Басты жаңалықтар

КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫ: ЖАҒДАЙ БАҚЫЛАУДА

Әйтеке би, Байғанин, Темір және Мұғалжар аудандары су тасқыны қаупі бар аймақтарға жатады. Бұл туралы кеше облыс әкімі Асхат Шахаров көктемгі су тасқынына байланысты журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді.   

Облыс бойынша жағдай тұрақты, барлығы тікелей өз бақылауымда. Қазіргі таңда су басу қаупі бар төрт аудан — Әйтеке би, Байғанин, Темір және Мұғалжар өңірлерінде ауа температурасы көтерілді. Сондықтан қардың тез еруінің салдарынан судың көтерілуіне байланысты аталған аудандардағы кейбір елді мекендерге су кірді. Қазіргі таңда 650-ге тарта адам, яғни мамандар мен басшылар өңірлерде жағдайды бақылауда ұстап отыр. Егер жағдай күрделене түссе, онда 3000 адам бұл іске жұмылдырылатын болады. Қазір түскі сағат 12.00-гі жағдай бойынша облыста бірде-бір қауіп төнген аймақ тіркелген жоқ. Қажетті техникалар мен құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілді. Бірде-бір үй құлап, болмаса адам зардап шеккен жоқ.   

Кеше Ақтөбе қаласы аумағын түгел аралап шықтым. Қазіргі күні негізгі үш су қоймасын басты назарда ұстап отырмыз. Әзірге зерттеу нәтижелері бойынша ешқандай қозғалыс жоқ. Су жіберу жұмыстары сәуір айының басына жоспарланып отыр.  

Бүгін Темір ауданына барып, жағдайды өз көзіммен көремін. Төтенше жағдайлар министрлігінен келген өкіл және өзге де құрылым басшылары мен орынбасарларым да аталған ауданға барады, — деді А.Шахаров.

Журналистердің Ақтөбеге Маңғыстау облысынан арнайы құтқару жасағының жіберілгені туралы қойған сауалына аймақ басшысы:

Бұл — министрліктің шешімі. Әзірге олардың көмегімен ешқандай жұмыс атқарылған жоқ. Министрлік сондай шешім қабылдады, бірақ қазіргі таңда облысымызға оның еш қажеттілігі жоқ, — деді.

Аймақ басшысының айтуынша, «Қазгидромет» мекемесі ауа райына қатысты үш сағат сайын мәлімет береді. Соған байланысты жоспар құрылады.

Биыл облыста су тасқынының алдын алуға қатысты 1 миллиард 100 миллион теңгеге 17 жоба жасалды.  Егер осы жобалар іске асырылатын болса, су тасқыны қаупіне қатысты мәселені толықтай шешетін боламыз. Жалпы, жолды шаю, су деңгейінің көтерілуіне байланысты кезекшілік, әкімдік және төтенше жағдай қызметкерлері бірлесіп, тәулік бойы жұмыс жасайтын болады. Егер тұрғын үйлердің суға кету жағдайлары тіркелсе, төтенше жағдай жарияланбаған күннің өзінде ешкім көмектен тыс қалмайды, бәріне бірдей қолдау көрсетіледі, — деді Асхат Шахаров.

***

Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болат Серіковтің айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбе қаласы бойынша жағдай тұрақты, су сору жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ су бұру жұмыстары жүргізіліп, инертті материалдар қажеттілігіне қарай жеткізілуде.

Қала аумағында су тасқынына қарсы штаб құрылып, тәулік бойы жұмыс атқарылып жатыр. Дәл қазіргі күні қала аумағында су басу қаупі бар аумақтар жоқ. Себебі былтыр жыл соңында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Яғни дамбыларды кеңейту, арықтарды салу сияқты жұмыстар атқарылған болатын. Бау-бақша ұжымдарындағы, ойыста орналасқан үйлердің арасына қар көптеп жиналып қалған. Осындай аймақтарға су сору бригадалары барып, күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда қала аумағында 130-ға тарта ассенизатор техникасы осы іске жұмылдырылды. Бүгінде су тасқынына қарсы іс-шаралар қала ішінде жүргізіліп жатса, осыдан кейін бұл бағыттағы шаруалар далалық алқаптарда жүргізіледі, — деді Б.Серіков.

Оның айтуынша, қаладағы көп қабатты үйлердің ауласына жиналған қар суын сору жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға арнайы су сору, өзге де ауыр техникалармен қатар, мотопомпалар да тартылуда. Сондай-ақ ол өз сөзінде қалада осы мезгілде жыл сайын су көп жиналатын аумақтардың қатарында Есет батыр шағын ауданы сияқты жерлердің бар екенін атады.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.    

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button