Құқық

Сот санкциясы салмақты ма?

Қазақ елі бодандық бұғауынан босап, байырғы қазақ жерінде еркін, теңдігі мен татулығы жарасып, бейбіт қоғамда тәуелсіз тыныс алғанына үстіміздегі жылы 20 жыл толғалы отыр. Тәуелсіздік таңында Елбасының тікелей қолдауымен жүргізілген сот реформасы нәтижесінде сот жүйесі әлемдік стандартқа сай өз жемісін бере бастады.

Ата заң бастаушы, бағыт-бағдар беруші күш ретінде Қазақ елін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды және елдің ең қымбат қазынасы — адам, адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын айқындап берді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030.  Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы»  атты басты стратегиясында құқық қорғау органдарының реформасын әрі қарай жалғастырумен заңның абсолютті жоғары күшін бекіту жөнінде айтып, бұл ретте «заң тыңдайтын» азаматтарды қылмыстылықтан қорғау қажеттілігін, соған орай тұтқындау құзырын соттарға беру туралы көрсеткен болатын. Елбасы идеясына орай, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қамауға алу, үйде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шараларын қолдану мәселелелері бойынша өзергістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2008 жылғы 5 шілдедегі Заң қабылданып, қамауға алу, үйде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шараларына санкция беру түбегейлі сот құзыретіне өтті.

Қамауға алу бұлтартпау шарасы соттың санкция беруімен заңда екі жылдан артық мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қасақана қылмыс жасаған, сонымен қатар, заңда үш жылдан артық мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген абайсызда қылмыс жасаған сезікті мен айыпталушыға қолданылатыны қарастырылған. Бұл бұлтартпау шарасы ерекше жағдайларда екі жылдан аспайтын мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген қылмыстар туралы істерге де қолданылуы мүмкіндігі көзделген. Егер сезікті немесе айыпталушының Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын жері болмаса, жеке басы анықталмаса, бұрын оған қолданылған бұлтартпау шарасының талаптарын бұзса, тергеуден, соттан жасырынуға тырысса немесе жасырынса қолданылады.

Аталған Заң қабылданған күнге дейін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы бір ғана айыптау тарапының өкілдері – тергеуші мен прокурор қолында жариясыз жабық күйінде келген болатын.

Қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына соттың санкция беруі, бір жағынан, еліміздің құқықтық мемлекеттігін айқындаса, екінші жағынан, адам құқықтары мен бостандықтарының заңды кепілі.

Бұл жетістіктің басты мақсаты, құқықтық мемлекет ретінде Қазақстан Республикасының дамуының тұжырымдама негізінде жеке тұлғаның құқығы мен заңды мүдделерін қорғау негізіне бағытталған.

Солай бола тұрса да, әңгіме өзегі болғалы тұрған, сезікті мен айыпкер алдында, қамауға алу түріндегі сот санциясын беру кезінде заңның абсолютті жоғары күшін айғақтай отырып, адам құқығы мен заңды мүдделерін қорғауда сенімге ие бола алдық па?

Сұрақ жауабын, күнделікті сот төрелігіндегі, судьяның қамауға алуға санкция беру туралы әрекетінен қарастырсақ, сотқа келіп түскен, сезікті немесе айыпталушыны қамауға алу туралы прокурор қолдаған тергеуші өтінішін қарау кезінде, судья қылмыстық істің қозғалғанын, ҚР ҚІЖК-нің 132-бабына сәйкес сезіктінің ұсталғанын, оған заңда көзделген тиісті бабы, тармағы және тарауымен айып тағылғанын, тергеушінің өтінішін, тергеуші өтінішін прокурордың қолдағанын және ҚР ҚІЖК-нің 150-бабында қарастырылған талап пен мерзімдердің сақталғанын зерттеумен шектелген.

Аталмыш заңда, ҚР Конституциясының 75-бабында қарастырылған соттар істі қарау кезінде айыптау мен қорғау фунцияларынан ажыратылғаны, тек сот төрелігі функциясын жүзеге асыратыны ескерілмеген.

