Басты жаңалықтар

НАУРЫЗКӨЖЕ

Ұлыстың ұлы күнін қазақ наурызкөжесіз қарсы алмаған. Бұл ұлттық тағам келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде Наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленген. Халықтық дәстүр бойынша наурызкөжеге жеті түрлі дәм қосылады. Бірақ арнайы бір мәзірі жоқ. Әркім қолында бар тағамды қосқан. Тақ санын сақтап, көбейте беруге де болады.

Наурыз көжені халық арасында «тілеу көже», «көп көже» деп те атай береді. Үлкендер наурызкөженің түп мағынасы адамдарды татулыққа, бірлікке шақыру екенін айтады. Осыған қатысты мынадай аңыз бар екен.

… Ертеде ел арасы бүлініпті. Кішілер үлкендерді тыңдамай, ер азаматтар арасында келіспеушілік көбейді. Дәл осы уақытта әр жерден ақсақалдар жиналып, кеңес құрады. Жиын Наурыз мейрамына тұспа-тұс келеді. Олар ең үлкен қазанға жиналған қауымды тамақтандыратын ас пісіртеді. Тамақтанып болған соң ақсақалдар арасында ең беделдісі тұрып, былай депті: «Ит екеш иттің өзі, күшік кездерінде бір анадан сүт ішіп, бір-біріне туған бауыр екендерін сезінгендіктен, өзара тістесіп, таласу дегенді білмейді. Осы мейрамда біз де бір ананың сүтін ішкендей, бір қазаннан дәм таттық. Бүгіннен бастап ғасырдан-ғасырға туған бауырлар секілді бір-бірімізді құрметтеп, сыйлап өтейік!».

Осыдан кейін адамдар бұрынғы өкпе-реніштерінің барлығын ұмытып, қайтадан бірлікте және татулықта өмір сүрген екен.

Ертеректе әжелеріміз көжеге міндетті түрде арпа, бидай қосқан. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы — көктемде  адамның бойындағы дәрумендер қоры азайып, иммунитет әлсірейді. Ал арпа мен бидай қосылған наурызкөже бойға қуат береді, оны ішкен адам сергек жүреді. Білетіндердің айтуынша, арпаны жиі пайдаланатындардың қаны бұзылмайды екен. Ирак тәуіптері бұл дәнді «ғажап құтты дән» деп атаған. Көптеген ауруларға шипалы.

7 түрлі дәмді әркім әртүрлі таңдап пісіретіндіктен, әр үйдің наурызкөжесі әртүрлі болады. Біз жылдағы дәстүр бойынша мейрам қарсаңында ұлттық тағамды жыл сайын әзірлейтін, үлгілі отбасылардың отаналарын сөзге тартқан едік.

Сонымен…

Әсия апаның наурызкөжесі

Үлкен әулеттің шаңырағына иіліп, келіп болып түскеніне 42 жыл болған Әсия Хасенова — Наурыз тойында жыл сайын қазан көтеріп, көже асатындардың бірі. Әйтеке би ауданындағы Белқопа ауылында тұратын зейнеткердің наурызкөжесінің өзіндік дәмі бар. Ауылдағы ағайын мен көрші-көлем жыл сайын 22 наурыз күні Сағынкерей мен Әсияның шаңырағында бас қосып, наурызкөже ішуді әдетке айналдырған.

Көпбалалы отбасында туып-өстім. Үйде анамның жанында жүріп, үйренгенім көп болды. Кейін келін болып түскенде енеммен бірге тұрдым. Ол кісіден де өміріме азық болатын нәрселерді үйрендім. Мейрам сайын ет асып, көрші-көлеммен, ағайын-туманың басын қосу — сол аналарымыздан үйренгенімнің бірі ғана. Соңғы 10 жылдан бері наурызкөже жасауды әдетке айналдырдым. Мен бұл ұлттық тағамды анамның әдісі бойынша әзірлеймін, — деді ол.

Әсия апай өзгелер секілді етті қайнатып емес, алдымен қуырып алады екен. Жыл бойы тоқшылық болсын деген ырыммен міндетті түрде бидай қосатынын айтты.

— Алдымен ішмайды шыжғырып, етін салып жақсылап пісіреміз. Кейін су құйып, татымына қарай тұз қосамыз. Сөйтіп, етті жақсылап қайнатамыз. Ет пісуге жақындағанда қол келіге ұнтатып алған бидайды салып, бір қайнатып аламыз. Сосын мейіз бен тарыны қатар салып жіберемін. Содан кейін алдын ала иленген қамырды жайып, жеуге ыңғайлы пішінде кесіп, сорпаға саламыз. Дайын болған наурызкөжеге дәм беру үшін айран немесе сүт қосады. Мен қолдың сүтін қосамын, — деген Әсия апай көженің етін мол қылсаң, ерекше дәмді болатынын айтты.

