Басты жаңалықтар

Оралбай КӘМЕТИЯҰЛЫ

Оралбай Кәметияұлы 1976 жылы Моңғолияның Баян-Өлке аймағындағы Өлгий қаласында дүниеге келген. Отбасы атажұртқа қоныс аударғаннан кейін, 1994 жылы Әйтеке би ауданының Ақкөл ауылында Абай атындағы орта мектепті бітірді. 1994-1998 жылдары Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыды.

Оралбай Кәметияұлы көптеген айтыстарда, сонымен бірге облыстық, республикалық жыр мүшәйраларында жүлдегер атанды. «Бір тал уық» атты алғашқы жыр жинағы 2009 жылы жарық көрді. «Өлең ұйқасының құпиясы» (2016 жылы) әдістеме құралының, «Қиын емес Р деген» атты балаларға арналған кітаптың (2016 жыл) авторы. Сондай-ақ өлеңдері ұжымдық жинақтарға да енген.

ҚР мәдениет саласының үздігі, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі.

Уақыт және Мен

Аяғына Ай мен Күнді байлап ап,

Жүгіреді уақыт бар күшімен.

Неше жылдық жоспарымды сайлап ап,

Мен де отырып жарысамын ішімнен.

Уақыттың жеткізбесі, ол — анық!

Біреу маған айтпаса да, түсінем.

Жеткізгені былай тұрсын,

қол алып,

санаспайды-ау кісімен.

Мен несіне райымнан қайтамын?!

Кездерім жоқ бұл жарыста қалғыған.

Уақыттан озатын сөз айтамын,

Уақыттың орап шығып алдынан!

 

Біздің жүрек

Аңғармай айтамыз ғой ауыз барда,

Тілдің нәрін таңдайға тамызды Алла.

Біздің жүрек батырдың жүрегі ғой,

Сыйып кете беретін жауыздар да.

Дауасы жоқ өмірде емделетін,

Бай-кедейдің барлығын тең көретін,

Біздің жүрек ғашықтың жүрегі ғой,

Сезім үшін серт беріп сенделетін.

Кезіміз бар көсемсіп бас болатын,

Қыран құстай қомдап ап қос қанатын.

Біздің жүрек сәбидің жүрегі ғой,

Бір ауыз мақтау сөзге мас болатын.

Аузын ашса көмейі көрінетін,

Көре тұрып өмірден жеңілетін,

Біздің жүрек қоянның жүрегі ғой,

Қатты соқса сауыты сөгілетін.

 

Бұл қоғамға

Бұл қоғамға… қажеті жоқ ақылдың!

Ақыл айтам деп қаншама аһ ұрдым?!

«Ақымақтық» әбден басқа тиген соң,

Енді ғана «ақылды» боп жатырмын.

Шыныменен, болған екем ақымақ,

Күн кешетін күйіп-пісіп, аһылап!

Жалған намыс, ар-абырой дегенді

Бір бұрышқа жиып қойдым сатылап.

Шамасын да білдім енді, дарынның.

Ақылсызын білдім кейбір ғалымның.

«Адам болып», ақыл басқа кірген соң,

Қамын ойлап жүрмін қазір қарынның.

Мүшкілдігін сездім енді, хәлімнің;

Соңынан бір еріп алдым залымның.

Түкке тұрмас, түлкі бұлаң, дүние-ай,

Түріңді ұқпай, қалай ғана жаңылдым?!

Нем бар еді… сын айтам деп шын айтып?!

Өмір мені қоюшы еді мұңайтып.

Ақыл жоқтан ақымақ боп жүріппін,

Өткен күннің өзі-дағы тұр айтып!

Алқымымды ноқта қыспай тұрғанда,

Алжасуға көп барыспай тұрғанда.

Ақыл қонып, ес жиғаным жөн бопты,

Шыбын жаным оққа ұшпай тұрғанда…

 

Көк аспаным

Ақша бұлттар ағады сеңдер құсап…

Жетіп алар жоқ, әттең, менде құшақ!?

Көк аспанға көз тіреп, ойланамын,

Алыстағы көрінер сендерге ұқсап…

Сағыныш пен арманның арасын-ай!

Ағы менен көзімнің қарасындай,

Қанат қаққан, қайтейін, бауырларым,

Көз алдымнан алыстап барасың-ай…

Еркелеткен, есейткен үлкендерім —

Таңда туған ақ Шолпан, Үркер ме едің!?

Сендер мынау өмірде болмағанда,

Жонда жалғыз жортудан үркер ме едім?!

Көкке қарап, тағы бір толастадым…

Көкке қолын создырған, көк асқарым!

Көктем келсе көзіме жас толады,

Сендер аман болыңдар, көк аспаным!

 

* * *

Эксперимент

Қоғамда мән қалмады:

Аю әкім болды,

ешкім таңғалмады.

Қарға бұлбұлдың фонограммасымен ән шырқады,

Ешкім аңғармады.

Сөйтіп, атақ-мансаптың бәрін алатын болды,

Тарихта қалатын болды.

Бұлбұл әтештің орнына азан шақырып жүр,

«Өз міндетін» қатырып жүр,

Қарғаны «күндесе», әуре болар шатылып құр.

Арғымақтар арбаға таңылды.

Жорға жүрісінен жаңылды.

Шабатын жері шамаланатын болғандықтан,

Мәстектер жарысқа салынды.