Аталған шектеулер соттың адам құқығы мен заңды мүддесін толыққанды қорғауға кері әсерін тигізіп жататыны айдан анық. Сот төрелігін жүргізуде, қамауға алуға санкция беруге байланысты бір ғана істі ортаға салатын болсақ, ҚР ҚІЖК-нің 150-бабының солқылдақтығын аңғаруға болады. Атап айтқанда, Темір аудандық соты тарапынан биылғы 15 шілдеде А. есімді азаматқа қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қылмыстық қудалау органы тарапынан А. ҚР ҚІЖК-нің 132-бабының талаптарына сәйкес қылмыста сезікті адам ретінде ұсталған. Алдын-ала тергеу кезінде А-ның қылмыстық әрекеті ҚР ҚК-нің 103-бабының 2-бөлімінің «ж» тармағымен дәрежеленген. А-ның әрекеті дәрежеленген баптың санциясы заң бойынша төрт жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандық еркінен айыруға жазаланатыны қарастырылған. Демек, А-ның қылмыстық әрекеті ҚР ҚК-нің 10-бабының 4-бөлімінің талаптарына сәйкес ауыр қылмыс санатына жатады. Судья А-ны қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған кезде, А-ның кылмыста сезікті ретінде ұсталғанын, тергеушінің сезіктіні қамауға алуға санкция беру туралы өтінішін, тергеуші өтінішін прокурор қолдағанын, сезікті ауыр қылмыс жасағанын және ҚР ҚІЖК-нің 150-бабында қарастырылған заңды мерзімдер бұзылмағанын ескере отырып өтініш қанағаттандырылып, санкция берген. Осы іс бойынша, қылмыстық қудалау органы, араға екі ай салып, А-ның әрекетін ҚР ҚК-нің 104-бабының 2-бөлімінің «д» тармағына дәрежеленген. Яғни, А-ның әрекеті орта дәрежелі қылмыс санатына ауыстырылған. Заңмен судьяға сезікті немесе айыпталушының «Жасаған әрекетінің орын алғаны дәлелденді ме? Әрекеті қылмыс болып табыла ма? Әрекеті нақ қандай қылмыстық заңда (бабы, бөлігі, тармағы) көзделген? Әрекетті жасағаны дәлелдене ме? Ол қылмыстың жасалуына кінәлі ме?» деген өзекті сұрақтарды заң талдауға, зерттеуге және бағалауға мүмкіндік бергенде, алдын-ала тергеу кезінде А. қамауға алынбаған болар еді. Ал санкцияға ұсынған ауыр қылмыс жасаған адамды бостандықта тайраңдатып қою, кімге болса да үлкен сын.

Қамауға алуға санкция беру сот төрелігіне өткенмен, судьялар ҚР Конституциясының 75-бабындағы талаптарды қолдана отырып, заңның абсолютті жоғары күшін асқақтатуға дәрменсіз күйде қалып отыр. Бұл мән-жағдайлар, судьялардың біліктілігінде, тәжірибесінде немесе қадір-қасиетінде емес, керісінше судьялардың әділ де, адал әрекеттерін қамауға алу туралы заңның негізгі заңмен үйлесіп сабақтаспағандығында және істі тәуелсіз шешуге бұғау болып отырғанында. Қамауға алу туралы заңды ой таразысына салып талдап қарасақ, төмендегі көріністерді айқын сеземіз. Бірінші, баяғы жартас сол жартас, аты басқа болғанмен заты сол, қамауға алу туралы санкция мәселесі прокурордың еркінде һәм еншісінде қалып отыр. Демек, қамауға алу туралы санкция мәселесінде адам құқығы мен бостандығы жолында не істегіңіз келсе де прокурордың рұқсатынсыз, прокурордың еркінсіз шешу мүмкін емес. Екіншіден, қылмыстық істі жүргізіп отырған тергеуші қамауға алу туралы санкция мәселесін, істегі мән-жайларға байланысты дербес шешуге мүмкіндігі жоқ. Оған прокурор келісімі керек. Заңда тергеуші дербес шешім қабылдайтын уәкілеттік берілген лауазым иесі болса да, неге екені белгісіз, қамауға алу туралы санкция мәселесіне келгенде, ол дербестігінен айырылған, дәрменсіз адам кейпінде. Дәрменсізден көргенді пәрмен шықпайтыны — баршаға аян. Үшіншіден, қамауға алу туралы санкция азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғайтын сот билігіне өткеніне атойлағанымен, судьялардың да жағдайы тергеушілерден артықшылығы шамалы. Қосылғыштардың орны өзгергенмен, қосынды өзгермейтіні сияқты, айыптаушы өзгермейтін қосынды ролін атқарып нық отыр.

Бұл мәселеде судья сезіктінің әрекетінің дәлелденгеніне, оның кінәсіне, әрекет қандай заңда көзделгеніне заңды тұрғыда баға бере отырып, өз бойындағы ішкі дүние деп аталатын ар, қадір-қасиет, парасат және иман елегінен өткізіп, тәуелсіз шешім қабылдамағанша, адам құқығы, бостандығы және заңды мүддесі туралы сөз қозғау артықшылық.

