Наталья Бандровская: «РИКАНЫ» өзімнен де қатты жақсы көремін…
Мерей
Қалалықтардың сүйікті телеарнасы «РИКА-ның» көрермендердің көзайымына айналғанына 20 жыл болды. Осы атаулы мерейтойға байланысты телеарнада болып, ұжымын және басшысы Наталья Бандровскаяны сөзге тартқан едік.
Наталья Бандровскаяның телеарна тізгінін қолына алғанына тоғыз жыл болыпты. Білгір мамандар мен мықты журналистер құрамы салған сара жол бүгінде нығайып, қаладағы нөмірі бірінші телеарнаға айналды.
— Мен ақпарат алаңына тосыннан келдім. Негізгі мамандығым — оқытушы болып біраз жыл кооперативтік техникумда жұмыс істедім. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде тығырықтан шығуға мүмкіндік іздедік. Сол кезде басқа салаға кетуге мүмкіндіктер болды. Бұрыннан өз ісімді ашуды ойлап жүрген болатынмын, негізінен, «Мәртебелі ханымдар мектебін» ашқым келді. Ол ойым жүзеге аспаған соң, радио ашудың реті түсті. Кейін «Автограф» газетін жарыққа шығардым. 2002 жылы «РИКА» телеарнасын сатып алдым. Бәрінің басын біріктіріп, «РИКА» медиа тобы құрылды. Қазір телеарнаның жағдайы жақсы. Ұжым алмасты. Басында істі бастаған білгір мамандардың көбі кетіп қалды. Олардың бір шеті Мәскеуде болса, соңы Астана, Алматы қалаларындағы беделді телеарналарда қызмет етіп жүр. Бүгінде біздің жоғары оқу орындарымыз кәсіби журналистерді, бейне инженерлерді, операторларды, редакторларды, режисерларды, жүргізушілер мен дикторларды даярламайды. Сондықтан жаңадан келген мамандарды өзіміз үйретеміз. Талабы бар жай ғана адамды танымал жүргізуші немесе журналист етіп шығаратын жақсы мектебіміз қалыптасқан.
— Тосыннан келіп журналистік саланы меңгеру, оның қыр-сырын түсіну қаншалықты қиын болды?
— Мен о баста-ақ, журналист болуды армандағам. Мектеп бітірген соң Мәскеуге оқуға түсуге барғам. Журналистика факультетінде адам өте көп болды, әрі конкурстың талабы да жоғары еді. Кейін мәдениет институтына құжаттарымды тапсырып, оқуға түстім. Сол кезде тұрмыс құрудың да реті келіп қалды, ал болашақ жарым менің Мәскеуде оқуыма қарсы болды. Сөйтіп, Ақтөбеге қайтып келіп, осындағы педагогикалық институтта оқыдым. Әкем белгілі педагог болатын, соның ықпалы тиген болар…
Мен «РИКА» телеарнасына келгенде өзімді болып-толған басшы ретінде сезінбедім. Осы салада аз да болса тәжірибесі бар адам ғана едім. Кейін бәрін меңгердім. Бұл бір жағынан бизнес болғандықтан, күндіз-түні ұйықтамай жұмыс істеуге тура келді. Бәсекелестік бүйіріңнен түртіп тұрғанда, қатардан қалмай, қалай да алда болуды ойлайсың. Ұжым жақсы болды. Көптеген жаңа техника сатып алдым. Технологияның күнбе-күн дамып, өзгеріп жатқан уақыты.
Қазірде Құдайға шүкір, барлық телеарналардың алдында келеміз. «Гаут Медиа» атты тәуелсіз ұйым бар. Ол барлық телеарналардың рейтингін анықтап, жылда сауалнама жасайды. Соның нәтижесі бойынша Қазақстандағы арналардың арасында «РИКА» соңғы екі-үш жыл бойына алдыңғы қатарда келеді. Бұл — үлкен жетістік.
— Республика бойынша алдыңғы қатардамыз деп өзіңіз айтқандай, болашақта барлық елге шығу ойыңызда жоқ па?
