Басты жаңалықтар

НАУРЫЗНАМА: ҰЛТТЫҚ МЕЙРАМНЫҢ ЖАҢАША СИПАТЫ

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде Наурызнама тұжырымдамасы бекітілді. Аталған тұжырымдама негізінде Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы елімізде 14 наурыздан бастап тойланатын болды. Көрісу күнінен бастау алатын мерекелік іс-шаралар 23 наурызға дейін жалғасады. Әрбір күн белгілі бір тақырыптық негізге бекітілген. Ең бастысы, он күн бойы өтетін салтанат ізгі амалдарға, мәдени сауық кештер мен әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді дәріптеуге арналмақ. Ұлық мереке біздің өңірде қалай аталып өтеді? Онкүндікке қатысты құзырлы орган өкілдерінен сұрап білген едік…    

 Тұжырымдама және жаңарған мейрам

 Жаңа тұжырымдаманың мақсаты — Наурыз туралы бұған дейін қалыптасқан түсінікті түбегейлі өзгерту емес, көне мерекенің бастапқы мәнін қайтарып, оның қыр-сырын толық ашу. Мейрамның түп мәні — қоғамның бірлігі мен сергектігін арттырып, әр адамды ел мүддесіне пайдалы іс тындыруға ынталандыру. Мұның бәрі халқымыздың дүниетанымымен, ұлттық сана-сезімімен және игі өзгерістерге деген ұмтылысымен үндес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін талай мәрте Наурыз мерекесінің форматын жаңғырту қажеттігін ортаға салғанда, азаматтардың күнделікті өміріне шуағын төгер жаңа рухани тірек іздеген жалпыұлттық сұранысты ескерді.

Ежелден Наурыздың түрлі дін мен этнос өкілдерін біріктіретін қасиеті мәлім. Мемлекеттің қолдауымен, нақты тұжырымдама аясында мазмұны жаңарған мерекенің қадір-қасиеті енді бұрынғыдан да арта түспек. Тұжырымдамада  Наурызды мерекелеудегі реформаторлық тәсілдің негіздемесі үш кезеңмен дәйектелген. Ол — кеше, бүгін және келешек.

Ұлы далада жаңа жыл мерекесі 8-9 күнге созылғаны және «Наурызнама» деп аталғаны ескеріліпті. Бұл туралы шығыстың көрнекті ойшылдары Омар Хайямның, Махмұд Қашқаридің, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезов сияқты басқа да ғұламалардың еңбектері басшылыққа алынған.

Береке-бірліктің бастауы

 Наурыз — ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға негізделген, көктемнің келуін, жаңа жылдың басталуын бейнелейтін басты мерекелердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Наурыз — ағайынды бауырмалдыққа, көрші-қолаңды татулыққа шақыратын береке-бірліктің мерекесі. Бұл туралы Ұлы Абай «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп жырлаған. Бұл мейрамды халқымыз тұтас ел болып, бір ұлт болып түгел тойлайды. Яғни Әз Наурыз — нағыз халықтық мейрам. Бауырмалдық, жанашырлық, сыйластық, отаншылдық сияқты қасиеттің бәрі осы ұлық мерекеде көрініс тапқан. Біз — ата жолын жалғаған жұртпыз. Әз Наурыз — жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы. Жылдың бұл мезгілі — күн мен түн теңеліп, жер жүзі қайта түлейтін шақ. Сондықтан ата-бабамыз ежелден шуақты көктем мерекесіне айрықша мән берген, оны Ұлыстың ұлы күні деп ұлықтаған», — дейді.

Атақты ғалым, шайыр және ойшыл Омар Хайям өзінің шығыстық күнтізбеге ғылыми негіздеме берген «Наурызнама» атты еңбегінде былай деп жазады: «Үлкен жылдың төрт бөлігі аяқталған кезде үлкен Наурыз туады, сол кезде әлем жаңарады. Бұл кезде патшалардың дәстүрі бар — жыл басында олар бата беру, күнді белгілеу, шаттыққа бөлену рәсімдерін өткізуге тиіс. Наурыз күні сауық-сайран құрып, қуанышқа бөленген адам келесі Наурызға дейін қуаныш пен шаттықта өмір сүреді. Патшалар үшін бұл дәстүрді ғалымдар бекітіп берген».

Қазақ даласында Наурызды сегіз күн тойлаудың салты мен тәжірибесі туралы белгілі этнограф, ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің «Наурызнама» атты еңбегінде былай деп баяндайды: «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы — Наурызнама… Қайда атақты, асқан бай бар болса, Наурызнаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында Наурызнаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен». «Наурыз туғанда хандар мен сұлтандар тұтқындарға кешірім жасайды, зынданда отырғандарды босатады, құлдар азаттық алады, сол себепті «Самарқанның көк тасы жібіді» делінеді».

