Спорт

ОТЫЗЫНШЫ МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫЛАРЫ ОЗДЫ

Ақтөбе қаласының 155 жылдығына және ел мәслихаттарының 30 жылдығына орай 8-11 сынып оқушылары арасында тоғызқұмалақтан қалалық біріншілік ұйымдастырылды.

Жарыс басталарда философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжанов Амал мерекесінің бірінші күнінде ұлттық зияткерлік спорт түрі — тоғызқұмалақтан, әсіресе жасөспірімдер арасындағы чемпионаттың басталғаны көңіл қуантатынын атап айтты.

— Тоғызқұмалақ — Ұлы даланың көне дәуірден келе жатқан зияткерлік ойындарының бірі. Оны «шопандар алгебрасы» деп бекер айтпаса керек. Ол халық даналығын көрсетеді. Тоғызқұмалақ ойыны ақыл-ойды дамытады, есептеуді үйретеді, адамның ой елегінен өткізу, талдау қабілетін арттырады, ми қызметін жақсартады. Бұл ойынның өскелең ұрпақты дамытудағы рөлі зор, — деді Алтай Тайжанов.

Қалалық мәслихат төрағасы Анар Даржанованың айтуынша, чемпионатта жеңілгендер болмайды.

— Кімнің жеңетіні маңызды емес. Ең бастысы, бұл күні ұлттық қазынамыз — тоғызқұмалақ ойыны жеңіске жетеді, — деді Анар Даржанова.

Қалалық чемпионатқа дейін әуелі Ақтөбе қалалық мәслихаты мен қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімі әр округ орталығында іріктеу турнирін өткізді. Осы кезде қалалық мәслихат депутаттары өз округіндегі мектептермен тығыз жұмыс жасады. Әр мектептің 8-11 сынып оқушылары арасынан тоғызқұмалақтан 2 ұл, 2 қыздан бір команда жасақталып, жалпы 81 мектептен 81 команда құрылып, іріктеу кезеңіне барлығы 324 оқушы қатысты. Мұнда бәсекелестерін жеңіп шыққан 17 команда ақтық кезеңге жолдама алып, Аmanat партиясының ғимаратында өткен қала чемпионатында бақ сынады. Олардың қатарында №2 мектеп-гимназия, №5 мектеп, Әл Фараби атындағы №21 мамандандырылған мектеп-гимназия, №23 мектеп-лицей, А.Байтұрсынұлы атындағы №24 лингвистикалық мектеп-гимназия, №30 қазақ орта мектеп, №33 орта мектеп, Smart Bilim мектеп-гимназиясы, №39 мектеп, №40 мектеп, Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназия, №45 мектеп, №46 мектеп, №56 мектеп, Д.Қонаев атындағы №60 мектеп-гимназия, №65 мектеп, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты бар.

Мәселен, Кеңес Нокин атындағы тұрғын алабындағы №65 орта мектеп өз округіндегі жеті мектептің арасынан жеңіске жеткен. Бұл жерде оқу жылының басынан бастап денешынықтыру пәнінің мұғалімі Ақорын Қабылғалымовтың жетекшілігімен тоғызқұмалақ үйірмесі жұмыс істейді.

— 2009 жылы университетті бітірген соң «Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен Қобда ауданындағы Көкүй ауылына бардым. Негізі, мен оқу орнында бокс және үстел теннисіне маманданғанмын. Ал зияткерлік ойынды тәжірибелі ұстаз Абат Қашаманұлы үйретті. «Артық болмас білгенің, болашақта бір қажетіңе жарап қалар» деп еді, қателеспеді. Үш жылдан бері Нокин елді мекеніндегі №65 орта мектепте жұмыс істеймін. Қыркүйек айынан бастап қосымша тоғызқұмалақ үйірмесін аштым. Үйірмеге екіншіден он бірінші сыныпқа дейінгі аралықта оқитын 60 оқушы қатысады. Жарыстардың барлығынан қалмауға тырысамыз. Жақында 3-сыныптың оқушысы Ақторғын Бөкенбай Ақтөбенің чемпионы атанды, — дейді Ақорын Қабылғалымов.

Облыстың бас жаттықтырушысы және осы қала біріншілігінің бас төрешісі Бауыржан Төлегеновтің айтуынша, чемпионат швейцар жүйесімен өтті: әр команда 7 ойыннан ойнады.

— Екі күнге созылған тартысты жарыстың қорытындысы бойынша №30 орта мектептің командасы жеңіске жетті. Екінші орынға №5 орта мектептің командасы ие болды. Үшінші орынды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясы иеленді. Бұл үш команданың топ жарып, алға шығуы заңдылық, себебі бұл үш мектептің командаларында жасөспірімдер арасындағы Қазақстан құрама командасында ойнап жүрген спорт шеберлері мен ойыншылары бар, — деді Бауыржан Төлегенов. Сондай-ақ жарыстың бас төрешісі Мақсұт Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының оқушылары да әдемі ойын өрнегін көрсеткенін айтты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Ақтөбе қаласының әкімдігі мен мәслихатының дипломдары мен медальдары, Кубоктары мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.

 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button