Жаңалықтар

Су тасқынының алдын алу шаралары пысықталып жатыр

Көктемге әзірлік

Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері наурыз басталғалы синоптиктермен бірге елді мекендерді аралап, қардың қалыңдығын қарап, су басу қаупі бар учаскелерді тексеріп жүр.

Елді мекендерді су тасқыны қаупінен қорғау мақсатында төтенше жағдайлар департаменті облыс әкімдігімен бірлесіп, 2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша инженерлік жұмыстар жоспарын әзірледі. Департамент мәліметінше, облыс бойынша 11 мыңнан астам адам (11 319) тұратын 36 елді мекен (2381 үй) ықтимал су басу аймағына жатады. Іс-шаралар жоспарына сәйкес су тасқыны қаупі бар өзендердің түбін тереңдету, жағалауды нығайту, тазарту, арықтар мен каналдарды тазарту, қорғаныс бөгеттерін салу және гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, су бұру арналарын салу, нөсер кәріздерін салу, су өткізу құбырларын орнату секілді іс-шаралар жүргізілді. Жүргізілген жұмыстардың арқасында 11 елді мекенде су басу қаупі жойылды, 10 елді мекенде қауіп барынша азайтылды,алайда 15 елді мекенде әлі де қауіп сақталып отыр.

Су тасқыны жағдайы күрделенетін болса, төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің 180 қызметкері мен 44 техникасы, азаматтық қорғау қызметтерінің

жалпы саны 1638 адамы, 350 техникасы, 66 жүзу құралы, 232 мотопомпасы сақадай сай тұр. Көктемгі су тасқынына 140 тонна жанар-жағармай, 15 мыңнан астам инертті материал, 67 мыңнан астам қап қоры дайындалыпты. Жаман айтпай жақсы жоқ, елді мекендерді су басқан жағдайда тұрғындарды көшіру 15 мыңнан астам сыятын 87 уақытша орналастыру орындары, қосымша 30 шатыр, 767 төсек-орын жабдықтары дайын тұр.

Аталған департамент мәліметіне сүйенсек, әкімдіктер өткен жылдың желтоқсан айынан бастапелді мекендерден 329 мың шаршы метр қар шығарды. Су тасқыны қаупін азайту жөніндегі шаралар аясында халықты хабардар ету мәселелері назардан тыс қалмайды.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарымен, төтенше жағдайлар басқармасының басшыларымен және белсенді тұрғындармен бірге су басу қаупі бар елді мекендерді аралап, дайындық жұмыстарын пысықтады.Екі жыл бұрын көктемде су басқан Өрлеу мен Ақшаттың аумағына биыл да дала суларының жиналу қаупі бар. Дегенмен мол судың бағытын бұруға мүмкіндік беретін шаралар қазірден қолға алынған.
— Қала аумағына дала сулары жиналғанда көктем сайын қауіп туғызатын 14-тен астам учаске бар. Өткен күзде ол жерлерде еріген қар суларының бағытын бұру үшін каналдар қазылып, бөгеттер тұрғызылған болатын. Қазір оның бәрін қыстай жиналған қар мен мұздан тазалап жатырмыз. Негізгі қауіп бар учаскелерге қатысты ауыл ақсақалдары бөгеттерді нығайту, тұрбалар орнату сияқты жұмыстарды тапсырып, ақыл-кеңестерін айтып жатыр, —дейді Азамат Бекет.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button