Басты жаңалықтар

АМАЛ КЕЛДІ — ЖЫЛ КЕЛДІ!

Биылдан бастап 14-23 наурыз аралығында жалпыхалықтық мейрамды тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланды. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, арнайы бағдарлама әзірленді.

Мерекелік онкүндік Амал мерекесінен басталады, бұл күні жасы үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсету, қонақ күту, мейраммен құттықтап, ізгі тілек жаудыру салты қалыптасқан. Амал мерекесінің мәні Наурыз мейрамымен біте қайнасқан, себебі ол – Наурыздың алғашқы хабаршысы.

14 наурыз  елімізде Наурыз мейрамының басы — Көрісу күні ретінде аталып өтіледі. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды.

Бұл күн — Табиғат-Ананың, Жер-Ананың, жалпы тіршілік атаулының көктемгі жаңаруы мен оянуының бастауы. Қазақ халқы үшін Амал күнгі дәстүрлер отбасындағы жылылық және татулықпен тығыз байланысты. Жасы кішілер үлкендердің үйіне арнайы барып, сәлем береді, ақсақалдардан бата сұрайды, адамдар ескі өкпе-реніштерден арылып, бір-бірімен төс қағыстырып, қауышып жатады.

Қорыта айтқанда, Көрісу күні — адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, бір-біріне ізгі тілектерін айтатын күні. Тарихшылардың мәліметіне сүйенсек, 1918 жылдың 24 қаңтарында Халком кеңесі Григориан күнтізбесін қолданысқа енгізеді. Бірақ сонда ескі және жаңа күнтізбе айырмашылығы 13 күн болған. Соған байланысты 1918 жылдың 31 қаңтарында ескі күнтізбені аяқтап, 14 ақпанда келесі айды бастаған. Осы деректі басшылыққа алса, 1 наурыз 14 наурызға тап келеді. Ол — жыл басы, күнтізбедегі көктемнің алғашқы күні саналған.

Белгілі ақын Садыр Адай «Қарапайым қағидалар» атты танымдық еңбегінде:  «Амал» мерекесі және оның ішкі мазмұны — өркениеттік өлшемдермен, өзіндік этномәдениетіміздің арқауын қатар, орайластыра  өруге бейім, ауқымды рухани кеңістік. Бір жақты бағыт алып қырын кетіп, қия баспауға және уақыттың легінен қалыс қалмауға мүмкіндік беретін, жасампаздыққа үндейтін символдық мәдени шаралардың жиынтығы. Біз сол үшін «Амал» мерекесін  қазақы шежіре мен қағидалардың негізінде  бұқара халықтың өзіне ұйымдастыртып, ұлттық бірліктің рухани алаңын өз қолдарымен жасауға ұйытқы болуды көздеп жүрміз. Бүкіл қазаққа тұлға болған  елге таныс есімдерді әлпештеп, әр аймақтан өкілдер  шақырып, қандастық құрмет жасауға құштарлық танытудан айныған емеспіз. «Амал» мерекесі, «көрісу» салты —бұрыннан бар, қазаққа ортақ дәстүрдің үрдісі. Соның нәтижесінде  «Амал» мерекесі республикалық дәрежеде қайта жанданды, ұлттық мерекеге айналды. «Көрісу» салты,  «қара шаңырақ» ұғымы, қара қазаннан дәм тату дәстүрі жаңғырып, қалыптасты. Бұл — Маңғыстау халқының соңғы жиырма жылда жасаған адал еңбегінің, ақ уыз ниетінің айғағы, — деп түсінік берген еді.

Ғалияш ЖАНЕСОВА, зейнеткер:

— 35 жыл мәдениет саласында еңбек еттім.1990 жылдары біраз жыл ұмыт қалған Наурыз мейрамын қайта тойлай бастағанымызда, көже пісіруден басқа онша ештеңе білген жоқпыз. Мәселен, марқұм Рысжан Ілиясова 2019 жылы  «Мәдениет және тұрмыс» журналында Өзбекәлі Жәнібековтің Наурыздың этнографиялық мәнін терең талдаған мақаласы жарияланған соң барып оның мән-мағынасын түсінгендігі туралы айтқан еді. Қарап отырсам, сол кездегі Наурыз мейрамы мен қазіргі Наурыз мейрамын тойлауымыздың арасы жер мен көктей екен. Наурызды тойлау ауқымы кеңейіп, шын мәніндегі жалпыхалықтық ортақ мерекеге айналғандығы көз қуантады.

