Басты жаңалықтар

ЖАҢАРҒАН НАУРЫЗ, ЖАҢҒЫРҒАН ДӘСТҮР

АЛҒА

Әз Наурызды биыл еліміз 14-23 наурыз күндері аралығында тойлағаны белгілі. Наурызнама бағдарламасында белгіленген әр күнді алғалықтар да мағыналы іс-шаралармен, шат-шадыман көңілмен атап өтті.

Осы мереке аясындағы Шаңырақ күнінде жастарға отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатымен ауыл-ауылдардағы шаңырақ құрғандарына 25 жылдан астам уақыт өткен өнегелі отбасыларға сый-құрмет көрсетілді. Солардың бірі — Қарағаш ауылындағы Қаршыға аға мен Нұржамал апаның шаңырағы. Олар 1972 жылы 7 шілдеде отбасын құрыпты. 4 ұл тәрбиелеп өсіріп, он үш немере сүйіп отыр. Немерелерінің алды Алматыдағы өнер академиясын бітіріп, сонда жұмыс істеп жүр.

Жұбайлар өмірдің ащы-тұщысын бірге көруге, бар ауыртпалықты бірге көтеріп, бірге жеңуге тырысқанда ғана, арадағы сыйластық пен сүйіспеншілік өшпейді, шаңырақтың ғұмыры да ұзақ болады, — дейді Қаршыға аға.

Үлкен үйдің түтінін бұл күнде төрт ұлдың үлкені Асхат Жетенов пен жолдасы Қарлығаш түтетіп отыр. Қаршыға аға ғұмыр бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етсе, Нұржамал апа — сандаған шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Ал балалары әке жолын қуып, «Қаршыға» атты шаруа қожалығын аяққа нық тұрғызып, ата-анасының қолын жылы суға малып отыр. Бұл әулетте ағайын арасындағы татулық пен бірлік бәрінен де жоғары қойылады.

22 наурызда Алға қаласындағы орталық саябақта басты мерекелік іс-шара өтті. Мұнда Наурыз тойын қызықтауға жиналған қауымды аудан әкімі Нұрбол Ержанов құттықтап, өткен қыстағы боранның салдарын жоюға демеушілік көрсеткен азаматтарды марапаттады.

Мерекелік концертте әнші Өмірқұл Айниязов және «Алаш» триосымен бірге, аудан өнерпаздары да әннен шашу шашты.

 

Мадина БОЛАТБЕКҚЫЗЫ,

Алға ауданы.

ӘЙТЕКЕ БИ

Әйтеке би ауданында да Наурыз мейрамы кең көлемде тойланды. Аудандық Мәдениет үйінің алаңы ерекше безендіріліп, киіз үйлер тігілді.

Мерекені тойлауға жиналған тұрғындар концерт тамашалап, аудандағы мекемелер мен ұйымдар әзірлеген наурызкөже мен бауырсақтан дәм татты.

Алаңға жиналған жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Мерекелік іс-шарада ұлттық спорттық ойын түрлерінен жарыс ұйымдастырылды.

Тұрғындар арқан тартыс, қазақ күресі, батпан көтеру, қол күресі секілді ойындарды тамашалады. Сондай-ақ «Аудандық ат спортын дамыту» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен көкпар, тайжарыс, құнанжарыс, аламан бәйгеден жарыс өтті. Барлық жеңімпаз марапатталып, сыйлықтарға ие болды.

Наурыз тойын тойлауға келген ағайын мерекелік іс-шараның әр сәтін асықпай тамашалап, көңілдерін бір сергітіп алды. Әсіресе тамылжыта ән шырқаған әншілер мен мың бұралған биші қыздар кештің сәнін келтіре түсті.

Жиын соңында Т.Жүргенов ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Ғарифолла Ізмұратов Наурыз тойының батасын берді.