Жүйрікті арбаға жеккені — жылдам жеткізеді екен,

Бұлбұлға азан шақыртқаны — құлақтан өткізеді екен!

Арыстан мен төбетті торға қамап,

Қорқау шибөрілерге қора күзеттірді.

Бұғының мүйізі қисық екен,

Сиырға қарап түзеттірді.

Түйенің өркешін артық деді,

Шөктіріп қойып, тартып жеді.

Арыстанның күші кеткесін,

Арланның тісі кеткесін,

Орындарына қайта әкеп қойды,

Жаназасын шығарып, қазасын өтеп қойды.

Ал түлкілер орынбасар болып әлі жүр,

Оларға не болса да — бәрібір!

 

Мен

Мен түзде өрген тағының тарпаң төлімін.

Біртабан жақын, бөлтірігі десең, бөрінің!

Қамауда қалса, құздан да құлап қарғыған,

Құландай долы, қылғынып өлер қарғыдан,

Бұғалық кимей, булығып өскен бұламын,

Барымды салып, басыма сақтау қыламын!

Мен мекені бөлек Мұзарттан ұшқан түлекпін.

Қанаты қатты, топшысы болат, дүр екпін!

Өлексе көрсе, құзғындай торып қарамас,

Қырандай шолып, қанаты қатып қалған жас!

Қолыңа іліп, қолдана білсең, алмаспын!

Қолтығыңа кіріп, қолаңса иіскей алмаспын!

Мен Алтайдай асқақ, етегі елсіз еренмін!

Иірімге тартқан Ертістей түпсіз тереңмін.

Ашуы келсе, алшайтып аяқ бастырмас,

Қабағыңды аштырмас,

Арқадан соққан түтектей долы кереңмін!

 

Батқанына қарап тұрып…

Батқанына қарап тұрып аспандағы Күн, Айдың,

Ақ таңыма талап қылып жатсам-дағы мұңайдым.

Қалт-құлт еткен қарт анама қарап кейде жылаймын,

Жаратқаннан «Тағы біраз ғұмыр бер!» деп сұраймын.

Өтсе өтер өмір мынау, оны несін сынаймын?!

Онсыз-дағы өңі қашып, ескірді ғой шырайлым.

Анам байғұс баққан ұлдың үй болғанын бір көрсе,

Жарты әлемге сырын айтып, бір мақтанып үлгерсе!

Құзғын емес мың жасайтын, әрі кетсе жүз жасар?!

Содан кейін кәрі жолын егделіктің бізге ашар?!

Ұл үйленіп, бағы жанып, ұзатылар қыз-дағы;

Жалғыз ғана жарым қалар, жанымда боп, сырласар.

О, адамдар! Мен несіне біле тұрып мұңайдым;

Өздері де тұтылғанда аспандағы Күн, Айдың?!

Күні-түні толғағанмен, ойлағанмен үміт мың,

Құрығынан құтылмаспын қашсам-дағы Құдайдың.

Мені ойлантар егде тартқан алдымдағы қарт анам,

Жер бетінде бар ма, сірә, одан асқан мәрт адам?!

Сұрағаным — сәл азғантай алдарқатар бақыт қой,

Әзірше Ажал, сумаңдамай, құрығыңды тарт Одан!

 

Қағида

Шортан қарнын жарып ем,

Шабақ шықты ішінен.

Атпен арқар қағып ем,

Басына қонды күшіген.

Торы ала аттың жауырын

Топ сауысқан шоқып жүр.

Топас деген бауырым

Заң мектебін оқып жүр.

Шоқитындар көп екен,

Оқ таппадым атарға.

Ұры-қары жоқ мекен,

Көшіп келдім шаһарға.

Бір-біріне қол созып,

Қараспайды бұл қала.

Қызметіме таласып,

Жетіп келді бір бала…

Көретінім көп екен,

Қалай шыдап, беттесем?!

Жерде әділдік жоқ екен,

Көкке ұшып кетпесем!

 

Ертегінің авторлары — әжелер

Бір батырдың болғанынан сезе бер!

Ертегінің авторлары — әжелер.

Бір шындықтың ертегіде бары рас,

Бір ауыздан шығып алып, кезеді ел!

Кейіпкерін көре аласың көз жетсе,

Ертегінің мәні кетер өзгертсе.

Ол батырдың балалығы тым қысқа,

Сағат сайын өсе салар, тездетсе.

Жүрегінде мейірім мен ар бөлек,

Дүниені кезеді ол дөңгелек.

Ұйқысы мен аңқаулығы басымдау,

Сол себепті ақылы мол жар керек!

Аңқаулықтан басын соғар тасқа да,

Көмек берер әлсізге де, ашқа да.

Атағы да енді шыққан болғанмен,

Оны танып жатады ылғи басқа да.

Жауларынан жасқанбайды ол қырқысқан,

Оны жеңіп көрген емес бір дұшпан.

Қызғаныш па, күндестік пе, кім білсін,

Аяқ асты тап болады бір мыстан?!

Япыр-ау, бұл не деген сәйкесім?

Батырың да алмайды одан қайта өшін.

Жаман емес, сірә, мыстан кемпір де,

«Балам бол» деп, қинайтынын қайтесің?!

Ертегіні ебін кімдер ұқпайды?!

Жауын жеңсе, ойламайды түк қайғы.

Ертегі айтар әжелері болмаса,

Ертегінің батыры да шықпайды.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button