов.
Біз барғанда кәсіпкерлер палатасының ғимаратында 110 бөлке нанның барын ғана көрдік. Қалған тауарлар келген бойда бірден қажетті жерлерге жіберіліп жатқан көрінеді.

Кешеден бері «Анаға тағзым» орталығында да осындай пункт жұмыс істеп жатыр. Мұнда көрпе-төсек, кілем-палас, тұрмысқа қажетті заттардың едәуір жиналғанына көзіміз жетті. Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрсәуле Жылқыбаеваның айтуынша, тұрғындар төсек жабдықтары, тұрмысқа қажетті химиялық тауарлар, азық-түлікке дейін әкеліп жатыр. «700-ден астам көрпе-жастық, киім-кешек, тамақ өнімдерін қабылдадық. Зардап шеккендер уақытша орналастырылған қаладағы мектептерге лек-легімен солардың барлығын жеткізіп жатырмыз. Тағы бір пунктіміз — Әйтеке би көшесіндегі жастар ресурстық орталығына да осындай гуманитарлық көмек жер-жерден әкелініп жатыр», — дейді ол.
Екі пункттегі жауапты қызметкерлер зардап шеккендердің әуелгі кезекте төсек жабдықтары мен тәпішкеге мұқтаж екенін айтады. Өйткені көпшілігі үйінен үстіндегі киімімен асығыс шығуға мәжбүр болған…
«Анаға тағзым» орталығының ауласында да қайырымды азаматтар үлкен қазанға күріш дайындап, жедел таратып жатқанына куә болдық. Игі істі ұйымдастырған — ақтөбелік бір топ жігіт.
— Арамызда түрлі сала өкілдері бар. Он жігіт боп жиналып, қолымызда бар ақшаны ортаға салып, ет, күріш, картоп, пияз, сұйық май сатып алдық та, осылай пісіріп жатырмыз. Үлкен қазанды жалға алдық, көп қабатты үйде тұрғасын өзімізде бұл жоқ. Бұйырса, 600 адамға ыстық ас таратуды жоспарлап отырмыз, — дейді Руслан Нұрыш пен Шыңғыс Өмірзақов.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button