Басты жаңалықтар

БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫ ТИІМДІ ЖҰМСАЛУЫ КЕРЕК

Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс он бірінші сессиясында «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралды. Сессияға облыс әкімі Асхат Шахаров, облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты.

Сессия отырысында алдымен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов баяндама жасап, өңірдің білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, автомобиль жолдары, мәдениет, спорт, энергетика, т.б салаларына бөлінетін қаражат пен олардың нақты мақсатқа жұмсалуы жайлы айтып берді.

— Алдағы үш жылға жоспарланған облыстық бюджет көлемі 44,9 миллиард теңге болса, оның 9,9 миллиард теңгесі өңірдегі құрылыс жұмыстарын жүргізуге бағытталып отыр. Оның ішінде 22 жоба ауыспалы нысан болса, алдағы жылдары облыста тағы екі жаңа мектептің құрылысы басталады. Денсаулық сақтау саласына 1,2 миллиард теңге бөлінсе, мәдениет саласына 597 миллион теңге қарастырылған. Ал спорт саласына бөлінген 1,7 миллиард теңге облыста жаңадан салынатын, сондай-ақ құрылысы аяқталмай қалған 6 нысанға жұмсалатын болады, — деген Н.Мақсатов алдағы үш жылда облыста салынатын құрылыстар мен әр салада атқарылатын жұмыстарға жеке-жеке тоқталып өтті.

Отырыс барысында облыстық мәслихат депутаттары су тасқынының алдын алу, қала көшелеріне суағарлар салу, шеткі аудандарға асфальт төсеу, құрылысы ұзаққа созылған  нысандардың мәселесін шешу, автокөлік жолдарының сапасын арттыру, аулаларды абаттандыру, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту, аудандардағы жас мамандарға жағдай жасау, оларға тұрғын үй беру, шаруаларға субсидия бөлу, т.б. өзекті мәселелерді көтеріп, жауапты басқарма басшыларына өз сауалдарын қойды.

Бұдан кейін отырыста облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 30 наурыздағы №5 «Облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамы туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралды.

Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бюджет қаржысы тиімді жұмсалуы керектігін, бұл ретте басқарма басшыларының жауапкершілігі жоғары болуы керектігін атап көрсетті.

Өкінішке қарай, бүгінде облыста шешілмей отырған мәселелер жетерлік. Алдағы уақытта біз осы мәселелерді бюджет қаржысын тиімді жұмсай отырып, шешуге тиіспіз. Мәселен, Мемлекет басшысының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесін 95 пайызға дейін жеткізу тапсырмасын орындау мақсатында биыл облысымызда жұмыстар жалғасады. Былтыр өңірімізде жалпы мөлшері 53,5 миллиард теңгеге 456,9 шақырым жол, 117 көше жөнделсе, биыл республикалық және жергілікті бюджеттен автокөлік жолдарын дамытуға 59,3 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр. Бөлінген қаражат аясында 177 жобаны іске асыру немесе 568 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда. Осы жұмыстардың нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автокөлік жолдарының үлесін 83 пайызға дейін жеткізуіміз қажет. Бұл жобалардың ішінде Ақтөбе-Қарабұтақ- Ұлғайсын республикалық автожолы басты назарда болады.  Сондай-ақ қала ішінде суағарлар салу мәселесі де қазір өзекті болып отыр, — деді А.Шахаров.

БАҚ өкілдеріне сұхбат берген облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваның айтуынша, биыл бекітілген бюджет өңірдің әлеуметтік қажеттіліктерін ескере отырып қарастырылған.

— Қаражаттың қомақты бөлігі мектептердің, жолдардың және азаматтарымыздың жайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ инфрақұрылымдардың құрылысына жұмсалады. Мәселен, бұл қаражатқа 22 білім беру нысаны, соның ішінде Әйтеке би ауданы Жүргенов ауылындағы 60 орындық мектеп-интернаты бар 270 орындық мектеп, Жарма ауылындағы, Ырғыз ауданының Құмтоғай, Мұғалжар ауданының Талдысай, Алтынды, Ащысай, Қандыағаш елді мекендерінде мектептер салынады. Хромтау, Ырғыз аудандары мен Ақтөбе қаласында бес жаңа білім ошағы салынады. Жаңа мектептер салу — еліміздің болашағына салынған инвестиция. Біз әрбір баланың қай жерде тұратынына қарамастан, сапалы білім алуына қол жеткізуге тырысамыз, — дейді Г.Сүйінтаева.

Оның айтуынша, қазір облыста денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, депутаттар Қарғалы тұрғын алабында 25 мың шақыртуға арналған жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясының құрылысына жобалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат бөлуге дауыс берген.

Осы жобаның арқасында жалпы саны 80 мың адамнан тұратын Ақжар, Заречный, Есет батыр және Ақшат тұрғындары үшін жедел жәрдем қызметі қолжетімді болады. Жедел жәрдем станциясының құрылысы келер жылы басталады, — дейді облыстық мәслихат төрағасы.

Белгілі болғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет елді мекендерді газдандыру деңгейін арттыру үшін республика бойынша қосымша 195 миллиард теңге бөлуді жоспарлап отыр.

— Осыған орай 18 елді мекенді газбен қамту үшін 729 миллион теңге қаржы қаралды. Қалған қаржы республикалық бюджеттен сұралады.

Сондай-ақ облысымызда спорттық нысандардың құрылысына да ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе құрылысы ұзаққа созылған спорт кешендерін пайдалануға беру — бүгінде депутаттардың басты назарында, — дейді Г.Сүйінтаева.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button