БілімБасты жаңалықтар

Қауіпсіздік қалай сақталады?

«Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін.

Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы — өте маңызды мәселе.

Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн.

Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.

Күні кеше Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.Маңызды құжаттың негізгі міндеттері — жетім балаларға тәлімгерлік институтын енгізу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарының басқару еркіндігін кеңейту. 

Балалар қауіпсіздігі — ел Президентінің басты назарында. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі де осы балалар қауіпсіздігі, олардың жайлы ортада өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасау. Бұл ретте Мемлекет басшысы  кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті. Біз бала қауіпсіздігін сақтау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Гүлдана Бакиевамен сөйлескен едік. Сонымен…

Тәртіп және телефонға тыйым

Еліміздің мектептерінде сабақ кезінде балалар ұялы телефондарды пайдаланбайтын болды. Бұл ереже оқу орнында ішкі тәртіпті сақтау үшін аса қажет. Бұрын мұғалімдер сабақ үстінде оқушылардың телефондарына тыным жоқ екенін айтып, шағымданатын. Расында, сабақ үстінде бір ғана баланың телефон қарап, өзге әлемде отыруы кабинеттегі барлық баланың сабақ оқуына кері әсер етеді.

Мұғалім ескерту айтады, оқушылардың бар назары әлгі балада болады. Сөйтіп,өзі 45 минут қана уақыттың біраз минутын телефон «ұрлайтын». Ал оны баланың ұстауына мүлде тыйым салуы үшін мұғалім шарасыз-тын. Өйткені елімізде ұялы телефонды қолданбау заңмен реттелмеген болатын. Осы орайда депутаттар қоғам үнін естіп, заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, заң жобасын әзірледі.  1 ақпанда заңды Сенат депуттары мақұлдады. 23 ақпан күні ел  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне балаларға білім беру, тәлімгерлік және олардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Біз, педагогтер қауымы, бұған қуаныштымыз.  Бұл үрдіс балалардың сабақтан тыс дүниелерге алаңдамай, сапалы білім алуына көмектеседі. Мектеп — оқушыға сапалы білім мен саналы тәрбие беретін білім ордасы. Сол себепті сабақ кезінде баланың бар ынта-ықыласы білім алуда болып, беріліп жатқан материалды толық меңгеруге тиіс.

Телефонға тыйым салды дегенді, көпшілік қате түсінбеуі керек. Балаға телефон қолдануға шектеу тек сабақ кезінде ғана қойылады. Сабақтан тыс кезде, яғни үзіліс уақытында оқушылар телефонды еркін пайдаланып, ата-аналарымен хабарласа алады. Айта кету керек, кейбір сабақтарда инновациялық технологияларды қолдану үшін телефон қажет болуы мүмкін. Мұндай жағдайда пән мұғалімінің рұқсатымен ғана балалар телефон қолдана алады, — дейді Гүлдана Кенжеғалиқызы.

Бақылау және қадағалау

Біздің өңірде білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамту мақсатында біраз жұмыс жасалып жатыр. Бұл үшін бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, қажетті құрылғылар, жабдықтар сатып алынуда.

Қазір 132 мектеп лицензиялы күзет қызметімен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен  1 204,0 миллион теңге қарастырылды. Басқа білім беру мекемелерінде мамандандырылған күзет қызметі жоқ. Дегенмен вахтерлар күндізгі уақытта білім беру ұйымына келіп, кеткен адамдарды тіркеп отырады. Кешкі уақыттан бастап күзетшілер жұмыс жасайды, — дейді Гүлдана Бакиева.

Оның айтуынша, облыс бойынша 36 мектеп металліздегішпен қамтамасыз етілген. 154 мектепте турникеторнатылған.

Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жарақтандыру нормалары мен террористік тұрғыдан әлсіз объектілердің талаптары бойынша жүзеге асырылады.Бүгінде облыстағыбарлық 403 мемлекеттік мектеп бейнебақылау жүйесімен қамтылған.Камералардың жалпы саны —9 311 дана. Оның 6101-і — ішкі камера, қалғаны — сыртқы камералар.

Бүгінде жедел басқару орталығына арнайы интернет желісі арқылы 174 мектептің2769 камерасы қосылды. Қалған 8 мектептің шалғай орналасуына, арнайы интернет желісінің болмауына байланысты орталықтандырылған жүйеге қосу мүмкін болмай отыр. Бұл мектептерШалқар (4 мектеп), Әйтеке би (3 мектеп)және Ойыл аудандарында орналасқан (1 мектеп), — дейді Гүлдана Бакиева.

Үш топ және бір мақсат

Облыста 292 жалпы орта білім беру ұйымы (163 614 бала мен 17 835 персонал) террористік тұрғыдан осал объекті санатына жатады. Өйткені бұл білім шаңырақтарында бір мезетте 100-ден астам бала мен персонал болады. Лаңкестердің мақсаты — адам көп шоғырланған нысандарда дүрбелең туғызу. Сол себепті адам саны 100-ден астам мектептер қауіпті топқа жатқызылады. 

Ел Үкіметінің  2021 жылғы сәуірдегі №234 қаулысына сәйкес инженерлік-техникалық жабдықпен жарақтандыруға қойылатын талаптар бойынша білім беру ұйымдарының терроризмге қарсы қорғалуы 3 топқа бөлінеді.

Бірінші топ —  персонал және білім алушылар (тәрбиеленушілер) саны 300 адамға дейінгі білім объектілері. Облыста бұл топта 110 мектеп бар.

Екінші топтағы білім беру объектілерінде білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) және персоналдың нақты саны 300-ден 700-ге дейін болады. Сондай-ақ бұл топқа аудан орталығында орналасқан 700-ге дейін оқушы және персоналы бар білім беру ұйымдары кіреді. Бұл топқа енетін объектілер үлесі — 62 білім шаңырағы.

Үшінші топтағы білім беру объектілерінде білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) және персоналдың нақты саны 700 адамнан асады. Аталған топқа Ақтөбе қаласындағы барлық білім беру мекемелері кіреді. Бұл санаттағы ұйымдар саны —  120 мекеме.   

Инженерлік-техникалық жабдықтармен қамту қызметіне  бейнебақылау, хабардар ету жүйесі, ішкі істер органдарына (жедел басқару орталығына) қосылған бейнебақылау камерасы, ішкі істер органдары немесе лицензиялы күзет қызметіне қосылған дабыл түймесі, техникалық бақылау және басқару жүйелері (турникет), лицензиялы күзет қызметі қарастырылған.

Талапқа сәйкес бейнебақылау және хабардар ету жүйесімен барлық 3 топтағы мектеп қамтылуы қажет. Осы орайда террористік тұрғыдан осал объектілер санатына жататын мектептердің барлығы да бейнебақылау және түсті-дыбысты (өрт дабылы) хабардар ету жүйесімен жарақтандырылған.

Ішкі істер органдарына (жедел басқару орталығына) қосылған бейнебақылаукамералармен және лицензиялы күзет қызметіне қосылған дабыл түймесімен талап бойынша 2 және 3-топтағы 182 мектеп қамтамасыз етілуге тиіс. 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button