Наурыз мейрамын тойлау бұл ауданда да 14 наурызда басталған болатын. Бірлік пен берекенің, ықылас пен ынтымақтың белгісіне айналған мейрамды Әйтеке би ауданының тұрғындары барлық сән-салтанатымен атап өтті.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

БАЙҒАНИН

Наурыз мерекесінің онкүндігі Байғанин ауданында кең көлемде аталып өтілді. Мереке 14 наурыз — Амал күнін тойлаудан басталды. Бұл күні аудандық Мәдениет үйі алаңында «Наурыз — мерекем, наурыз — берекем» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Сондай-ақ тұрғындарға көже таратылып, спорттық ойындардан сайыс өткізілді. Ер азаматтар садақ атып, арқан тартысты. «Амал келді, жыл келді» атты театрландырылған қойылым көпшілік көңілінен шықты. Аудан әкімі Айбек Көпенов мерекемен құттықтап, ауыл ақсақалы Амантұрлы Бақтығалиев тұрғындарға батасын берді.

Осылайша әр тақырыппен аталған Наурыз онкүндігінің әр күні жоғары деңгейде тойланды. «Ұлттық киім күніне» орай аудан тұрғындарының қатысуымен флэшмоб ұйымдастырылып, қазақ киімін киген 150 тұрғын үшін арнайы түсірілім жасалды. Сонымен қатар кәсіпкерлер, мешіт жамағаты және тәжік-ауған соғысы ардагерлер қауымдастығы атынан мұқтаж отбасыларға азық-түлік өнімдері күн сайын жеткізіліп отырды.

21 наурыз күні балалар және жасөспірімдер спорт мектебі алаңында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, концерттік бағдарлама ұсынылды. Аудан тұрғындары автокөлік сүйреу, жүк көлігінің дөңгелегін жылжыту, арқан тартыс, қазақша күрес сынды спорттық ойындарға белсене қатысты. 22 наурыз күні Ақтөбе өңіріне танымал өнерпаздардың ән кеші ұйымдастырылды. Жастар алтыбақан теуіп, мәре-сәре болды.

Нұрдәуір НҰРЛАНҰЛЫ,

Байғанин ауданы.

ҚАРҒАЛЫ

Табиғаттың жаңарып, қайта түлеу мезгілі — көктеммен бірге келетін Наурыз мейрамы — тек қазақ халқына емес, сонымен қатар күллі түркі жұртына ортақ мереке. Бұл күнді қарғалылықтар да ерекше тойлады.

Аудандық Мәдениет үйінің алаңында «Армысың, Ұлы Наурыз!» атты  мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік думан аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен басталып, сахналық қойылымдар көрсетілді. Аудан әкімі Асқар Жүсібалиев жұртшылықты мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Наурыз тойында ауыл тұрғындарына арналған ауылшаруашылық жәрмеңкесі де өткізілді. Таңмен таласа жәрмеңкеге келушілердің қарасы өте көп болды. Ауданға қарасты барлық округ ет, құс, сүт, балық өнімдерінен өзге де жеміс-жидектер мен көкөністерді қолжетімді бағада ұсынды.

Аудандық Мәдениет үйінің алаңына жиналғандар бауырсақ пен наурызкөжеден дәм татты. Киіз үй тігіліп, ұлттық спорттан жарыс ұйымдастырылды. Іс-шараға қатысушылар асық ату, гір көтеру, қол күрес, арқан тартыс, қазақша күрес секілді ұлттық спорт түрлерінен сайысты. Қатысушылар әртүрлі салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Оған аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары қатысты.

 Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА,

Қарғалы ауданы.

ҚОБДА

22 наурыз күні Қобда ауданы орталығындағы мерекелік шара «Отан-Ана» саябағында өтті. Мұнда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазақ ауылдары бой көтерді.

Іс-шара барысында ұлттық қолөнеріміз бен әдет-ғұрпымыз насихатталып, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтті. Аудан тұрғындары арқан тартысып, қой көтеріп жарысты, ләңгі тепті. Үлкендер жағы балаларға асық ойнаудың қыр-сырын үйретіп, қазақы ғұрпымызбен біте қайнасқан ойынды бірге ойнады. Сайыстың жеңімпаздары аудан әкімінің атынан Алғыс хат пен сыйлықтарға ие болды.

