Басты жаңалықтар

БАЛАБАҚШАДАҒЫ БЕРЕКЕСІЗДІК НЕДЕН?

Кейбір балабақшада бүлдіршіндерді тамақтандыру барысында тиісті санитарлық-гигиеналық талаптар орындалмайды. Күнделікті сатып алынған азық-түліктің ақпараты журналға жазылып, түбіртегі сақталуға тиіс. Бірқатар балабақшаларда ол тәртіп те ескерілмейтін болып шықты.

Мұндай жағдайда балаларға күнделікті қандай тағам беріліп жатқанын анықтау қиын. Ал енді бір балабақшада 57 бала үшін тамақ пісіретін ыдыстың көлемі 10-ақ литр екен. Тағы бірінің асханасында залалсыздандырғыш заттар болмаған?

Облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің ұйымдастыруымен өткен мониторинг барысында анықталған осы және басқа да кемшіліктер жөнінде сәрсенбі күні өткен кеңестің кеңейтілген отырысында айтылды. Жиынға облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.

Білім саласы мен жол саласында күрделі мәселелер бар. Халық оның шешімін бізден күтеді. Сондықтан нақты жағдайды біліп, анықтап, сол бойынша шаралар қолға алынуға тиіс, — деді облыс басшысы жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде.

Осы ретте облыстық қоғамдық кеңес мүшелері сарапшылар мен білім саласының мамандарын қатыстыра отырып, облыс бойынша  мектепке дейінгі 216 мекеменің жай-күйіне мониторинг жүргізіпті. Жиында оның қорытындылары жөнінде облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Тәттігүл Талаева баяндама жасады.

Мониторинг барысында біз балалардың қауіпсіздігі қарастырылып, бейнебақылаумен қамтылған, талаптарға сай жұмыс істеп тұрған мекемелерді де көрдік. Дегенмен көптеген кемшіліктер анықталды. Оларды үш топқа бөліп айтсақ: біріншіден, балабақшаның ғимараты талапқа сай келмейді; екіншіден, тамақ әзірлеу барысында санитарлық-гигиеналық талаптар, тиісті тәртіп сақталмайды; үшіншіден, рухани-эстетикалық тәрбие беру мәселесіне жеткілікті көңіл бөлінбейді, — деді Тәттігүл Талаева.

Мысалы, «Кенжегүл», «Ақбота» балабақшалары бұрын апаттық жағдайда деп танылған ғимараттарда орналасқан.

Ал тамақ әзірлеу барысындағы кемшіліктер көптеген балабақшаларда кездесіпті. Кейбірінде тамақ сақтайтын мұздатқыштардың уақтылы тазаланбайтыны анықталған, аспаздар да лас киіммен жүрген. Баяндамашы осыған байланысты көптеген балабақшалардың атын атай отырып, айтылған жайтты нақты фотосуреттер арқылы жеткізді. Оның айтуынша, тіпті суретке түсіріп көрсетудің өзі этикаға қайшы жайттар да кездескен.

Сондай-ақ бірқатар балабақшада рухани-эстетикалық тәрбие беру барысында сабақтар күнделікті кесте бойынша өткізілмейтіні анықталыпты. Мысалы, кестеге сай сурет сабағы өткізілетін мезгілде балалар ойнап жүрген, ал тәрбиешілер сурет дәптерін, бояулар не басқа да қажетті құралдарды көрсете алмапты, яғни олар мүлде жоқ болып шыққан.

Сонымен бірге көп балабақшада медбикелер де болмаған. Баяндамашы көптеген кемшіліктердің себебін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында балабақша ашқан кәсіпкерлердің баланың жағдайын емес, тек табысты ғана ойлап кетуінен іздеу керек деп есептейді. Мысалы, олар бала саны мен ғимарат ауданының, қызметкерлер санының сәйкес келуі керектігін, әр балаға кемінде 3 шаршы метр кеңістік тиесілі екендігін ескермей отыр.

Бұл пікірді облыс әкімі де қуаттады:

Кәсіпкер әр балаға бөлінген қаржыға табыс көзі деп қарамай, ең алдымен, ол қаржыны баланың игілігіне жұмсауға тиіс. «Балалар — біздің болашағымыз» дейміз. Балабақшаларда алдымен қауіпсіздік мәселесі ескеріліп, бейнебақылаумен қамтылуы қажет, — деді ол.

Сондай-ақ жиында Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Ырғыз жолындағы қыс кезіндегі қозғалыс мәселесі де талқыланды. Бұл мәселе бойынша тек өз жерлестеріміз ғана емес, көрші елдердің азаматтары арасынан да шағым айтушылар бар. Жиында жолды қысқы мезгілге әзірлеуге жауапты «Қазавтожол» және «Казахавтодор» кәсіпорындарының жұмысындағы кемшіліктер сыналып, соған байланысты Көлік министрлігіне 4 ұсыныс жолдау ұсынылды. Оның ішінде осы министрлік құзырындағы автомобиль жолдары комитетінің төрағасын «Қазавтожол» АҚ-ның техникалық базасына және жолдарды күтіп ұстау жұмысына бірлесе мониторинг жүргізу үшін Ақтөбеге іссапарға шақыру жөнінде ұсыныс та бар.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button