Көктем мерекесін тойлаудың тарихына осылайша шолу жасалған Наурыз тұжырымдамасында халқымыз үшін бірлік пен ынтымақтың және ежелден қалыптасқан ұлттық салт-дәстүрлердің қадірі айрықша болғаны айтылады.

«Наурыз — еңбек мерекесі, яғни еңбек адамының құрметі биік болуға тиіс. Бұл — жаңару мен жаңа бастамалар күні. Адал еңбек, оны әділ бағалау мен адал еңбектің нәтижесінде табысқа кенеліп, бақуаттылыққа жету қазіргі қоғам үшін шынайы құндылықтар саналады. Бұл мерекенің мәні қазіргі Қазақстан халқына тән басты құндылықтардан құралған деуге болады. Қазақстанның қазіргі тарихында Наурыз толыққанды трансформацияларға қарқын берген жаңа саяси дәуірдің басталуын білдіреді. Табиғат жаңаруындағы жаңа циклдің басталуын Қазақстан дамуындағы жаңа кезеңнің басталуымен салыстыруға болар.

Осылайша қоғам жаңа жылды баршамыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, мықты және әділ мемлекет құрамыз деген үмітпен бастағалы тұр», — делінген Наурызнама тұжырымдамасында.

Үш қызғалдақ — Наурыздың жаңа символы

 Мерекенің жаңарған мазмұнының көрінісі ретінде және оның қоғамды біріктіруші рөлін арттыру мақсатында Наурыздың бірыңғай логотипі бекітілді. Наурыздың бірыңғай логотипі — үш қызғалдақ арқылы бейнеленген. «Ата-бабаларымыз ежелден қызғалдақты қастерлеп, оны жұмақ гүлі деп санаған. Қызғалдақты көктеммен, махаббатпен, құнарлылықпен, өмірдің жаңаруы мен тіршіліктің мәңгілік циклімен байланыстырады. Сондықтан бұл таңғажайып гүл — Ұлы дала мерекесінің басты символы», — делінген тұжырымдамада.

Бірқатар зерттеушілердің пікірінше, ел аумағы қызғалдақтың шығу және таралу орталығы саналады. Ғылыми деректерге сәйкес жабайы қызғалдақ осыдан 10 миллион жыл бұрын Қазақстанның оңтүстік аумағында пайда болған.

Қазір еліміздің аумағында қызғалдақтың 35 түрі өседі, олардың 18-і Қызыл кітапқа енгізілген. Ерекше қызғалдақ түрлерінің ішінде Грейг пен Кауфман сорттары да бар.

«Логотиптегі үш қызғалдақ бейнесі қазақ халқы үшін қасиетті ұғымдарды меңзейді. Бұл көшпенді халықтың  дүниетанымына, оның әлемдік құрылысқа деген ерекше көзқарасына байланысты. «Үш» саны қазақ үшін қасиетті саналады: үш жұрт (жігіттің өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты), үш ғайып (ажал ғайып, қонақ ғайып, несібе ғайып), үш қуат (ақыл, жүрек, тіл) және басқалары. Үш қызғалдақ уақыттың үш кезеңінің (кеше, бүгін, ертең) ажырамас байланысын, тарихымыз бен мәдениетіміздің қазіргі және болашақтағы мұрасын, сондай-ақ туған табиғатқа деген терең құрмет пен үздіксіз кемелденуге деген ынтаны кескіндейді… Наурыздың бірыңғай логотипіндегі үш қызғалдақ Қазақстанның өткенін, бүгінін және болашағын бейнелейді», — деген тұжырымдамада ұлы философ Әбу Насыр Әл-Фарабидің «өткенді, тарихты білмей, қазіргі шақты білу, болашақты болжау қиын» деген сөзі басшылыққа алынған. 

Логотипте қолданылатын түстер мен реңктер Ұлы даланың байлығын, оның алуан түрлілігі мен ырыс-берекесін, халқымыздың күші мен қуатын, ұлттың болашақ өзгерістерге деген оптимистік көзқарасын білдіреді. Жасыл түс өмірді, өсуді және жаңаруды білдіреді, ал қызғылт сары түс таң шапағының сұлулығы мен таңда туар шабытты білдіреді.

