Басты жаңалықтарМәдениет

ТЕАТР КҮНІНДЕГІ САЛТАНАТ

27 наурыз — Халықаралық театр күніне орай ақтөбелік мәдениет майталмандары марапатталып, мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры ғимаратында өткен жиында жылдағы дәстүр бойынша әуелі сала қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, құттықтау сөз айтылды.

— Ең алдымен театр майталмандары мен патша көңілді көрермендерімізді мерекемен құттықтап, бар жақсылықты тілегім келеді. Театр әлемінде еңбек ететін әрқайсысыңыздың рухани құндылықтарды насихаттап, адамдарды ізгілікке, сұлулыққа, тәлім-тәрбиеге шақыруда үлестеріңіз зор. Осынау игі істе барлығыңызға сәттілік, шалқар шабыт тілеймін, — деген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы Шалқия Бақытжановаға, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасарының атынан Т.Ахтанов атындағы драма театрдың актрисасы Майра Ілиясова мен «Алақай» қуыршақ театрының тігін цехының меңгерушісі Татьяна Никитенковаға Алғыс хаттар тапсырды. Артынша біраз қызметкерді өзі басшылық ететін басқарманың Алғыс хатымен марапаттады.

Салтанатты іс-шара барысында Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов, облыстық мәдениет қызметкерлері кәсіподағы, Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірдегі филиалы атынан да Алғыс хаттар табысталды. Ал облыстық «Алақай» қуыршақ театрының директоры Әсия Құрманалинаның кеудесіне «Еңбек даңқы» төсбелгісі тағылды.

Соңында Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония, Ақтөбедегі труппалар, үлгілі «ДЕнк-Маль» неміс театры, т.б. өнер көрсетіп, «Akhtanov fest» спектакльдер фестивалі қорытындыланды.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button