— Оған көп қаржы керек. Сонымен қатар, мүмкіндігіміз де жоқ. Лицензия керек. Ал қалалық телеарнаға рұқсат бермейді. Мүмкін сандық желі іске қосылған кезде шығып та қалармыз. Ол да ойда бар. Қазірдің өзінде біздің бағдарламаларымызды республикалық арналар сатып алады. Олардың сұраныстары бойынша да жұмыс істейміз. Мәселен, халықаралық «Рейтер» агенттігі біздің жаңалықтарымызды пайдаланады. Тапсырыс беріп, қаржы бөліп жатқандар бар. Жергілікті әкімшілік те арасында тапсырыс береді. Негізінен өз қаржымызға өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі күні шығармашылық ұжым да, техниктер де өте мықты, өз ісінің білгір мамандары. Мен барлығын бақылап отырамын. Жаңалықтарды екі тілде де қадағалаймын. Тіпті, түннің бір уағында тұрып алып, теледидар қараймын. Кемшіліктер болса, ертеңіне келіп айтамын. Сондай-ақ бәсекелестерімнің де не көрсетіп жатқанын қарап, салыстырамын.
Өзім жазбасам да, жүргізушілер мен операторлардың, режиссерлер мен редакторлардың қателерін бірден байқаймын.
Бізге келген мықтылар өседі, талаптары барларын үйретеміз, баулимыз. Ал нашарлар жұмыспен қош айтысады. Мен негізінен жазалауды ұнатпаймын, бірақ жұмыс болған соң ондай-ондай болып тұрады. Жақсылықтары үшін сыйақы беруді де ұмытпаймын. Ұжымда бәрі мені «мама» дейді…
Мен үшін адамдармен жақсы қарым-қатынас бірінші орында, сосын бизнес, ең соңында саясат.
— «Телеарна жақсы деңгейге менің арқамда жетті» деп айта аласыз ба?
— «РИКА-ны» мен алған кезде техникалық жағынан әлсіздеу болды. Бірақ шығармашылық ұжым өте мықты еді. Жиырма жылдық мерейтойға олардың бәрін шақырып жатырмын. Мәскеуден, Санкт-Петербургтан келе жатқан қонақтар бар. Мәселен, олар бастаған «Просто мы» бағдарламасы әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Бір бағдарламаның ұзақ уақыт бойы өмір сүруі сирек кездеседі. Қазірде 15-ке жуық қазақ тіліндегі бағдарламаларымыз бар. Кинолар мен деректі фильмдерді қазақшаға өзіміз аударып, дубляж жасаймыз. Оған рұқсат алдық.
Қандай ұжым болмасын басқарушысына байланысты. Мен өз ісіме берілгендігім соншалық, «РИКА-ны» өзімнен де қатты жақсы көремін. Жаңа бастамадан, жаңалық ашудан қорықпаймын. Ақшаны да «ойнап жүріп табамын» десем болады.
Тек бір осал тұсым денсаулығым сырбергіш. Екі-үш ай сайын демалыс орындарына барып, ем алып, күш жинап қайтамын.
— Қазақшаңыз қалай?
— Қазақша білмеймін. Бірақ қазақ тілінде жүріп жатқан жаңалықтарды түсінемін. Кімді орнынан алды, кімді тағайындады деген өзгерістер болса, бірден түсіне қоямын. Бірақ неміс тілін жақсы білемін. Шетелге шыққанда немісше сөйлеймін. Себебі әжем — немістің қызы.
— Отбасы, отағасы сіздің белсенді тірлігіңізге қалай қарайды?
