Мереке

Ақтөбедегі алғашқы геолог әйел

«Өмірімнің көбін дала экспедициясында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге арнадым. Ол кездері қазіргідей интернет, ұялы байланыс деген атымен жоқ. Кино да көрмейміз, театрға да бармаймыз. Себебі сейіл құратындай арнайы жер жоқ. Қамыстан уақытша салынған тұрақты паналап, баялышты отқа жағып, тірлік кештік. Осындай жағдайға қарамастан, жұмысты жалғастыра бердік. Бүгінде Бұқара-Орал магистралды газ құбырына жалғанған Бозой мұнай-газ кен орнының ең алғашқы нүктесін анықтау біздің экпедицияның нәтижелі жұмыстарының бірі еді», — дейді сексен бес жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны, ардагер геолог Баян Боқаева.

Кейіпкеріміздің егде жасқа келсе де денсаулығының жақсы, көңіл күйінің сергек болуы оның үнемі қимыл-қозғалыста жүргендігінен болса керек. Саналы өмірінің көп бөлігін далалықта жүріп, геологиялық барлау жұмыстарына арнаған оның Ақтөбенің мұнай-газ кен орнын дәл анықтап, табудағы еңбегі зор.

1939 жылы 2 қарашада Шалқар ауданының бұрынғы 9-ауылында, кейінгі «Сарыбұлақ» кеңшарында Нұғыман-Мәрия деген кісілердің отбасында туып-өстім. 1946 жылы отбасымызбен Шалқарға қоныс аударып, сол жылы осындағы қазақ орта мектебіне бардым. Онжылдықты бітірген соң Ақтөбе теміржол техникумына қабылдандым. Ол кездері оқуды екі жыл алты ай оқытатын. Диплом жұмысын жазып, қорғайтын уақытта өмірлік серігім Мирасбек Боқаев: «Егер маған күйеуге шықсаң, теміржол саласында жұмыс істемейсің. Себебі менің жұмысым — далалықта. Ол жақта теміржол жоқ», — дегені сол екен, айтқанына көніп, оқуымды аяқсыз қалдырдым. Сол кездері ол Қазақ мемлекеттік университетінің геология-география факультетін тәмамдап, Ақтөбеге жолдамамен жұмыс істеуге келген жас маман еді. Ол да Шалқарда туып-өскен. Кейін екеуіміз отбасын құрдық, — деп әңгімесін бастаған Баян әже Боқаевтар әулетіне келін боп түскен күннен бастап жарты ғасырдан астам уақыт ененің тәрбиесін көргенін айтты. Енесі Екінші дүниежүзілік соғыста із-түзсіз кеткен ері Ермекбайдың артынан «қаралы қағаз» келсе де, үнемі тосумен өткен. Әлима кейуана майдангердің артында қалған жалғыз тұяғы — Мирасбегін қатарынан кем етпей оқытып, бар қамқорлығын жасаған. Баласының қазақтан шыққан облыстағы алғашқы геолог атануына аяулы ананың сіңірген еңбегі зор.

Дала геофизикасының, сейсмиканың дамуы мен бұрғылаудың техникасы жақсы жабдықталуы алпысыншы жылдары облыс аумағының геологиялық құрылымын егжей-тегжейлі зерттеуді кең көлемде жүргізуге жол ашты.

— Отбасын құрған алғашқы жылдарда жолдасым экспедиция басшысы ретінде Шалқардан 300 шақырым қашықтықта, яғни аудан орталығының оңтүстік беткейінде мұнай барлау жұмыстарын жүргізуге кірісті. 1960 жылы аталған экспедицияның құрамына қарапайым жұмысшы ретінде қабылдандым. 1962 жылы бұл жерге әскерилер орнығып, бұдан әрі жабық полигон аймағы саналып, экспедиция базасын көшіруге тура келді. Арал теңізінің жағасында Құланды түбегі бар. Біздің бұдан кейінгі жұмысымыз Құланды мұнай-газ барлау-зерттеу экспедициясымен жалғасты. Сол тұста зертханашы болдым. «Экспедицияның міндеті — мұнай-газ нүктелерін табу. Сол мақсатта белгіленген аймаққа барлау жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін биіктігі 41 метрлік ұңғылар орнатылып, іске қосылады. Әрине, геологиялық барлау жұмыстарына дейін ол маңда геодезистер мұнай мен газдың барын анықтап кетеді. Одан кейінгі жұмыс — геологтардың міндетінде. Геологтер тапқан мұнай мен газ бар жер консервацияланғаннан соң сол аймақта кейін бұрғылау, өндіру жұмыстары басталады», — дейді Баян әже.   

