Басты жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөзі

«Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керек. Елімізде кәсіби археологтар тапшы, археологиялық қазба жүргізу үшін лицензия беру ісінде шешімін таппаған түйткілдер бар. Cоның салдарынан Қазақстанды археология саласындағы күмәнді адамдар жайлап алды. Олар құрылыс фирмаларына жекелеген жер телімдерінің тарихи-археологиялық маңызы жоқ деген жалған ғылыми қорытындылар беріп жүр. Осы қызметі үшін қыруар ақша алады. Дәл сол сияқты «қарақшы-археологтар» мәселесі де бар.

Соңғы жиырма жыл ішінде еліміздегі аса маңызды археологиялық ескерткіштердің көбі әбден тоналды. Тіпті, еліміздің аумағынан табылған құнды жәдігерлерді Қазақстандағы, шетелдегі жеке коллекциялардан және әлемнің әртүрлі мұражайларынан көретін болдық. Бұл мәселені шұғыл қолға алу керек. Атап айтқанда, археология саласына қатысты заңдарды жетілдіру, лицензия беру ісін реттеу және археологиялық қазба жұмыстарын заңсыз жүргізгені үшін жазаны күшейту қажет.

Тарихи-мәдени мұра санатына кіретін нысандарға реставрация жасау ісін ретке келтіретін шараларды күшейткен жөн. Тарихи жәдігерлерімізді шетел мұражайларынан Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру да маңызды. Ондай мүмкіндік болмаса, еліміздегі мұражайларға қою үшін жәдігерлеріміздің дәлме-дәл көшірмесін жасау керек. Әртүрлі фракцияның өкілі әрі Құрылтай мүшесі саналатын Мәжіліс депутаттары бұл мәселені шешуге күш-жігерін салады деп сенемін».

«Ендігі мәселе – ұлттық бірегейлігімізді нығайту. Мен «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ Әз-Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз.

Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз.

Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек».

«Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық.

Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет.

Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Сондай-ақ біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және Әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал етті. Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет.

Осы орайда Ясауи кесенесіне қатысты көне жәдігер туралы айта кеткім келеді. Ислам елдерінде әйгілі дін қайраткерлерінің бейіті міндетті түрде жапқышпен жабылады. Мәдинадағы Мұхаммед Пайғамбардың қабірі де осылай бүркелген. Бұл – Ислам өркениетінің дәстүрі. Ал қасиетті Түркістандағы Ясауи қабірінде көптен бері арнайы жапқыш жоқ. Талай заманнан келе жатқан көне жапқышты қалпына келтіру жұмысы біраз жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған. Мен құзырлы мемлекеттік органға осы құнды мұраны тезірек сапалы жөндеуден өткізіп, тарихи орнына қайтаруды тапсырамын».

«Біз халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керек. Қазақстан өзінің мемлекеттілігіне және қоғамдық моралына қайшы келмейтін діни наным-сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайды. Бірақ біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де!

Деструктивті насихаттарға біздің еліміздегі балалар да ілесіп кетіп жүр. Сондықтан мұның зардап-залалы өте зор болуы мүмкін. Таразы басында өскелең ұрпақтың рухани жағынан сау-саламатты болу мәселесі тұр. Біздің осыған қатысты ұстанымымызға саяси ахуал да, жер жүзінде сәнге айналған жаңа үрдістер де әсер ете алмайды.

Біз дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беруіміз қажет. Ислам қағидаларын өрескел бұрмалап, қатып қалған догма ретінде қабылдайтын отбасылардағы әйелдерді кемсіту, тіпті қорлау фактілеріне ерекше назар аударған жөн. Мұндай отбасылардың тұрмыс-тіршілігі ғылым мен техниканың жетістіктеріне толы XXI ғасырдың өмір салтына мүлде үйлеспейтін сорақы тыйымдар мен тәртіптерге негізделген. Кейбір адамдар әдейі кері кетуді қалап, орта ғасырларға тән ескі таным-түсінік пен іс-әрекетке бой ұратын сияқты көрінеді».

«Елімізде қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Ата жолын сақтаймыз десек, ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтайық. Дәстүрлі ислам – халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз. Жұртымыздың өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Біз осы мәдени кодымызды сақтап, бабалар жолымен жүруіміз керек».

t.me/aqorda_resmi

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button