— Отағасы — өте тамаша адам. Өзі дәрігер болғандықтан, менің денсаулығыма алаңдаушылық білдіріп, жұмыстан шаршап келгенімде қан қысымын өлшеп, кеңес береді. Екеуміз бір-бірімізбен шүйіркелесіп отырып, ас ішеміз. Ол мені түсінеді. Қызметіме кедергі келтірген емес. Бірақ екеуміздің арақатынасымыз бірден осындай болды деп айта алмаймын. Басында ұрыс-керіс, келіспеушіліктер болды. Бала тәрбиесіндегі көзқарастарымыз да әр түрлі болатын. Кейін балалар өсіп, үйде тек екеуміз ғана қалған кезде бір-бірімізге қолдау көрсетіп, түсіністік таптық. Қартайғанда қасыңда сүйенер адамың болғанға не жетсін. Қазір ол менің шаруама араласпайды.
Бақшаны жақсы көремін. Бірақ қолмен жұмыс жасамаймын, басыммен істеймін. Үйде де, саяжайда да қызметшілерім бар.
Балалардың бәрі бөлек тұрады. Төрт немерем бар. Үлкен немерем журналист болғысы келеді. Шығармашылыққа жақын. Қалған ер балалардың болашағын осы бастан болжап отырмын. Олардың да жақсы маман болатынына сенімдімін.
Ендігі мақсатым — әкем туралы естелік жазу.
Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.
«РИКА» телеарнасының көрерменіне қазақ тілінде қызмет ететін ұжымды сөз еткенде ауызға алдымен жүргізуші Гүлбаршын Аққатова ілігеді. Бірнеше жыл бұрын қазақ тілінде жүргізетін алғашқы жүргізуші ретінде эфирге шыққан Гүлбаршын Аққатова — қазір осы арнаның ажарын ашатын маманның бірі. Ұжым мерекесі қарсаңында жас жүргізушілердің ұстазына айналған Гүлбаршынмен және «РИКА» арнасының «тілін» қазақыландырып отырған журналистермен әңгімелескен едік.
Гүлбаршын Аққатова,
«РИКА» телеарнасының жүргізушісі:
Жүргізушілер Әнуарбек Байжанбаев, Сауық Жақановалардай болса…
— 1991 жылы телеарнаның техникалық жұмысы басталғаннан кейін бір жылдай оны сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілді де, келесі жылы хабар таратыла бастады. 1992 жылы мамыр айында эфирге тұңғыш рет қазақ тіліндегі «Аян» атты ақпараттық бағдарлама шықты. Оның негізгі ұйымдастырушысы да, редакторы да Серік Ерғали болды. Осы жылы облыстық телеарнада жүргізуші болып жүрген мен шақыртумен «РИКА-ға» келдім. «Аян» бағдарламасында Серік Ерғали, Базархан Айымбетов және Гүлнар Қараша төртеуміз жұмыс жасадық.
1993 жылы маман жетіспеушілігі деген желеумен қазақ бағдарламасы жабылып қалды. Қарап отыра беруге болмайды, жұмыс керек, қазақ тіліндегі бағдарлама керек. Осы қиын сәтте Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, музей ісінің ардагері, өлкетанушы Рысжан Ілиясова үлкен азаматтық көрсетті. Ол кезде Рысжан апа өлкетану музейінің директоры болатын, өлке, өңір, аймақ тарихын тану бағытындағы «Атамұра» хабарын жүргізуді ұсынып, қолындағы тарихи құнды дүниелерімен бөлісті. Әлі есімде, «Атамұраның» ең алғашқы хабары Ырғыз өңірінің тарихы туралы болып еді… Алайда бұл хабардың ғұмыры да ұзаққа бармады: бір жылдан кейін жабылып қалды. Араға бір жыл салып, бұл хабарды әрі қарай жалғастырдық, Рысжан апамыз тағы көмекке келді. Бұдан соң Ақтөбе тарихи және мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының директоры Бекарыстан Мырзабаевтың көмегімен осы секілді «Бабалар мұрасы» атты бағдарлама аштық. Бұл хабардың ізін ала Гүлнар Қараша жастарға арналған «Бағдаршам», қыз-келіншектерге арналған «Қарагөз» бағдарламаларын ұйымдастырды.
