Мереке

Мереке күніңмен!

Наурыз айы туар-тумастан әсіресе әйелдер қауымы әлдебір ғажайып күтіп, тосыннан біреу сыйлық жасайтындай сезімде жүреді. Мерекеде қандай сыйлық алғысы келетіндерін ағаларымызға алдын ала ескертіп қоятын жеңгелеріміз және бар.

Жалпы жігіттер қауымы үшін 8 наурыз қандай мереке? Ақтөбелік азаматтар отбасының ұйытқысы — аналары мен әйелдері үшін қандай сыйлық алады? Мереке қарсаңында соны білген едік…

Рахым БЕКНАЗАРОВ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры:

— «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді» деген сөз бар. 8 наурызды  осы бір қайсар да, нәзік жанды әйелдер қауымына алғыс айтатын күн деп білемін. Сондықтан отбасымдағы аяулы жандардың барлығына сыйлық алуға тырысамын. Әке-шешеммен бірге тұратын болғандықтан анама арналған сыйлықты келіншегім таңдап алады. Ал балаларымның анасына жыл сайын дәстүрлі түрде гүл сыйлаймын. Қызым — студент. Басқа қалада білім алып жатыр. Сондықтан оның сыйлығын ақшалай банк карточкасына жіберемін.

Андрей СИСЕНҒАЛИЕВ, «Естек» шаруа қожалығының иесі:

— Балалар ержетіп, жас келген соң әйелге көңіл бөле бастадық (күліп-ред). Әр мереке сайын қуантып, сыйлық жасауға тырысамын. Жаңа жылда қымбат көйлек сатып алып беремін, 8 наурызда гүл сыйлаймын. Бұл жолы да гүлге тапсырыс беріп қойдым. Бұдан басқа кафеге апарып, құрмет көрсетемін.

Айбек КЕМАЛ, Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы директорының міндетін атқарушы:

— 8 наурыз қарсаңында анам мен апа-қарындасыма міндетті түрде сыйлық әзірлеймін. Жыл сайын анама гүл аламын. Қолда бар қаражаттың көлеміне қарай қасына сыйлық қосамын. Биыл апам мен қарындасыма «Pandora» дүкенінен білезік алып қойдым.

Мереке қарсаңында филармония ұжымы әйелдер үшін түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырады. Мәдениет және өнер қызметкері болғандықтан, үйдегі анамнан бастап, туысқан қыз-келіншектерге мерекелік концерттерге шақырамын.

Әділбек ҮМБЕТАЛИН, дәнекерлеуші:

— Анамызға сыйлық сыйлауды бала күнімізден әдетке айналдырғанбыз. Ол уақытта қолымызда қазіргідей ақша болмағандықтан, қолдан неше түрлі сыйлық жасап, үй шаруасына көмектесіп, мереке күні анамды барынша демалдыруға тырысатынбыз. Кейін ержетіп, өз қолымыз аузымызға жеткен соң, естелік сыйлық алып беруді әдетке айналдырдым. Биыл әрқашан анамның ақ дастарқаны жайнап тұрсын деген ниетпен, ыдыс-аяқтар жиынтығын алып қойдым. Ал келіншегіме мерекелік көңіл күй үшін гүл мен шоколадты құлпынай беремін. Үлкен сыйлықты сәуір айында келетін туған күнінде сыйлаймын.

 Арман ҚАБЫЛОВ, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының магистранты:

— Дәл қазіргі таңда Болгарияның астанасы София қаласында тағылымдамадан өтіп жатырмын. Бірақ қашықта жүргеніммен барлығын жылдағы дәстүр бойынша мерекеде құттықтап, азын-аулақ сыйлықтарымды жіберемін. Ең алдымен, барлық нәзік жандылар үшін осы жерден бейнеқұттықау дайындаймын. Жеткізу қызметі арқылы анама гүл жіберемін. Келіншегім мен қызыма да сыйлық дайын. Барлығын алып, көлікке қалдырып кеттім. 8 наурыз күні ұлым табыстайтын болады.

 Алмас КҮМІСҚАЛИЕВ, флюра-лаборант:

— Анамды шипажайға жіберу туралы көптен бері ойлап жүргенмін. Сәті түсіп, жолдамасын алып қойдым. Биылғы сыйлығым — сол. Ал апаларыма ақшалай беремін. Қажет заттарын өздері алады.

 Гүлдің тілін білесіз бе?

Сұрақ-жауап барысында байқағанымыздай, ер азаматтардың барлығы дерлік үйіндегі нәзік жандыларға гүл алатындарын айтты. Ал көңілге көктемгі көңіл күй сыйлайтын гүлдердің әрқайсысының өзіндік орны, ерекшеліктері бар екенін білетін бе едіңіз?

Ақ раушан — пәктік пен тазалықтың нышаны. Қызыл раушан — махаббат пен сүйіспеншіліктің, сары раушан — достықтың белгісі.

Лалагүл — ежелгі Римде жетістіктің, байлықтың нышаны саналған. Француздар үшін мәңгіліктің, бақуаттылықтың, сондай-ақ құрметтің белгісі.

Қызғалдақ — шынайы сезім, таза махаббаттың символы. Қызыл қызғалдақ — өз сезімін жеткізу үшін берілетін гүл. Сары түстісі — бақыттың, сыңғырлаған күлкінің белгісі, ал ақ түстісі тазалықты білдіреді.

Орхидеяның қытай халқы үшін орны ерекше. Олар орхидеяны мәнді өмір сыйлайтын гүл ретінде көреді. Сондай-ақ әртүрлі сырқаттан сақтайды деп сеніп, ыдыстарды безендіруде кең қолданған. Орхидеяны сүйген адамыңыздың жүрегін жаулап алғыңыз келсе,  сыйлаңыз. Ол табандылықтың символы болып саналады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button