«Ақтөбе» — 100!Басты жаңалықтар

Газет мерейтойына арналған жарыс

Сейсенбі күні Кірпішті ауылындағы қысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алаңында дәстүрлі шаңғы жарысы өтті. Жарыстың биылғы ерекшелігі — облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналды.

Мерейлі сәт

Табиғаттың өзі қарасқандай, ауа райы ашық, күн жылы болды. Спорттық шара өткізуге де барлық қолайлы жағдай жасалды. Әсіресе жарыс жолы спортшыларды сайысқа шақырғандай, жарқырап тұрды. Сан түрлі спорттық киімдер киген жарысқа қатысушылар дода басталғанға дейін жаттығуға кірісіп кетті. Таза ауада тынығып, бір-біріне сәттілік тілеп жатты. Ал жарысты ұйымдастырушылар — «Ақтөбе Медиа» ЖШС мен қысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкерлері ғимарат алдындағы алаңға «Ақтөбе» газетін бейнелей жарнамалаған түрлітүсті баннерді іліп, жарысты тамашалауға келгендерді қарсы алды.

Бұл жолы аталған жарысқа спорттың осы түрімен шұғылданатын әуесқойлардан бастап, кәнігі спортшыларға дейін жиналды. Олар Ақтөбе қаласының, Қарғалы және Мәртөк аудандарының намысын қорғады.

Шараның ашылу салтанатынаоблыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончарев,  облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Алмас Елбосынов, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, ҚазақстанЖурналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары Айгүл Нұркеева, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай, бас редактордың орынбасары Мейрамгүл Сатаева, ардагер журналист Жақсылық Айжан сондай-ақ газет журналистері мен серіктестік қызметкерлері қатысты.

Шарада сөз сөйлеген Раукен Отыншин «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұған дейін дәстүрлі түрде шаңғы спортынан жарыстар ұйымдастырып келгенін, биылғы жарыс облыстық «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығына арналып отырғанын жеткізді.

— Биыл облыс журналистикасы үшін ерекше мерекелі жыл деп айтуға болады. Өйткені, республикамыздың байырғы басылымдарының бірі — облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газеті өзінің ғасырлық биігіне көтерілгелі отыр.

Жүз жылдық тарих — елеулі мерзім. Осы кезеңде алғашқы атауын «Кедейден» бастаған басылым, араға жылдар салып, заман ағымына, уақыт талабына сай «Алға», «Социалдық жол», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы» болып өзгеріп отырды. 1990 жылдың 12 қазанынан бері «Ақтөбе» атауымен шығып келеді. Газетіміздің атауы бірнеше рет өзгергенімен, өзгермеген бір-ақ нәрсе бар. Ол — басылымның өңір шежіресін байыпты жазуы, адамдардың ерен еңбегін, жақсылықтары мен игіліктерін, ілгері ұмтылыстары мен ізгілікті істерін тұрақты көрсетуі. Кезінде осы газетімізде елімізге белгілі қаламгерлер — Тобық Жармағамбетов, Құрал Тоқмырзин, Есенбай Дүйсенбай,Қажығали Мұханбетқалиев секілді ақын-жазушылар қызмет етті. Биыл осы қара шаңырақөзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтпек. Бүгінгі шаңғы спортынан өткізіліп отырған жарыс осы газеттің мерейтойына орай ұйымдастырылды. Сондықтан аталған жарысқа келіп, қатысқан барлық қатысушыға ризашылығымызды білдіре отырып, газет ұжымы атынан толағай жеңістер мен жетістіктер тілейміз. «Ақтөбе» газетінің мерейтойы баршамызға құтты болсын! — деді ол.

Сондай-ақ серіктестік директоры жарысты ұйымдастыруға қолдау білдірген облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мен қысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығы мен шаңғышыларға алғысын білдірді.

Бұдан кейін облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Алмас Елбосынов сөз сөйлеп, жиналғандарды газеттің мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ жарысқа келген спортшыларға сәттілік тіледі.

Жеңіске деген құлшыныс

Алғашқы болып жарыс жолына ең жас қатысушылар шықты. Жастығына қарамастан, балалар шаңғыны жақсы меңгергендіктерін көрсетті. Сайысқа берілген балалар бір-бірінен озуға барын салып, спорттық мерекенің сәнін келтірді. 1,2 шақырым қашықтықта бірнеше жас спортшы бірдей көрсеткішке қол жеткізіп, көптің ыстық ықыласына бөленді.

Әсіресеең кішкентай 6 жастағы Асылхат Дулатұлының спортқа деген талпынысы бізді таңғалдырды. Ақтөбе қаласына қарасты Өрлеу ауылынан келген ол жүгіруді, шаңғы тебуді жақсы көреді екен.

— Өрлеу ауылындағы №57 мектептің 1-сыныбында оқимын. Жасым — алтыда. Бүгінгі жарысқа аға-апаларыммен келіп, қатысып отырмын. Жарыс маған ұнады. Алдағы уақытта шаңғы тебуден осындай үлкен жарыстарға қатысқым келеді. Ал ең басты  арманым — ғалым болу, — дейді Асылхат.

Шаңғы жарысына Өрлеу ауылынан 18 бала қатысты. Олардықысқы спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Дулат Жұбанғарин алып келген.

