«Жусан» операциясы: Ақмаралдың азабы мен сабағы

«Сириядағы азапты өмірден қылкөпірдей болған — миналанған жер арқылы қашып шығып, Әлхол лагерін паналадық. Мұнда біз секілді босқын атанған сан мыңдаған әйел мен олардың балалары бар еді. Көп ұзамай лагерьге Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қайта-қайта келіп, жағдайымызды біліп, бізді елге алып кетуге құжат рәсімдеп жатқандарын айтты. Мұны көрген сондағы Еуропа, Орталық Азия мемлекеттерінің әйелдері өздерінің қазақ болып тумағандарына өкініп, кейбірі тіпті лагерьден кетуі үшін «Қазақстан азаматымыз» деп жалған ақпарат айтуға мәжбүр болды. Олар адасқан азаматтарына кешіріммен қарап, елге алып кетуге бар жағдайды жасаған қазақ еліне зор құрметпен, бізге асқан қызығушылықпен қарады. Адасқан мен секілді көптеген адамға үлкен мүмкіндік беріп, Отанымызға оралуға жағдай жасауға ұйытқы болғаны үшін ел Президентіне айтар алғысым шексіз». Бұл — Сириядағы ұрыс аймағынан «Жусан» гуманитарлық операциясы арқылы елге оралған Ақмарал Алмағамбетованың сөзі.
Терроризм құрбанының 9 жыл отасқан жолдасы мен үш баласын тастап, «Египеттен діни білім аламын» деп өтірік сылтау айтып, Сирия асуына не себеп болды? Біз Ақмаралменкездесіп, оның Сириядағы азапты өмірі мен қателіктен алған сабағы туралы сөйлескен едік. Сонымен…
Улану
«Бәрі білімсіздіктің, діни сауатсыздықтың кесірінен болды. Бұл — бір. Екіншіден, күйеуіммен арада келіспеушіліктер жиі болатын. Жеке өмірімдегі мәселелер ушықты. Жалғызсырап кеттім. Бірақ материалдық жағынан қиындық мүлде болған жоқ. Баспанамыз болды. Ата-енеммен бірге тұрдым. Күйеуімнің тұрақты жұмысы болды. Мен де шағын кәсіпкерлікпен айналысып, кейін жауып тастадым. Қаржыға мұқтаж болған жоқпыз. Жолдасым жұма намазын оқуға мешітке барып тұратын, бес уақыт намаз оқыды.
Кейбір елдерде Сирияға кеткен азаматтарға қатысты қатаң саясат бар. «Лаңкестік қауіп төндіруі мүмкін» деп көптеген батыс елдері, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Франция қақтығыс аймақтарындағы соғысқа қатысқан азаматтардың елге оралуына шектеулер қойды. Бұл елдер қақтығыс аймақтарынан оралғандарды азаматтықтан айыру, елге кіруге тыйым салу, қамауға алу және қудалау сияқты түрлі шараларды қолданады.
Екі жыл бойы интернеттен «діни білім» алып, ақыры адасып кеттім. Өзімді өзім жоғалттым. Ол кең таралған сайт еді, оны тек Қазақстанның емес, бірнеше елдің азаматтары пайдаланды. Бұл 2011-2012 жылдары болатын. Маған Сирияға кетіп қалған Ресей азаматы «білім берді».Ол мені Сирияға шақырған жоқ. Бірақ өзінің тыңдарман, оқырмандарына діни материалдар жіберіп, нағыз дін, нағыз халифаттың Сирияда екенін айтумен болды. Ондағы өмірге қызықтырды. (Кейін, Сирияға барғанда ол адамның отбасымен араласып тұрдым. Ол да қателескенін білмепті, кейін түсінді. Бірақ мен оны ақтағым кеп тұрған жоқ). Сөйтіп,2013 жылы Сирияға кетіп қалдым. Күйеуімнен Сирияға кететінімді жасырып, «Египетке барамын» дедім. Онда соғысқа қатысқан жоқпын.