Біз хабарласқан уақытта кейіпкеріміз немерелерін ертіп, ауылдағы Наурыз тойын тамашалауға бара жатыр екен.

— Тәуелсіздіктің арқасында соңғы жылдары Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып жүр. Қазір ауылда Ұлыстың ұлы күнін көше-көше болып атап өтуді сәнге айналдырдық. Қыстан аман шыққан ағайын бір-бірімен көрісіп, ата-әжелеріне еріп барған балалар үлкендердің батасын алып, наурызкөжеден дәм татады. Осындай татулық пен ауызбіршілікті көріп өскен бала жаман болмайды, — дейді Әсия Хасенова.

Ол жолдасы екеуі 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірген. Ұлы Абай мен келіні Қымбат қолында тұрады. Қолы берекелі, үйінен қонағы үзілмейтін ененің «мектебінде» тәрбиеленіп жатқан жас келіннің де үлкен шаңырақтың тұтқасын ұстайтын отанасы болары анық.

 

Балалық шақтың дәмі

«Көктем айы туып, Наурыз мейрамы жақындаған сайын балалық шағым көз алдыма оралады. Темір ауданының тұрғындары бұл мейрамды 14 наурыздан бастап тойлайтын. Кішкентай кезімде бұл күні анам мен жеңгелерім атам тұратын қара шаңыраққа жиналып, бауырсақ пісіріп, көже асатын. Бір ауылда тұрсақ та, мейрамда бауырлармен бас қосып, мәре-сәре болатын едік. Содан бері наурызкөже мен үшін балалық шақтың дәмі ретінде есте қалды», — деп бастады әңгімесін ақтөбелік келіншек Қарлығаш Жәумітова.

Кейіпкеріміз келін болып түскен елі де Амал мерекесін ерекше атап өтетін айтты.

— Ата-енем қазақтың ұлттық мейрамы Наурызды атаусыз қалдырмайды. Енем қазан көтеріп, мерекелік дастарқан жаяды. Ол кісі — өте шебер, ісмер адам. Наурыз тойы қарсаңында маған және немерелеріне ұлттық ою басылған қазақша киімдер тігіп береді. Мен түсетін жылы тіккен камзолы әлі күнге дейін сақтаулы, — деген Қарлығаш енесі екеуінің әдісі бойынша пісіріп жүрген наурызкөженің дайындалу барысын айтып берді.

— Анам бала күнімде наурыз көжеге салынатын әрбір тағамның өз мәнісі бар екенін айтатын. Сол сөздің есімде қалып қойғаны соншалық — әрқайсысын қазанға саларда іштей жақсы тілек тілеп тұрамын.  

Алдымен қазанға арнайы осы көже үшін сақталған сүр етті салып, бір қайнатып аламыз. Кейін көбігін алғаннан кейін бидай мен жүгеріні қосамыз. Бидай да, жүгері де етпен бірге өз бабында пісуі керек. Содан соң картопты шағындап турап, сорпаға саламыз. Бір қайнатып алғаннан кейін жайылып тұрған қамырды кеспе секілді етіп кесіп, қазанға саламыз. Татымына қарай тұз, азғантай мөлшерде мейіз қосамын. Барлығы пісіп болғасын, ең соңында бір шай кесе айран қосып, жақсылап араластырамын. Наурызкөжені осы әдіспен дайындап келе жатқаныма биыл 17 жыл болады. Отбасымыздың мүшелері де, мейраммен құттықтап келген ағайын-тума да мен пісірген көжені сүйсініп ішеді, — деді ол.  

Р.S. Наурыз — түркі халықтарының дәстүрлі мейрамы. Бұл мейрамды Ауғанстан, Иран, Әзірбайжан, Албания, Грузия, Қырғызстан, Македония, Түркия, Түрікменстан, Татарстан, Дағыстан және Өзбекстан мен Тәжiкстан елдері  атап өтедi. Мұсылман шығыс жұртының бірқатарында наурызкөжеге ұқсас дәм бар. Бұл күні тағамдар түрлі әдіспен әзірлегенімен, оны дайындаушы адамдардың тілек-мақсаты бір. Ол — елдің амандығы мен тыныштығы, отбасының берекесі.   

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button