Бұл балалардың барлығы — осы спорт мектебіне келіп, жаттығып жүрген спортшылар. Олардың бір тобы жақында Шучинск қаласында өткен ел чемпионатында жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Жалпы, облысымызда жыл сайын ұйымдастырылатын шаңғы жарыстарында мектебіміздің тәрбиеленушілері үздіктер қатарынан көрініп жүр. Бүгін де жас спортшыларымыз шаңғы жолында жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Бүгінгі шараның өтуіне бастама көтерген «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығына алғысымызды айтамыз, — деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде аталған спорт мектебінде 300-ге жуық бала тәрбиеленуде. Оларға 12 жаттықтырушы қысқы спорт түрлерінен дәріс береді. Балалар жұмыс күндері кесте арқылы келіп, шаңғы алаңында жаттығады. Жақсы көрсеткіш көрсеткен спортшыларды мектеп басшылығы спорттық киімдермен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді.

Жарысқа арнайы Қарғалы ауданынан келген спортшылардың бірі — Илья Томчук. Ол  Қарғалы ауданыныңЖосалы ауылында тұрады. Екі жылдан бері шаңғы спортымен айналысады екен. Жас спортшының алға қойған жоспары көп.

Мақсаты айқын Илья республикаға танымал шаңғышы болуды армандайды.

— Жасым 12-де. Жосалы ауылындағы орта мектепте оқимын. Сабақтан бос уақытымда шаңғы тепкенді жақсы көремін. Бүгінгі жарысқа жаттықтырушым Айдар ағайыммен келдім. Бұған дейін облыс көлемінде өткен жарыстарда жүлделі орындарды иелендім, — дейді Илья.

Жосалы ауылынан 16 спортшыны денешынықтыру пәнінің мұғалімі Айдар Жамалов бастап алып келген.

Оның айтуынша, жосалылық жастардың шаңғы спортына деген сүйіспеншілігі ерекше. Сондықтан жыл сайын облыстық турнирлерге бұл елді мекеннен келіп қатысатын жастар көп.

Ал Мәртөк балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Әсет Нигметов

құрамында 18 спортшы бар команда алып келген. Олардың үлкені жиырмада болса, ең кішісі 10-да.

— Біздің ауданымызда қысқы спорттың түрлері жақсы дамыған. Былтыр облыс көлемінде өткен чемпионатта Мәртөк ауданы бірінші орынды иеленді. Шәкірттеріміз республикалық, облыстық жарыстарда жеңімпаз атанып жүр. Біздің спорт мектебімізге ауданның басқа елді мекендерінен келіп жаттығатындар бар. Алдағы уақытта спортшыларымыздың санын көбейтіп, оларға қолайлы жағдай жасағымыз келеді. Қазіргі таңда бірқатар жастарымыз мектепте қазақша күрес, гір көтеру, басқа да спорт түрлерінен жаттығып, ауданның намысын қорғап жүр, — дейді Ә.Нигметов.

Жеңімпаздар тілегі

Жарыстың қорытындысы бойынша мәре сызығын бірінші болып кескен спортшылар —  Әлішер Телқабыл, Сезім Балқатова, Бекарыс Айдыр, Айым Еркінғалиева, Наталья Галали,Александр Швачко, Айбек Ғабдуллин, Шыңғыс Төлеу және Валентина Калинуроваларды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончарев пен «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин құттықтап, арнайы диплом мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Сондай-ақ ІІ және ІІІ орын алған жүлдегерлерді «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары Айгүл Нұркеева, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай мен бас редактордың орынбасары Мейрамгүл Сатаевалар марапаттады.

Жарыста15-17 жастағылар арасында І орынды иеленгенБекарыс Айдырдың айтуынша, мұндай кездесулер жас спортшылардың ерекше құлшынысын арттырып, жаңа деңгейге шығуына зор серпін береді.

— Бүгінгі жарыс қатты ұнады. Ауа райы да керемет болды. Қатысушылар да бір-біріне шын тілектестік білдірді. Алдағы уақытта да осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылса, жақсы болар еді.

Менің шаңғы спортымен айналысқаныма 6-7 жыл болды. Осы жерде өзімді еркін құстай сезінемін. Болашақта атақты спортшы болуды армандаймын. Бұл алаңда күн сайын 1,5-2 сағат жаттығамын. Биыл біраз жарысқа қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Енді жаз айларында өтетін сайыстарға дайындалуым керек, — дейді ол.

Бекарыс Ақтөбе қаласындағы №21 орта мектеп-гимназиясының 11-сыныбында оқиды.

Үлкендер арасындағы сайыста алтын медаль алғанВалентина КалинуроваҚарғалы аудандық ауруханасында медбике болып жұмыс істейді. Оның шаңғы спортымен айналысқанына көп жыл болған. Бұған дейін ол аудан көлемінде өткен жарыстарға қатысыпты.

Шаңғы тебу денсаулыққа өте пайдалы. Бұл спорт түрі адамның аяқ-қол, дене бұлшық еттерін күшейтеді. Сондай-ақ жүрек-қан тамыр, тыныс алу мен жүйке жүйесіне оң әсер етіп, тепе-теңдікті сақтай білу қабілетін арттырады, — дейді Валентина.

Шара соңында жарысқа қатысушылар қысқы спорт түрін ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Олардың көпшілігі жарысқа қатысқандарын жеңіске теңеді. Өйткені бұл жарыс олардың бір-бірімен кездесуіне, шаңғы жолында өзара күш сынасып, шеберліктерін шыңдауына мүмкіндік берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button