Қар еріп, сең қозғалды: дайындық қалай?
Өткен жылы наурыз айының басында күннің күрт жылынып, облыс аумағындағы қар жылдам еріп, соның салдарынан Қобда және Ойыл аудандарында су тасқыны болған-ды. 14 наурызда — Қобдада, 17 наурызда Ойылда аудан әкімдерінің қаулысымен табиғи апатқа байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.
Биыл да дәл сондай жағдай қайталанбас үшін облыс әкімі Асхат Шахаров тиісті мекеме басшылары мен аудан әкімдеріне ауа райының өзгеруіне қай кезде де дайын болып, су тасқынының алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында төтенше жағдайлар департаменті басшысы Нұрғали Жүнісов 21-27 ақпан аралығында Ойыл, Қобда, Мәртөк, Байғанин, Темір, Мұғалжар, Алға және Қарғалы аудандарының су тасқыны қаупі бар учаскелеріне зерделеу жұмыстары жүргізілгенін, анықталған мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданғанын айтты.
— Елді мекендерді су тасқыны қаупінен қорғау мақсатында аудан әкімдіктерімен жанар-жағармай, инертті материалдар, қапшықтар және азық-түлік қорлары, уақытша орналастыру пунктері әзірленді, күштер мен құралдар дайындыққа келтірілді. Қар шығару, арықтар мен каналдарды, су өткізу құрылғыларын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, қорғаныс бөгеттері көтерілді, — деді ол.
Өткен жылы табиғи апатқа тап болған Қобда мен Ойылдағы жұрттың қазіргі жайы қалай? Егер күн күрт жылынып кетсе, былтырғыдай жағдай тағы да қайталануы мүмкін бе? Жергілікті атқарушы билік өкілдерімен сөйлесіп, мән-жайды білген едік.
Сонымен…
Қобдаға көктем кеш келеді…
Былтыр далалық еріген қар суы салдарынан Қобда ауылында 30 тұрғын үй, денешынықтыру-сауықтыру кешені ғимараты, екі мектеп және елді мекеннің төменгі бетінде орналасқан екі коммерциялық нысан суда қалды. Дәл сол күні Қобда өзені де арнасынан асты. Тұрғындар дер кезінде эвакуациялық пункттерге көшірілді.
Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елді мекеннің су басуын болдырмау мақсатында Самара-Шымкент халықаралық маңызы бар тасжолдың 613-шақырымын бұзу туралы шешім қабылданды.
Су тасқынының салдарынан ауданның Өтек, Жарық, Сарыбұлақ ауылдарына қатынас үзілді.
Біздің сұрақтарымызға жауап берген аудан әкімінің орынбасары Қанат Мыңбаев осыған ұқсас жағдай Қобданың тарихында соңғы рет 1993 жылы болғанын айтады.
Үздіксіз, жүйелі жұмыстың нәтижесінде өткен жылы су тасқыны салдарынан зардап шеккен ғимараттардың барлығы қалпына келтіріліп, үйлерін су басқан отбасыларға жаңа баспана салынып берілді.
— Қобда ауданының әкімдігіне Самара-Шымкент тасжолы арқылы Қобда ауылына қарай су тасқынына жол бермеу және ауылды су басуын болдырмау мақсатында Қобда-Ойыл автожолы учаскесінің екі жағында бөгет салу мәселесі тапсырылған болатын. Биыл осы жұмыстарды аяқтадық. Нақтырақ айтар болсақ, Орал-Ойыл автомобиль жолы аралығындағы бағыттаушы 4900 метр бөгетті қалпына келтіріп, арық қазу жұмыстарын толық бітірдік. Қобда-Ойыл бағытында орналасқан Тәуелсіздік көшесінің бойына ұзындығы 800 метр болатын, Лиман жағалауына ұзындығы 1050 метр болатын қосымша жасанды қорғаныс және ауылдың батыс бөлігінде жасанды бөгеттер салынды. «Сауқайын» бөгетіне суөткізгіш құбыры жүргізіліп, жасанды қорғаныс бөгетінің жұмысы аяқталды, — деді Қанат Мыңбаев.