Жоғарыдағы мән-жайларға қарасаңыз, заңның өзі адам мүддесінен қаншама алшақтап кеткенін көресіз. Оның себеп-салдары әділ де адал, игі істерімен халық сеніміне толық кірген сот билігіне кері әсерін тигізер жағдайлары аз емес. Тергеуші мен прокурор, біріншісі сот алдында санкция беруге өтініш келтіріп, екіншісі сол өтінішті қолдағанмен, санкция беретін судья болғандықтан, халықтың көзіне де, сөзіне де ілігетін — соңғысы. Заңда кеңес дәуірінің дәурені мызғымай сақталғандықтан, басты тұлғалар — өтінуші мен қолдаушы көлеңкеде қалып қойып, қамауға алушы немесе санкция берген судья көзге шыққан сүйелдей бажырайып тұр.

Өткен кеңес дәуірінде сот отырысы халықтық сот құрамында үш адам сот төрелігін жүргізетін. Ортада негізгі судья болса, судьяның екі шетінде екі халық заседателі отыратын. Көп жағдайда, халық заседателдеріне еңбек майданында еленген, заң тігісінен түсінігі шамалы еңбек адамдары тартылатын. Халық заседателдері сот төрелігіне толық араласып, судьямен тең дәрежеде адам тағдырын шешуге құқықты болғанмен, істің мән-жайын анықтауда, дәлелдемелерге баға беруде, іс бойынша шешім қабылдарда, екеуі судьяның аузына қарап, судья не айтса, соны мақұлдап отыратын. Заседательдер қарапайым еңбек адамдары болғандықтан заңмен реттелетін нәрселерді астарлауға заңды өрістері жетпейтін. Сондықтан, халық заседательдерінің іс-әрекеттеріне, анығырақ айтсақ, судьяның екі жағында отырып, судьяның айтқандарын мақұлдап, сыпайылық танытып, бастарын изеп отыратынына қарап, оларды «Бас изегіш мақұлбайлар» деп атап кеткен болатын. Бүгінгі таңда, қамауға алу туралы заңның солқылдақтығынан, сот төрелігін жүргізуші судья адам құқығы мен заңды мүддесін қорғау және заңды төрелігін айту орнына айыптаушы тарапты мақұлдағанан басқа шарасы жоқ. Демек, тақырып төркіні болып отырған заң, негізгі заңда қарастырылған адам құқығы мен заңды мүддесінен айыптаушының мүддесін жоғары қойған.

Қазақ елі өзін құқықтық мемлекет ретінде толық орнықтырды. Қазақстан Республикасын құқықтық мемлекет екенін паш ету — ортақ іс. Ортақ істе басты міндет адам құқығы, бостандығы және оның заңды мүддесін қорғау. Адам құқығы, бостандығы және заңды мүддесі бұлыңғыр болмасын десек, аталып отырған заңды ізгілендіру — өмір мен өркениет талабы. Әрбір заң баршаға ыңғайлы, адами тұрғыда қызмет жасауы керек. Сондықтан,  біріншіден, қамауға алу туралы санкция мәселесінде тергеушінің дербестігіне қол жеткізу қажет. Тергеушіге істің мән-жайы толық мәлім болғандықтан, сезіктіні қамауға алу қажет немесе қажет еместігі — оған анық және айқын. Тергеушінің дербестігін қалыптастырып, сезікті немесе айыпталушыны қамауға алуға санкцияның тікелей сот алдында өзі өтініш жасау мүмкіндігін туғызу керек. Бұл бір жағынан, заңға сәйкес тергеушінің дербестігін қалыптастырса, екінші жағынан, жауапкершілікті арттырады, үшінші жағынан, уақыт пен шығынды үнемдеуге мүмкіндік тудырады. Екіншіден, санкция мәселесі бойынша тергеушінің өтінішін қарайтын судьяға қылмыстық істі объективті түрде зерттей отырып, сезіктінің әрекетінің орын алғаны дәлелденді ме, әрекеті қылмыс болып табыла ма, әрекеті нақ қандай қылмыстық заңда (бабы, бөлігі, тармағы) көзделген, әрекетті жасағаны дәлелдене ме, ол қылмыстың жасалуына кінәлі ме? — деген сұрақтарды талдауға, баға беруге мүмкіндік жасап, өтінішті қарау мерзімін ыңғайластыру керек. Осы мәселелер заңдастырылса, тергеушінің дербестігі қалыптасып, адам құқығы мен оның заңды мүддесін қорғауда сот беделі артып, сот санциясымен ауыр немесе өте ауыр қылмыста қамауға алынған адамдар, соңында қылмысы дәлелденбей, онша ауыр емес қылмысқа дәрежеленіп немесе ақталып жататын деректер түбегейлі жойылған болар еді.

Аманғали ҚАРЖАУОВ,

Темір аудандық сотының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button