 

«Жаңа күннің» халықаралық дәрежесі

Жалпы, адамзат тарихында көктемді табиғат жаңаруының бастауы ретінде қарсы алу дәстүрі бұрыннан бар. Тарихи деректерге сәйкес Наурыз мейрамы — осыдан 5 мың жыл бұрын пайда болған әлемдегі ең көне мерекелердің бірі. «Наурыз» парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді.

Наурыз мемлекеттік мереке ретінде Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркияда атап өтіледі. Бұл мерекенің географиялық ауқымы өте кең, ол — ежелден көптеген халықтар үшін өмірлік циклдің жаңаруын тойлаудың символы.

2009 жылы Наурыз ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілді. Ал 2010 жылдың 23 ақпанында БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп жариялады.

Онкүндік және оң қадам

Биылдан бастап 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ең жақсы адами қасиеттерді — ашықтықты, шынайылықты, жауаптылықты, қайырымдылықты ашуға бағытталған. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналады.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, мерекелік онкүндік Амал мерекесінен басталады.

Бұл күні жасы үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсету, қонақ күту, мейраммен құттықтап, ізгі тілек жаудыру салты қалыптасқан. Амал мерекесінің мәні Наурызбен біте қайнасқан, себебі бұл күн — Наурыздың алғашқы хабаршысы. Бұл күн барлық реніштерді ұмытып, айналамыздағы адамдарға шынайы мейірімділік көрсетуге шақырады. Бұл орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Амал» біздің ұлттық бауырмалдығымыз бен мейірімділігіміздің көрінісі екенін айтады. Наурыз мейрамын тойлауға бағытталған «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес облысымызда онкүндіктің арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Көрісу күні — Амал мерекесі Ақтөбе қаласы мен аудандарда кең көлемде аталып өтпек. Сондай-ақ бұл күні әлеуметтік желілерде түрлі тақырыптық және әлеуметтік бейнероликтер таратылып, қоғамға танымал, облыстың дамуына үлес қосқан аға буын өкілдеріне құрмет көрсетілмек, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, бұл күні облыста «Black Friday» форматы бойынша сауда орындарында жаппай сатылымдар мен жеңілдіктер ұйымдастырылмақ.

Қайырымдылық күні

«Мейірімділік пен жанашырлық кезеңі» тақырыбына негізделген онкүндіктің екінші күні қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылмақ. Басқарма өкілдерінің айтуынша, аймақта бұл күні әлеуметтік игі істер марафоны өткізіледі. Яғни қарттар үйі, дағдарыс орталықтары мен жетім балаларға арналған мекемелерде осындай іс-шаралар ұйымдастырылып, көпбалалы отбасыларға құрмет көрсетілетін болады. Сондай-ақ бұл күні мұқтаж жандарға жеңілдетілген жолмен әлеуметтік баспана кілттері де тапсырылмақ. Ұдайы қайырымдылық істердің басы-қасында жүретін азаматтар мен еріктілер де дәл осы күні назардан тыс қалмайды. Ақсақалдар мен көпбалалы аналарға, түрлі салада жетістікке жеткен еңбек адамдарына ауызашар беру де жоспарланған.

Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

Елімізде 16 наурыз — «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» тақырыбында  аталып өтпек. Ұлттың «мәдени коды» негізінде бұл күн мәдениет, өнер мен ұлттық салт-дәстүр насихатына арналатын болады. Алтынай Юнисованың айтуынша, облыстың мәдениет ұйымдарында мерекелік марафон — халықтың кең тараған салт-дәстүрлері — тұсаукесер, баланы бесікке салу, беташар сияқты түрлі жоралғылар жасалады. Кинотеатрлар мен кинозалдарда ұлттық кино апталығын ұйымдастыру да іс-шаралар жоспарына енгізіліпті. Сондай-ақ қазақстандық авторлардың, суретшілер мен мүсіншілердің туындыларының тұсаукесерлері, қолөнершілер жәрмеңкесі, ұлттық тағамдар фестивальдері ұйымдастырылатын болады. Мамандардың айтуынша, бұл күнге негізделген тақырыптық іс-шаралар ата-бабамыздың рухани-практикалық және мәдени тәжірибесін еске түсіріп, одан сабақ алуға мүмкіндік береді.