Ол кезде біз таза энтузиазммен жұмыс жасадық деуге болады. Өйткені біздің хабарларымызға демеуші болатын адам табыла бермейтін, айлық та аздау болды. Қалайда қазақтілді хабарларды көбейтеміз, сапасын көтереміз деп тырыстық. Сол уақыттарда Ақтөбеде алғаш рет өткізілген республикалық ақындар айтысы жергілікті тәуелсіз арнадан тұңғыш рет көрсетілді.
…Әр түрлі себептермен Гүлнардың ашқан қазақша хабарлары да жабылып қалды. 1997 жылға дейін құттықтау, «Бабалар мұрасы», «Атамекен» бағдарламаларын жүргіздік. Осы жылы, яғни 1997 жылы төрт жыл бұрын жабылып қалған қазақтілді ақпараттық бағдарламаны қайта ашуға қол жеткіздік. Бұл ақпараттық бағдарлама «Тәулік» деп аталды, оның алғашқы редакторы журналист Мұрат Дүмбаев, ең алғашқы бейнеинженері Ербол Смағұлов болатын. Ол кезде қазақтілді журналистердің жүгі екі есе емес, бірнеше есе ауыр болатын. Осы жүкті бірлесіп көтеру үшін кадрлар жинау қажет болды. Осы уақытта қазақтілді журналистердің кезекті легі болып Әсел Егізбаева, Гауһар Айтқұлова, Ыбырай Райымқұлов, Әнуар-Садат Өтесбай, Дархан Аймағанбетов секілді балалар келді. Міне, сол уақытта басталған «Тәуліктің» ғұмыры оның алдындағы қазақтілді бағдарламалардан ұзағырақ болды, қазір бұл бағдарламаның көрерменіне ұсынылып келе жатқанына 14 жыл болды, яғни менің «Тәулікті» жүргізіп келе жатқаныма 14 жыл болды. Осы уақыт аралығында тоғыз редактормен жұмыс жасаппын, білгісі, үйренгісі келіп тұратын талай жас журналистердің талантын ұштауға, білігін арттыруға қолымнан келгенше септігімді тигіздім. «Тәулікте» әр жылдарда бірге қызмет еткен Ербол Сейілхан, Оксана Лоскутова, Жанат Танетова, Маралбек Сағынғанов секілді журналистерді іштей мақтан тұтып жүремін.
«Тәуліктің» қазіргі ұжымында өте еңбекқор, ізденімпаз жастар бар. Солардың ішінде ең жас маман Асаубек Айымбетовтің болашағынан зор үміт күтемін. Жаңагүл Жүрсін, Кәмшат Сағынбазарова, Ақбаян Сұлтанмұратова, Айман Болатқызы, Гүлвира Сейтенова, Әлия Басығараевалар нәтижелі жұмыс жасап келеді. Бірқатар қазақша хабарға жетекшілік етіп отырған Серік Әбдібек те өте жылдам әрі сапалы жұмыс жасайды. Қазір «Тәулік» қазақтілді көрерменнің күтіп отырып қарайтын ақпараттық хабарына айналды деуге әбден болады.
Жалпы, журналистикаға соңғы жылдары келіп жатқан буын өте еркін, бірақ кей жағдайларда еркіндік деп, еліктеушілік деп ерсі қылықтарға жол беріп алады. Жастардың оттай жанып тұрғаны дұрыс, бірақ қазақы әдептен озуға болмайды.
Менің көшеде, көпшілік орындарда телеарнаға ажар-келбеті, сөйлеу мәнері, тіл байлығы сай келетін адамды іздеп жүретін әдетім бар. «Тақиялы періште» фильміндегі ана секілді… Экранға бір рет шығып, болдым-толдым дейтін емес, үнемі ізденісте жүретін жастар қосылса екен деймін толқынға. Кешегі Әнуарбек Байжанбаевтың, Сауық Жақановалардың бүгінгі ұрпақтары солар секілді өз ісінің шебері болса…
Кәмшат Сағынбазарова:
«Тәулік» ақпараттық бағдарламасы редакторының міндетін атқарушы:
«Тәулікті» жастар жасайды…
— Күніне екі рет тікелей эфирде шығатын қазақ тіліндегі «Тәулік» ақпараттық бағдарламасы қазір Ақтөбедегі жаңалықтарды, болып жатқан оқиғаларды көрерменіне жылдам жеткізе алатын бірден-бір хабар деуге болады. 2001 жылы «Тәуліктің» Қазақстан Республикасы Журналистер Академиясының «Алтын Жұлдыз» сыйлығына ие болғаны — соның айғағы.