Қазақ «Амалды амалдап өткіз» деп бекер айтпаған. Себебі үскірік аязды алты ай қыстан мал-жанның аман-есен шығуы киіз үйде тұратын жұртшылық үшін қиын болғаны анық. Содан қар еріп, жер жіби бастағанда шеті мен шегі жоқ далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен көрісетін болған. Яғни бұл күн — көктемге аман-сау жеткен халықтың тілек айтып, бір-бірімен қауышатын күні.

Рита ЖҰМАҒАЛИЕВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті филология факультеті, Қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы, магистр:

Бәрімізге белгілі 14 наурыз — Амал мерекесі, күн мен түннің теңелер шағы. Табиғаттың осындай ерекше құбылысын көшпелі қазақ елеусіз қалдырмаған. Бір жасқа шықтық деп қуанып, сол күнге аман-есен жеткендеріне шүкіршілік айтып, бір-бірімен көрісіп, ізгі ниеттерін білдіріп, тілектерін жаудырған. Ертеректе тұтас қазақ халқы Амал күнін атап өткен. Кейін кеңес кезеңінде еліміздің батыс өңірінде ғана тойланған, ал бүгінде, соңғы 10 жылдықта, күллі қазақ болып мейрамдатып жүрміз. Ғылым мен білімнің қара шаңырағы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде де Амал мерекесі міндетті түрде аталып өтіледі. Тұтас ұжым болып ұйысып, осы күнді көрісуден бастаймыз. Әріптестер жұмыс күні басталғаннан құшақтасып көрісіп, ұстаз бен шәкірт, студенттер мен студенттер төс түйістіре көрісе отырып, бір-біріне ізгі тілектерін білдіреді. Сондай-ақ дәл осы күні білім ордасында мерекеге орай әртүрлі мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Мысалы, 2022 жылы амал мерекесін әр факультет өз ғимараттарының алдына киіз үй құрып, қазан көтеріп, дастарқан жайып, ұлттық ойындар ойнап, ұлттық тимбилдинг форматында атап өтті. Өткен жылы факультет құрылымдары корпустың ішінде ұстаздар мен студенттер түрлі ауылдарға бөлініп, ұлттық нақышта өз ауылдарын безендеріп, ауылдың алты ауызын айтып, ән-күй төгіп, ерекше атап өттік. Амал мерекесі — Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университетінің асыға күтетін, ерекше тойлайтын күні.

Гүлназ РАЙЫСҚЫЗЫ,

№1 Абай атындағы қалалық кітапхананың кітапханашысы:

— Амал мерекесін тойлауда концерттік бағдарламамен шектеліп қалмау керек. Оқырман арасында бұл күннің маңыздылығын ұғындыруымыз қажет. Көрісу —  ертеден жалғасып келе жатқан үлкен дәстүр. Біздің халық ауыл-аймақ, көрші-көлемінің басын қосып, соғымнан арнайы алып қойған сүр етін асып, наурызкөже жасап, қыстан аман-есен шыққандарына тәубе айтысып, бір-біріне игі тілектерін арнап, шүйіркелесіп, көрісіп жатады. Жастар жарапазан айтып, Наурыз жырын шырқап, думанды қыздырады.

Соңғы жылдары ұмыт болған салт-дәстүрлерімізді насихаттап жүрген жастардың қатары артып келеді. Мәселен, жуырда №1 Абай атындағы  қалалық кітапханада Наурыз мерекесіне орай «Салт-дәстүрім —таусылмайтын байлығым» атты бейне-викторина ойыны өткізілді. Бұл іс-шараның мақсаты —  Наурыз мейрамы жөнінде түсінік бере отырып, өскелең ұрпақты адамгершілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Сондай-ақ  оқырман арасында «Логикалық бейнелер арқылы сөз құрастыру», «Кім мықты?» атты және қол күрес, арқан тарту, асық ату ойындары да ұйымдастырылды. Кеш барысында оқырман салт-дәстүр, ұлттық тағам, ұлттық киім мен ұлттық ойындар туралы сұраққа жауап беріп, ұлттық әндерді көңілді караокеде шырқады. 

 

Ақмарал МҰҚАШЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button