ҚАДІРІҢІЗ ҚАШПАСЫН!

Кейде бір кісілер туралы «ол қадірлі адам ғой» деген жылы лебізді естіп қалып жатамыз. Шынында да қадірлі адам деген кім?
Қадірлі адам болу үшін не істеуіміз керек? Бұл маңайда көп сауалды туындата беруге болады, бірақ нақты бір жауапқа тоқтала қою да қиын.
Әдетте кісі қадірін кім біледі?
Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы өзінің қарасөздерінің бірінде: «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады. Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады. Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады. Талаптың ішінде адам баласы көбінесе басына қадір іздеп, сол талапта болады» деп ой тастайды жалпы жұртқа.
Тағы да бір сауалдар туындайды. Басына қадір іздегенмен, ол кез келгенге табыла бере ме?
Өмірде өз қадірін түсірмей кеткен абзал адамдар аз емес. Олардың бірқатарын көзімізбен көрдік те, көрмеген адамдарымыз туралы аңызға бергісіз әңгімелер тыңдап өстік.
Өзіміз туып-өскен Шалқар өңірінде Жанаман ахун деп аталып кеткен ерекше ата ғұмыр кешіп, барша жұртқа үлгі болғанын білеміз.
Жанаман Сейтімұлы қаншама жылдар өтіп, замана ахуалы өзгеріп тұрғанымен есімі ескірмей, өнегесі көнермей, ел-халық жүрегінде жақсы аты жаңғырығып келеді. Ол Ордақонған деген елге белгілі мекенінде 1884 жылы дүниеге келген екен. Қазіргі Ақтөбеге жақын жердегі Хазірет ауылы аумағындағы Қия өзенінің бойында орналасқан медреседе он төрт жыл бойы дін сабақтарын қабылдайды. Одан кейін Хорезмге барып, сынақтан өтеді, имамдық атақ алады. Кейін елге оралып, мешітте бас имам болып, 1968 жылы дүниеден өткенінше діни қызметте болады.
Бұл арада мәселе — оның діни сауатында да, ғұламалық білімінде де емес. Көпшілік құрметтеген кісілігі ол адамды айналасына қадірлі еткен. Көзкөргендердің айтуынша, атаға сәті түсіп үйінен қонақасы берген жандар төбесі көкке жетіп, қуанып жүретін болған. Өйткені сол күні дастарқан басында салиқалы әңгімелер айтылады, тәрбиелік мәні зор мысалдар сөз арқауына айналады. «Жанаман ахун айтты» деген ғибратты сөздер әлі күнге дейін айтылады ел ішінде.
…«Қарнымның ашқанына емес, қадірім нің қашқанына жылаймын» — депті деседі ертеректе бір жетім бала.
Жалпы, қазақта қадірі жоқтықтың әңгімесі көп айтылады.
Амандықта қадір жоқ — алдырған күнде білерсің. Денсаулықта қадір жоқ — ауырған күнде білерсің. Қолда бар жақсының қадірі жоқ — айырылып өлген күні білерсің.
Мұның барлығы тіршілік тағылымдарынан алынған тәмсілдер.
Жақында белгілі жазушы Жолтай Әлмашұлының «Кісі қадірі» деп аталатын ой салар әңгімесіне көзім түсті. Оның кейіпкері былай деп толғанады: «Ақыл тезіне салып байқашы, мына заманда кісінің кісіге қадірі жоқ деп жатамыз. Рас, екінің бірі бір-бірін бағалай алмайды. Асылды жасық дейді! Мықтыны осал дейді! Ойлыны ойсыз дейді! Парасаттыны парықсыз деп жатады…
Бірақ тап осы бағалау барлық уақытта дөп тиіп жата ма? Әлбетте, жоқ. Неге? Өйткені әр адам басқаны өз деңгейімен, өз биігімен бағалайды. Өзінің өресі қандай дәрежеде, міне, соның айналасынан шыға алмай жатады. Демек, барлық уақытта барша бағалауларға сын көзімен қарап үйрену ләзім».
«Сөз қадірі — өз қадірің» деген тағылымды да жиі естіп жүрміз. Жүйелі сөздің жүйесін табатындығына бағыттап айтылған, артық сөйлеп, абыройыңды кетірме деген астарлы пәлсапа жатқан жоқ па бұл жерде?!
«Жақсының қадірін жақсы білер» дейді халқымыз.
Шама келгенінше бір-біріміздің қадірімізді біліп жүрейікші!
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
«Ақтөбе»