Біздің «Тәуліктің» ұжымы жас. Журналистер Ақбаян Сұлтанмұратова, Айман Болатқызы, Гүлвира Сейтенова, Әлия Басығараевалар мен арамыздағы ең жас маман, жиырмаға енді ғана шыққан Асаубек Айымбетовтер қолдан келгенше осы бағдарламаны күннен-күнге жақсартуға, оны сапалы, бәсекеге қабілетті, өтімді етуге тырысып келеді. «Тәуліктің» редакторы кәсіби журналист Жаңагүл Жүрсін қазір Кәусар есімді сәбиін бағып үйде отыр. Демалыста болса да, «Тәуліктің» журналистерінің кішкентай жетістігіне қуанып отыратын Жаңагүлден үнемі білмеген жерімізді сұрап, кеңес алып отырамыз.
«РИКА» телеарнасы есігін ашқан осыдан 20 жыл бұрынғыдай емес, қазір қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейді. Көрерменнің сұранысы артты, соған сай қызмет етуге тиіспіз. Десек те, қазақ тілінде, сауатты қазақ тілінде ақпарат алу мәселесі әлі мәселе күйінде қалып келді. Осы тұрғыдан алғанда қазақтілді журналистердің еңбегі ересен деуге болады… Яғни, «Тәулік» ақпараттық бағдарламасы басқа бағдарламаларға қарағанда рейтингілік бәсі жоғары болса, көрермен күн сайын экранға телміріп күтіп отыратын болса, ол осы қазақтың қаршадай ұл-қыздары жасап жатқан өлшеусіз еңбектің нәтижесі деуге болады.
Серік Әбдібек,
«РИКА» телеарнасының бағдарламалық редакторы:
Қазақтілді журналистердің мүмкіндігі шектеулі шығар, бірақ рухы биік…
— Қазір менің жетекшілігіммен дайындалатын қазақ тіліндегі төрт бағдарлама бар. Олар — «Ашық әңгіме», «Арайлы таң», «Білімдіден шыққан сөз» және «Кәусар» бағдарламалары. Осыларға жеке-жеке тоқталып өтсек:
«Ашық әңгіме» ақпараттық-сараптамалық хабарға қоғамда орын алған қандай да бір өзекті мәселе бойынша жауапты мамандар шақырылып, менің және менің көрермендерімнің сұрақтарына жауап береді. Бұл бағдарлама өткен жылы «Журналистік зерттеу» номинациясы бойынша ХІІІ «Шабыт» халықаралық жастар шығармашылығы фестивалінен Марат Барманқұлов атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Осы бағдарлама арқылы көрерменге болған оқиғаны боямасыз жеткізе алатын адамдарды шақырып, ашық әңгіме өткізуге болатындығына көз жеткіздік. Студияға келген қонақтарымызға көрермен тарапынан сауатты сұрақтар қойылатын болды. Бұлай деп отырған себебім, мұнда 10 жыл бұрын алғаш қызметке келгенімде осы секілді «Әкім сағаты», «Рандеву», «Ойсал» бағдарламаларын жүргізген болатынмын. Ол кезде көрермен тарапынан қойылатын сұрақтар «сәлем бердік, сізді көргеніме қуаныштымын, рахмет айтайын деп едімнен…» көп аса алмайтын. Қазір менің көрерменім сұрақты сауатты, төтесінен қоюды әбден үйренді. Қандай мәселе болмасын мүмкіндігімше оның сол бойда шешілуіне көпір ретінде мен де өз ықпалымды тигізуге тырысамын. Мен жалпы бір хабарымда ең болмаса бір адамға ақпарат жетіп, бір адамның шаруасы шешілсе, мақсатым орындалды деп есептеймін, ал бұл жердегі «бір адам» деп отырғаным — қазақ. «Ашық әңгіме» кешкі уақытта, нағыз халық қарайтын уақытта эфирге шығады. Бұның өзі қазақ көрермендерінің қол жеткізген жетістігі деп айтуға болады.