Ардагер геологтің айтуынша, қазіргі таңда геологиялық барлау жұмыстары бұрынғыдай емес, көп көңіл бөлінбей, кенжелеп қалды. «Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту керектігін Мемлекет басшымыз да айтып жатыр ғой. Кең-байтақ жеріміздегі пайдалы қазбаларды өндіру мақсатында жер құрылымы мен құрамын зерттеу — геологтердің тікелей міндеті. Біз әрқайсысы екі-үш жылға созылған ұзақ экспедициялар кезінде табиғи ресурстарымыздың болжамды кен орындарының геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге бар күш-жігерімізді салып, еңбек еттік, — дейді Баян Боқаева.

Ойылдың Саралжын, кейін Шалқар өңірінде жалғасқан барлау жұмыстары да өз кезінде сәтті аяқталған.

Шалқарға қайта экспедициямен барғанда, «Южный» совхозының ар жағында Аққолқа мұнай-газ барлау экспедициясы базасында еңбектендік. Бұл — қазіргі Бозой елді мекені. Осы экспедицияда геологиялық барлау жұмыстарына араластым. Бұрынғы Гурьев политехникалық колледжінде мұнай-газ жабдықтары мамандығы бойынша біліктілік алған маған бұл жұмысты атқару еш қиындық туғызбады. Өйткені осы салаға машықтанған жолдасымның мол тәжірибесі мен бұған дейінгі еткен еңбегімнің септігі мол болды.  Осы экспедицияда біз қазір пайдаланылып жатқан мұнай мен газ кенінің дәл нүктесін таптық. Ол кезде министрлік Мәскеуде болғандықтан, сырттан мамандар көп келді. Біздің осы жұмысымыздың нәтижесі кейін кино ретінде таспаға түсірілді. Базаға АН-2 ұшақтары, тікұшақ жиі  қонатын. Сол кездері газдың қысымымен  бұрғылау ұңғымасының тұтастай жер астына кеткен жағдайларын да көзімізбен көрдік. Қазған жердің айналасында грифон болып, құмның арасынан газдың атқылауы да жиі болған құбылыстар еді. Грифон — бұрғылау ұңғымасының құбырлы кеңістігінде үлкен қысыммен қозғалатын сұйықтық, яғни газдың кенеттен серпілісі. Осындай қиын да нәтижелі жұмыстың арқасында Бозой мұнай-газ кен орнын дәл анықтаған едік. Бұл жерде өндірілген газ құбыры бүгінде Бұқара-Орал магистралды газ құбырына қосылды. Егер бұл кен орнының нүктесі табылмағанда, Бұқара-Орал газ құбырының қуаты дәл бүгінгідей артпас еді. Бастапқыда Бозой аймағына экспедицияға барғанымызда ол жерде ештеңе болмады. Аққолқа мұнай-газ барлау базасы орналасқаннан соң кейін сол аймақтан совхоз ашылды. Бір айта кететін жайт, ол жерде жерасты байлығы көп. Кезінде мәскеулік мамандар ол маңнан титанның біраз қорын анықтады.  Қызылой газ кен орнының нүктесін консервациялау жұмыстары да сол шақта жүргізілген нәтижелі істеріміздің бірі еді. Бүгінгі таңда аталған кен орнында осы бағыттағы жұмыс қайта жаңғыртылды, — деп Баян әжей сол шақтағы төккен тер мен еткен еңбекті сөз етіп, экспедицияны көз алдымызға келтіргендей болды.

Кейін олар Жарқамыс, Ембі аймақтарында да экспедициямен геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді. «Ақтөбемұнайгазбарлау» бірлестігінің құпия бөлімінде жасаған жылдар да білікті маманның тәжірибесін молайта түсті.

Сөз арасында ол қайын жұрты сирек көретін күйеубаланы «шынымен, ол геолог па, әлде …» деп әзілдейтін естеліктерді де есіне түсіріп отырды. Қос геологтың шаңырағында өмірге келген бір қыз бен үш ұл ата-ана мейіріміне қанып өскен, кейін әрқайсысы жоғары білім алып, еңбек еткен білікті маман болды. Алайда елге танымал азамат болған тұста Мараты мен Саматының мезгілсіз өмірден өткені Баян әжейді біраз шаршатып жіберген сыңайлы.

Балаларының үлкені Гүлнәрі мен күйеубала Ілиясы, оған тете Кеңесі мен келіні Гүлнәр — бүгінде абзал ананың қамқоршысы.

Ал Маратының шаңырағын тіктеп отырған Бекзада болса, Баян әжейдің қас-қабағына қарап, бүкіл жағдайын жасайтын сүйікті келіні екен.

Бүгінде Баян әженің немерелері де мұнай-газ саласында білім алып, әулет дәстүрін жалғастыруды көздеп отыр. Солардың ілгері ұмтылысы көңілге медеу, үмітке қанат бітіргендей.

Ендігі уақытта немере, шөберелердің амандығын тілеп, олардың әр қадамына қуанып отырған әженің жарқын жүзі көктемнің шуақты күніндей әсер етті бізге.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button