Жиналған жұртшылықты аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Мейрам тойлауға келген тұрғындар ақжаулықты аналар ұсынған ыстық бауырсақ пен наурызкөжеден дәм тартты.

Айта кетейік, Наурыз мейрамы Қобда ауданына қарасты барлық ауылдық округтерде де аталып өтті.

Биыл қобдалықтар Наурыз мейрамын жаңа форматта 10 күн тойлады. Осы аралықта аудан көлемінде 300-ге жуық танымдық, мерекелік іс-шара өткізілді.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

МӘРТӨК

Наурызнама тұжырымдамасына сәйкес 22 наурыз — Ұлыстың ұлы күні Мәртөк ауданында да кең көлемде атап өтілді. Ең алдымен, аудан орталығында «Қош келдің, Әз Наурыз» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, аудан әкімі Медет Ысқақов жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Сарыжар ауылында «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің филиалы ашылып, оған ауыл әкімі Бекболат Өтеуұлы мен  қоғамдық бірлестіктің Мәртөк аудандық филиалының мүшесі Шара Бекназарова қатысты. Аудандық Мәдениет үйінде батагөй қариялардың байқауы өтіп, ауылдың ақ жаулықты әжелерінен құралған «Илигай» әжелер ансамблі әннен шашу шашты. Іс-шара «Қазақ аналары — дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің Мәртөк аудандық филиалы ұйымдастырған «Кимешек» шеруімен жалғасты.  Мерекелік іс-шарада Мұратбек Қаражон, Қайнар Жәкей, «Төңкер» тобы, Еркебұлан Құмаров сынды қазақ эстрада әншілері өнер көрсетті. Сондай-ақ Қардар Қазынабай, Оразбике Сейілханова сынды ауыл тұрғындары өздері жасаған кестелі орамал, сәукеле мен қазақтың ұлттық әшекей бұйымдарын, Гогель Аркадий қыш ыдыстардың көрмесін ұйымдастырды. Мерекелік думанға келушілер ақтөбелік шебер Анастасия Лебедеваның  қолөнер бұйымдарын, былғарыдан жасалған білезіктерін қызыға тамашалады. Іс-шара соңында ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылып, кіл мықтылар анықталды.

 

Ақмарал МҰҚАШЕВА,

Мәртөк ауданы.

МҰҒАЛЖАР

Мұғалжар ауданында өткен Наурыз мейрамына арналған мәдени-көпшілік іс-шара «Бақ-берекем, құт мерекем —  әз-Наурыз» деп аталды.  Орталық саябақта өткен мерекелік концертте аудан әкімі Дархан Ермағанбетов жиналғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Бұл күні Орталық саябақта киіз үйлер тігілді. Әрқайсысына Құдайберген Жұбанов, Әлия Молдағұлова, Санжар Асфендияров, Сағадат Нұрмағамбетов, Рахымжан Қошқарбаев, Мәлкеждар Бөкенбаев есімдері берілді. Мерекені тамашалауға келген халық наурызкөже, қымыз және басқа да қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. 1700 литр наурызкөже мен 500 келі бауырсақ ұсынылды. Сондай-ақ аудандық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен концерт және театрландырылған мерекелік көріністер қойылды. Ұлттық салт-дәстүрлер дәріптеліп, көшпелі көрмелер өткізілді.
Мерекелік концерттік бағдарлама спорттық-бұқаралық ойындармен жалғасып, спортшылар гір көтеру, қол күресі, арқан тартыс және қой көтеруден сынға түссе, Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ересектер арасында қазақ күресінен, жасөспірімдер арасында асық ату, бестас және тоғызқұмалақтан спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Қазақ күресінен Байзол Бекзат (80 келі салмақта), Есенжол Ердәулет (+80 келі салмақта) жеңімпаз атанды.
Соңында ең әдемі киіз үй анықталды. «Ең әдемі киіз үй» байқауында жеңімпаз бен жүлдегер атанғандар және түрлі номинацияларға ие болғандар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Үздік деп танылған киіз үйлерге мерекеге орай демеушілік көрсеткен «Алло такси» қызметі атынан естелік сыйлықтар табысталды.