Шаңырақ күні

«Шаңырақ күні» тақырыбында ұйымдастырылатын іс-шаралардың бәрі 17-наурызға жоспарланған. Бұл күн сүйіспеншілік, құрмет, сенім, өзара көмек, мейірімділік, жанашырлық, анаға құрмет және ұрпақ сүю сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналады. Басқарма өкілдерінің айтуынша, жексенбіге тұспа-тұс келген күні облыста ұлттық киім киген жастардың неке қию салтанаты ұйымдастырылып, «Наурыз бата» беру рәсімі өткізіледі. Сондай-ақ бұл күні елу жыл отасқан отбасылар арасында «Алтын шаңырақ», ширек ғасыр бірге тұрған жанұяларға арналған «Күміс кереге» байқаулары ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар жаңа туған нәрестелердің ата-анасына «Наурыз-базарлық» үлестіріліп, Наурыз логотипі бар естелік сыйлықтар да түрлі іс-шаралардың шырайын келтірмек. Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша,  Шаңырақ күні елдегі жас ұрпақты тәрбиелеу ісін дұрыс жолға қойып, олардың бойында патриотизм, адамгершілік, білімқұмарлық пен еңбекқорлыққа деген құштарлықты қалыптастыруға сеп болады.

Ұлттық киім күні

Ұлттық киімге арналған 18 наурыз — ата-бабамызды, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарымызды еске алатын ерекше күн болмақ. Бұл күні облыста ұлттық киім үлгілерінің көрсетілімі мен фестивальдер өткізіліп, танымал мәдениет қайраткерлерінің, артистердің, спортшылар мен блогерлердің және басқаларының қатысуымен «Ұлттық киім күні» тақырыптық челлендждері ұйымдастырылмақ.

Жаңару күні

Онкүндік аясында «Жаңару күні» тақырыбына арқау болатын іс-шаралар 19 наурызға жоспарланған. «Жаңа көшеттер — жаңа идеялар — мемлекет дамуындағы жаңа кезең» деген мәнге негізделген ағаш отырғызу ақиялары дәл осы күні ұйымдастырылады. Бұл күні айналаны абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек. Жаңару күні барша азаматтарды ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге және ынтымақта болуға үндейді. Бұл күн ел өмірінде және әрбір қазақстандықтың өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Бұл — алға жаңа мақсат қойып, жаңа жобаларды бастау, елдің жаңа басшылығының саяси ерік-жігері мен прагматикалық ұстанымының арқасында өмірді жақсылыққа қарай өзгерту туралы шешім қабылдау уақыты» делінген Наурызнама тұжырымдамасында.

Ұлттық спорт күні

20 наурыз — Ұлттық спорт күні. Бұл күні қала және аудан тұрғындарының қатысуымен түрлі спорттық шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Атап айтсақ, ат жарыстары, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, асық ату, тоғызқұмалақ, садақ атудан жарыстар ұйымдастырылады. Ұлттық спорт түрлері мәдени мұраны сақтауға, жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін күшейтуге ықпал етеді. Бұл мереке біз үшін бірліктің символына айналып, әр азаматтың өз елі үшін мақтанып, адами-рухани қасиеттерді дамытуына мүмкіндік береді, — деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мамандары.

 Ынтымақ күні

  21 наурызда елімізде жалпыхалықтық бірлік марафоны аталып өтеді. Онкүндіктің осы күнінде жалпыұлттық телемарафон ұйымдастырылып, өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен танымдық іс-шаралар, кездесулер, дөңгелек үстелдер, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар жақын шетелдердегі шеберлердің қатысуымен көрме-жәрмеңкелер де өткізілмек. Бұл күн өткенді еске түсіруден, ата-бабамыздың қазіргі уақытты қалыптастыруға және сақтауға қосқан үлесінің маңыздылығын түсінуден тұрады.

Жыл басы

22 наурыз — «Жыл басы». Тұжырымдамада «Бастауға оралу» атауына негізделген бұл күн — халқымыздың дәстүрлері мен құндылықтарына қайта оралудың символы әрі жаңа тарихи кезеңді бастауға дайындық екені айтылады.

Облыстың барлық аумағында этноауылдар ашылып, дәл осы күні ұлттық мәдениеттің байлығы паш етіледі. Бұл күні біз ата-баба әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін тамашалап, өткеннің рухын сезінетін боламыз. Ақтөбе қаласы мен аудандарда «Наурыз нақышымен» безендірілген «Ең тартымды үй», «Ең таза подъезд», «Наурыз стилімен безендірілген ең әдемі көше» халықтық байқауларды ұйымдастыру  осы күнге жоспарланған.

Тазару күні

Онкүндіктің соңғы күні «Тазару» тақырыбындағы іс-шараларға бағытталмақ. Бұл күні облыс территориясында жаңа жылды жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жалпыұлттық экологиялық акция өткізіледі. «Тазалық эстафетасы» аясында бұлақ көздерін ашу, аулаларды қардан, қоқыстан тазалау іс-шаралары да аймақта белсенді жүргізілмек.

Әзірлеген Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button