Келесі, «Арайлы таң» атты хабар биылдан бастап менің жетекшілігіме берілді. Бұл таңғы мезгілде эфирге шығатын ақпараттық бағдарлама. Менің мақсатым — хабардың деңгейін бұрынғыдан гөрі жақсарту, көрермендерін көбейту. Менің бағыма орай, «Арайлы таңның» уақыты бұрынғыдан жарты сағатқа ұзартылды.
Бұл хабарда да жан-жақты қамтылған материалдар беріліп отырады, ең бастысы, көрерменге ақпарат жеткізу және таңертең жұмысқа, оқуға асыққан қарапайым көрерменнің көңіл-күйін көтеру. Бізде сазды ән-күй жоқ, негізінен басымдықты түрлі ақпараттарға береміз. «Арайлы таңды» үш журналист және редакторы мен — төрт адам жасаймыз. Менің журналистерге және өзіме қоятын басты талабым — біреу, ол — біздің ұлтымыздың барлық құндылықтарын насихаттау, соны ұлықтау, ұлтымыз үшін жұмыс жасап жүрген, жасай алатын адамдарды студияға шақыру.
Содан кейінгі бағдарлама — бір жылдық қана ғұмыры бар «Білімдіден шыққан сөз». Облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен сәуір айынан бастап шығып келе жатыр, бар-жоғы 35 хабар түсірілмек. Бұл хабардың негізгі кейіпкері — Абай Құнанбаев. Абай арқылы қазақтың тілін, ділін, дінін көрерменге паш етуге, насихаттауға тырысамыз. Осы хабарға сарапшы ретінде философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжанов және Абайдың ролін сомдап, көрерменге шынайы жеткізу үшін актер Әсет Оразалин қатысады. Бұл хабарымызда Абай бейнесі мен оның шығармашылығы арқылы бүгінгі қоғамда болып жатқан мәселелерді өткір айтуға дайынбыз… Аталған хабар жақында өткен облыстық тілдер фестивалінде үздік телехабар деп танылды.
Төртіншісі — «Кәусар» хабары. Рухани-ағартушылық бағыттағы хабардың басты мақсаты — көрерменнің діни сауатын ашу, Ислам дінінің құндылықтарын насихаттау. 15 минуттық жаңа хабар апта сайын эфирге шығатын болады.
Айта кететін бір жайт — қазір мен жетекшілік ететін бағдарламалардың барлығында да ең алдыңғы орында ұлттық мүдде тұрады. Қазір қоғамда айтылатын қазақ газеттерін ешкім оқымайды, қазақтілді бағдарламаларды ешкім қарамайды дегендердің барлығы — бос сөз. Бұл қазақтардың сағын сындырып, меселін қайтару үшін әдейі айтылады деп есептеймін. Рас, қазақтілді журналистердің мүмкіндігі шектеулі шығар, бірақ рухы биік…
Сұхбаттарды жүргізген Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.




Бұл кісі ойнап жүріп табатын ақшасынан бар дүниені тәрк етіп, 20-30 жылдан бері ТВ деп жүрген Гүлбаршындарға қанша төлейді екен? РИКА-ның сайтында неге қазақ редакциясының қызметкерлері туралы бір ауыз сөз жоқ? Ресейлік каналдың сайты сияқты. Бандровскаяны «әулие» қылып қойғанша ана Қонақбаева неге дұрыс сауал қоймаған?