 Айәли АЙБЕК.

Мұғалжар ауданы.

ОЙЫЛ

Ойыл ауданында биылғы Наурыз мейрамы «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!» тақырыбында өтті.

Мәдени-көпшілік іс-шара қазақтың ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, ұлттық дастарқанын, ұлттық киімін, ұлттық аспаптары мен ұлттық ойындарын насихаттайтын сән-салтанаты жарасқан көш-керуенмен басталды.

Аудан әкімі Асқар Қазыбаев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, аудан тұрғандарына, кәсіпкерлерге алғысын білдірді. Ауыл ақсақалдары Тілеген Алданаев, Айдынғали Тұраналиевтер көпшілікке бата беріп, жылы лебізін жеткізді.

Мерекеге жиналған жұртшылық киіз үйлерге кіріп, аудандағы мекеме ұжымдары дайындаған наурызкөжеден дәм татты.

Сондай-ақ аудан жастары қазақ күресі, арқан тартыс, қол күрес, ләңгі тебу, гір көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен бақ сынасты.

Жарыс нәтижесінде қазақ күресінен 1-орынды  Д.Асқатұлы, қол күресінен 1-орынды Р.Бекмұханов, ләңгі тебуден 1-орынды Қ.Абдрахманов, гір көтеруден 1-орынды Р.Сапарғали, сондай-ақ арқан тартыстан 1-орынды 1987 жылғы туған азаматтар иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудан әкімінің мадақтама қағазы және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,

Ойыл ауданы.

ТЕМІР

Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамын темірліктер де сән-салтанатпен атап өтті. Мұнда ұлттық құндылықтар ұлықталып, әр ауылда мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Аудан орталығындағы  ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы атындағы Орталық саябақта әр ауыл киіз үй тігіп, салт-дәстүрлер жаңғыртылды. Атап айтсақ, Темір ауданының қайта құрылғанына 50 жыл толуына байланысты ұмытылып бара жатқан 50 дәстүр — құрсақ шашу, ерулік, есік ашар, босаға майлау, аушадияр, өңір салу, ат байлау, тоқымқағар, ауылдың алтыауызы, т.б. көпшілікке насихатталды. Мақсат — өскелең ұрпаққа қазақтың салт-дәстүрлерін таныту һәм кеңінен дәріптеу.
Сонымен қатар арқан тартыс, қол күресі, гір көтеру, кермеге тартылу, таяқ тартыс бойынша сайыстар өткізіліп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі болды. Ұлыстың ұлы күнгі іс-шарада жиылған көпшілікті аудан әкімі Саламат Аманбаев мейраммен құттықтады. Ақсақалдар дәстүрлі жолды жалғап, жиналғандарға батасын берді.

Сондай-ақ мереке күндері аудандағы «Бопай» кемпингі спорттық шараларды өткізіп, жігіттердің күш-қайратын сынады. Арқан тарту, қол күрес, гір тасын көтеру, қазақша күрес сынды спорт түрлерінен өзара сайысқандар соңында арнайы медальдар мен естелік сыйлықтармен марапатталды.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Темір ауданы.

ХРОМТАУ

Хромтаулықтар жыл басы — Наурыз мейрамын ерекше атап өтті. Орталық алаңда қаз-қатар тізілген киіз үйлер және құрылған алтыбаққанмен сәні кірген бұл мереке биыл қасиетті рамазан айымен тұспа-тұс келді. Сондықтан ысырапшылдыққа жол бермей, керісінше, қайырымды іске бастама ретінде халыққа ұлттық тағам түрлері қолжетімді бағада ұсынылды.

