Басты жаңалықтар

«Ауыл аманаты»: 1700-дей жобаға несие берілді  

Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында жалпы құны 7,7 млрд  теңге болатын 1667 жобаға несие берілді. Негізінен, жоба операторы «Ақтөбе» ӘКК бүгінде жалпы құны 10,0 млрд теңге болатын 2029 жобаның құжатын қабылдап, 1892-сін мақұлдаған.

Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық жиында ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы Құсайын Сәрсембай мәлімдеді.

Басқарма басшысы өз баяндамасында жобаның қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы айтты. Қаңтар айында  250,0 млн теңге қаржы 51 жобаны, ақпан айында 519,5 млн теңге қаржы 83 жобаны несиелендіруге бағытталған. Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз аудандарында көрсеткіш әлі де төмен деңгейде.

Дегенмен құс шаруашылығы бағыты бойынша 2,2 млрд теңгеге 569 жоба, мал шаруашылығында — 289,8 млн теңгеге 43 жоба, өсімдік шаруашылығында — 1,1 млрд теңгеге 231 жоба, оның ішінде 98 шағын жылыжай ауылдарда ашылған.

Кәсіпкерлер өңдеу және шағын бизнестің өзге түрлеріне де көңіл бөлген. Бұл бағытта 4,1 млрд теңгеге 824 жоба қолдауға ие болды. Оның ішінде 121 наубайхана мен кондитер, 136 шағын сүт өңдеу және 63 ет өңдеу, 55 тігін, 91 монша, 23 қоғамдық тамақтану орны, 8 балық өсіру, 67 көлік жөндеу, 50 шаштараз бен әсемдік салоны және 210 өзге де жоба бар.

— Несиені уақтылы беруді тежейтін негізгі фактор — тапсырылған құжаттардың дұрыс болмауы. Бүгінде 94 жобаның кепіл құжаттары бойынша ескертулер бар.  Осы кемшіліктерді жақын арада дұрыстап, осы айдың басында несиенің берілуін қамтамасыз ету қажет, —  деді Құсайын Сәрсембай.

Барлығын мұқият тыңдаған өңір басшысы Асхат Шахаров санға емес, сапаға мән беру керектігін айтты. «Ауыл аманаты» жобасы аясында алынған несиенің мақсатты пайдалануын растайтын құжаттарды уақтылы ұсыну қажеттігі айтылды.

— Жобаға қатысуға ниет білдіргендердің қаржылық жағдайына қарау қажет, яғни кіріс бөлігі алған несиесін қайтаруға жеткілікті болатындай болуға тиіс. Сондықтан аталған жоба аясында қаржыландыру кезінде осы мәселелердің бәрін зерттеп, нақты шешім қабылдау қажет. Бізге сан емес, сапа маңызды, — деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button