Басты жаңалықтар

КҮМБІРЛЕГЕН КҮЙ КЕШІ

Қобда аудандық Мәдениет үйінде аудандық балалар өнер мектебінің директоры, халықтық «Кең дала» этнофольклорлық ансамблінің жетекшісі, күйші, ұстаз Марат Жақсылықұлының «Өнерге қанат қақтырып» атты есеп беру концерті өтті.

Кешті Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Талғат Тілеулесов жүргізді.

Шалқар топырағында өскен Мараттың өнер жолында жүргеніне 35 жыл. Оның 20 жылын Қобда аудандық өнер мектебінің дамуына арнады. Тамаша таланттарды түлетті. Жетістіктері де жетерлік. «Кең дала» этнофольклорлық ансамблін құрып, «халықтық» атақ алуы — соның айғағы. Өнер иесінің шығармашылық кешінде шәкірттері мен өнердегі қанаттас достары «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі, жыршы Әділбек Сарин, «Достық сазы» ансамблінің жетекшісі Бақытбек Зейнелов, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің ұстаздары Төребек Мұстафин мен Талап Хамзин, Астана қаласынан келген Қазақ ұлттық өнер университетінің дәстүрлі ән кафедрасының ұстазы Ырысты Сүлейменова қатысып, ән-күйден шашу шашты.

Кеш барысында Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереевтің Алғыс хатын аудандық мәслихаттың төрағасы Жанболат Ерғалиев табыстап, өнер иесіне сый-құрмет көрсетті.

— Елімізге белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Алмас Алматовтың: «Біз өнерге бір күнде келгеніміз жоқ және бір күнге келгеніміз жоқ» деген сөзі бар. Мен де өнерге бір күнде келгенім жоқ. Адам жетістіктерге жету үшін көп ізденуі керек. Әр еңбектің өз жемісі болады. Биыл елу жасқа толуыма орай ұжымымның қолдауымен көрерменге есеп беріп жатырмын, — дейді Марат Жақсылықұлы.

 

                                                                    Жалғас ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button