Синоптиктердің айтуынша, биыл Қобдада 22 наурызға дейін түнде ауа температурасы төмендейді. Ал күндіз әрі кеткенде +5 градусқа дейін көтеріледі.
— Апат айтып келмейді. Былтырғы жағдай қайталанбас үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Дегенмен қандай жағдайға да дайын болуымыз керек. Қазіргі таңда ауданда төтенше жағдайларды жоюға арналған жедел топ құрылып, су басу қаупі болған жағдайда тұрғындарды уақытша орналастыру үшін 4 нысан белгіленді. Су тасқынының алдын алу мақсатында 20 мың қапшық, 18 тонна жанар-жағармай, 5 су сору техникасы, 10 инженерлік техника, 33 мотопомпа, 2 моторлы және 13 үрлемелі қайық, 500 тонна инертті материал, 15 комбинезон мен 34 құтқару жилеті дайын тұр, — деді ол.
Қобда ауданы бойынша қар шығару жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр.
Аудан орталығының өзінен бүгінге дейін 10 000 кубтан астам қар шығарылыпты.
Сонымен қатар мамандар су басу қаупі бар үйлерді аралап, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ойдағы елдің жайы
Естеріңізде болса, 2023 жылы 17 наурызда тасқын судың жоғары қысымы мен Ойыл өзені деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты Ойыл ауданы Қаратал ауылының айналасындағы топырақтан қорғаныш үшін жасалған үйінді қысымға төтеп бере алмай, соның салдарынан жағалауды су шайды.
Бұл ауылда 11 үй су астында қалды. Ауыл тұрғындары биыл да қардың жылдағыдан көп мөлшерде түскенін айтып отыр. Қараталға қауіп бар ма? Бұл сұрағымызға Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов жауап берген еді.
— Ауданда көктемгі су тасқыны кезеңінде қауіпті 3 елді мекен бар. Олар — Екпетал, Қаратал, Қарасу ауылдары. Қиындық туындаған кезде Екпетал ауылы тұрғындары эвакуацияланады, — деген аудан әкімінің орынбасары су тасқынының алдын алу мақсатында арнайы Жол картасы бекітілгенін айтып, өткен жылы атқарылған жұмыстар барысына тоқталды.
— Тасқын кезінде бұзылған аудан орталығы мен ауылдарды жалғайтын барлық автомобиль жолдары жөнделді. Атап айтқанда, Қаратал ауылына кіреберіс жол күрделі жөндеуден өтіп, 17 жеріне су өткізу құбырлары салынды. Ойыл-Қараой, Сарыбие, Екпетал, Көптоғай, Қайыңды ауылына кіреберістегі автокөлік жолының астына 11 су өткізу құрылғысын салдық.
Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Талғат Салфиковтің демеушілігімен Қаратал және Амангелді ауылдарының іргесіне дамбылар салынып, Екпеталдың маңындағы дамбыны қосымша көтеру жұмыстары аяқталды, — деді ол.
Ойыл ауданында да су тасқыны кезеңін апатсыз өткізу және көктемгі су тасқынынан туындаған төтенше жағдайлар қаупін азайту мақсатында 29 қаңтар – 29 наурыз аралығында су басу қаупі бар елді мекен тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жақын маңға инертті заттар қойылған.
— Елді мекенді су тасқынынан қорғау мақсатында құрамында 145 адам бар Азаматтық қорғау қызметі құрылды. Сондай-ақ аудандық бюджет есебінен 2 моторлы қайық, 5 мотопомпа сатып алдық. 11 тонна дизель отыны, 4 тонна бензин қоры жасақталды. 10 мың қапшық, 100 тонна инертті материалдар дайын тұр. Су тасқыны бола қалған жағдайда тұрғындарды орналастыру үшін сыйымдылығы 2000 адамдық 12 орналастыру орны белгіленді, — деді Саян Сүлейменов.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.