Басты жаңалықтарСпорт

ҚАЗАҚЫ ТАЗЫЛАР — КӨРМЕДЕ

Өткен жексенбі күні Ақтөбе қаласында қазақы тазылардың көрмесі өтті. Іс-шараға Ақтөбе қаласы және облыстың 12 ауданынан 100-ге тарта тазы әкелінген.

Былтыр Мемлекет басшысы тазы мен төбетті қорғау мәселесін қолға алуды тапсырғаны белгілі. Соның аясында Ақтөбедегі ипподромда ең әдемі, қырағы һәм мықты жеті қазынаның біріне жататын тазылар көрмесі болды.

Облыстық «Құмай тазы» федерациясының вице-президенті Жасұлан Жақсылықовтың айтуынша, өңірде қазақы тазыларды сақтап қалып, санын арттыру үшін бірнеше іргелі іс қолға алынған.

— Ақтөбенің тазы жанашырлары болып, өзара жарыстар өткізіп жүрміз. Былтыр күзде аңшылармен бірігіп, «Салбурын» ұйымдастырдық. Жалпы, республика бойынша біз алдыңғы қатардамыз. Тазы баптайтындардың да саны жылдан-жылға артып келеді. Ендігі бір тілегіміз — түрлі сайыстарды өткізгенде жүлде қорын тағайындау жағынан билік тарапынан қолдау көрсетілсе екен, — дейді ол.

Көрмеге Астана, Алматы қалаларынан кинология саласы бойынша сарапшылар шақырылып, олар тазылардың дене бітімін, тісін, тырнағын, қанының тазалығын тексерді. Барлық талапқа сай келгендері арнайы құжатқа ие болды. Бұл тазылардың FCI Халықаралық кинология федерациясының тіркеу кітабына енуінен бөлек, халықаралық иттер көрмесіне қатысуына мүмкіндік береді. Көрмеге қатысқан иттердің 50-і аталған үдеден шықты.

«Көрмеге қатысқан тазылардың бәрін сарапшылар жоғары бағалады. Біздің клуб қазақы тазы тұқымын халықаралық деңгейде танытуды көздейді», — дейді кинологиялық клубының жетекшісі Роза Доленко.

Көрмені облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, аңшылар мен саятшылар, тұрғындар тамашалады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button