Бұл күні Дөң тау-кен байыту комбинатының дәстүрлі түрде өтетін қайырымдылық жәрмеңкесінде қолөнер бұйымдары сатылып, ауылшаруашылық тауарлары халыққа ұсынылды. Сатылымнан түскен қаражат толықтай қайырымдылыққа жұмсалды.

Ауылдар мен мекемелер тіккен киіз үйлерде ежелгі ғұрыптарымызды жаңғырту мақсатында әр отауда ұмыт болған салт-дәстүрлер дәріптеліп,  жиналған қауымға наурызкөже ұсынылды. Наурыз тойы аудан өнерпаздарының «Береке бастауы — әз Наурыз» атты концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Нұрхан Тілеумұратов көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтады.

Мерекелік кештің көркін қыздырған «Алаш» триосы мен жыршы-термеші Наркенже Серікбаева Наурыз тойын хромтаулықтармен бірге тойлады. Концерттік бағдарламадан бөлек, түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Наурыз мейрамының көркі болған киіз үйлердің ішкі және сыртқы безендірілуі, ұлттық нақыштағы үздік ер және әйел адам киімдері, арнайы әзірленген дастарқан мәзірі, қонақ қарсы алу секілді шарттардан тұратын өзара сайыс ұйымдастырылып, нәтижесінде жергілікті кәсіпкерлердің «Әйтеке би» ордасы үздік болды.

 

Алмат ЗЕЙНОЛЛА,

Хромтау ауданы.

ШАЛҚАР

22 наурыз — Ұлыстың ұлы күні мерекесі Шалқар қаласындағы Есет Көтібарұлы көшесінде кең көлемде тойланды. Көшеде киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылып, халық наурызкөжеден дәм татты.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов тұрғындарды мерекемен құттықтап, ақ тілегін, ыстық лебізін білдірді.

Шара барысында аудан басшысы өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері Хайролла Сейілханов пен Аманжол Аязбаевқа «Шалқар ауданының құрметті азаматы» атағын тапсырды. Сонымен қатар қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып, демеушілік көрсетіп жүрген азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.

Жиында Шалқар қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қорғанбек Исаев «Ардақты әке» атағын — Шамшан Өтәлин мен Ермек Бекмағамбетовке, «Ардақты ана» құрметті атағын Мәдина Әуелбаева мен Зибажан Тарғыноваға табыстады.

Бұл күні ауданның көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шалқар аудандық  аналар кеңесі жанынан құрылған  «Асыл ана» ансамблінің орындауында халық әндері шырқалды. Сондай-ақ еңбек ардагерлері мен жас өрендер ортаға шығып,  Жарапазан айтып, тілектерін жырмен жеткізді.

Жалпы Наурыз мерекесі ауданымызда жоғары деңгейде аталып өтті.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

ЫРҒЫЗ

Биыл ырғыздықтар Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтті.

Алдымен мекеме-кәсіпорын ұжымы Жүргенов көшесіндегі алаңға керуенмен жетті. Атқа мінген балалар, ұлттық нақышта киінген тұрғындар мерекелік іс-шараға жиналды. Бірін-бірі құттықтап, арқа-жарқа болған ағайын мәз-мәйрам болды.

Мерекені «Арай» мәдениет үйінің өнерпаздары «Жармоладағы наурыз тойы» атты театрландырылған қойылыммен бастады. Аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтап, ауданның қоғамдық-саяси өмірі мен экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарды «Ырғыз ауданының құрметті азаматы» атағымен марапаттады.

Мерекелік іс-шара мекеме ұжымдарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Олар бастаңғы, құда түсу, қыз ұзату, шілдехана, бесікке салу, т.б. ұлттық дәстүрлерді ұлықтап, ән мен жырдан шашу шашты. Балалар алтыбақан теуіп мәз болса, үлкендер спорттық жарыстарға қатысты.

Мерекеде ауданның шаруалары ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкесін ұйымдастырды, көпшілікке наурызкөже үлестірілді.

Д.ҚАЗИХАН.

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button