Басты жаңалықтар

АРТЫҚ БІЛІМ — КІТАПТА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында жастарды кітап оқуға баулу керектігін айтты. Бір қуантарлығы — қазір жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы жоғары. Кітапты талғап, таңдап, саралап оқи білу, оны ой елегінен өткізіп түйсіну, кітаптан алған білімді өмірде өз қажетіне жарата білу әрбір адамның білігі мен біліміне, пайымы мен парасатына байланысты.
Мемлекет басшысы құрылтайдағы сөзінде: «Кітапқұмарлық — жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы — кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», — деді.
Елімізде жыл сайын 23 сәуір Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні ретінде аталып өтіледі. Ал Ұлттық кітап күні атаулы даталар күнтізбесіне енгізілсе, бұл кітапхана қызметкерлеріне жігер мен тың идеялар әкелер еді. Нұрпейіс Байғанин атындағы балалар кітапханасында балалардың оқу мәдениетін қалыптастырып, кітап оқуға баулу мақсатында «Арман. Жігер. Жетістік», «Кітаппен бірге өсемін», «Мейірімділік және қамқорлық» және басқа да көптеген жобалар мен кітап фестивальдері ұйымдастырылып келеді. Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығының жоқтығы — түйткілді мәселенің бірі. Өйткені мектеп оқушылары кітап оқудың орнына интернетті шарлауды, теледидар көруді немесе компьютерлік ойындар ойнауды жөн көреді. Кітап оқу — сауаттылықтың көзі. Рухани кемелдену заманында әр адам үнемі ізденісте болып, кітап оқуға тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан бұрынғы құрылтай жиындарында Түрістанда заманауи кітапхана салу керектігін айтқан болатын. Бұл кітапхана тәулік бойы оқырмандарға қызмет етеді екен. Біздің өңірімізде де осындай зәулім кітапханалар бой көтерсе, оқуға құштар балалар мен жасөспірімдердің қатары артады деген ойдамын.

 

Эльмира КАШКЕНОВА,
Н.Байғанин атындағы облыстық
балалар кітапханасының директоры

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button