Жолдасым екеуміздің үш баламыз болды. Ол кезде үлкені 9-да, ортаншысы 5-те, кішісі 1 жаста еді. Оларды өзіммен бірге алып кету туралы ұзақ ойландым. Тастап кетуге қимадым. Бірақ ішкі түйсігім алмауымды қалады. Қанша дегенмен Сирияда бейбіт тірлік жоқ. От пен оқтың ортасында балаларым жарақат алып, жазым бола ма, әлде өзім жарақаттанып, олар қараусыз қала ма деп алаңдадым. Өзім шейіт болып кетіп, олар жетімдіктің азабын тарта ма деген қорқыныш та болды. Сосын елде қалғаны дұрыс деп шештім. Оның үстіне жолдасым да балаларды алып кетуге рұқсат берген жоқ. Ақиқаты, балаларымды далаға тастаған жоқпын. Олар әкесімен қалды, ата-әжесінің қамқорлығында болды», — дейді Ақмарал.
Өкіну
«Сөйтіп, Сирияны бетке алдым. Жолға қажетті билетті өзім сатып алдым, жол шығынының бәрін өзім көтердім. Бішкек арқылы Түркияға ұштым. Ондағы Хатай қаласы мен Сирияның арасы тым жақын болатын.Жедел жәрдемнің көлігіне мініп, жатжердің, жат елдің топырағын бастым. Көңілім құлазып, мұндакелгеніме қуана алған жоқпын. Көпке дейін балаларым есімнен шықпай, оларды сағынып, көзімнен жас тыйылмады. Елге оралғым келді. Кейін ол ойымнан айныдым. Не болса да басыма түскенін көремін дедім. Ішкі әлемім әлсін-әлсін «тым болмаса, Түркияға кет, бұл жақтан кет» деумен болды. (Ол кезде, 2016 жылға дейін Сириядан кетіп қалуға болатын еді, бұл уақытта Сирияның шекарасынан өтуде қиындық болған жоқ). Сөйтіп,біршама уақыт екі ойлы жүрдім. Сосын елде бәрібір түрмеге қамаламын деп ойладым. Сөйтіп, не де болса қалуға бекіндім. Бұл кезде менің санам әлі уланған қалпы еді…
«Жусан» операциясы алғаш рет 2019 жылдың қаңтар айындажасалды. Содан кейін мамыр айында Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімі бойынша және ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың санкциясымен операцияның өзге кезеңдері өтті.
Бұл жылы Сириядан ҰҚК үйлестіруімен Қазақстанның 595 азаматы оралды.
Арада көп уақыт өтпей тұрмысқа шықтым. Бірақ жар таңдауда жолым болған жоқ. Сол себепті бірнеше рет тұрмыс құруыма тура келді. Ол жақта әйел адамға жалғыз жүру қиын… Екі жолдасым жарылыс салдарынан қайтыс болды. Екеуінен бір ұл, бір қыз қалды.
Қазақы қонақжайлық, қазақтың ұлттық құндылықтары ол жақта да сақталды. Сирияда әр елден келген жамағат өз алдына бөлініп, бір жұрт болатын. Қазақ жамағатын бір кездері шымкенттік Талғат Бекмұрзаев басқарды. Жамағат басшысының (амир деп аталады) ұйытқы болуымен жетім-жесірге қолдау білдіріліп, көмек көрсетілетін. Соғым сойылса, міндетті түрдежетім-жесірлерге сыбаға таратылатын. Аптасына екі рет жамағаттағы қайырымдылық шарасын ұйымдастырушыларға тізім жіберетінмін. Сол бойынша қажетті заттардың бәрі жеткізілетін. Бұл тізімде жеміс-жидек, коктейльге дейін болды. Тіпті кір машина, интернет желісін өткізу секілді тұрмыстық қажеттіліктерімізбен де қамтылдық.
Жамағат басшысы Талғат Бекмұрзаевтың қолдауын көп көрдім. Ол кісі де қателескенін кейін түсінді. «Қазақтың әйелдері құрып кетеді» деп алаңдап, оларды балалармен бірге Түркияға жіберуді жоспарлай бастап еді. Бұл2015 жыл болатын. Бірақ сол жылдың аяғында жарылыс салдарынан қайтыс болды.
2016 жылы қателігімді толық түсіндім, бұл жолы елге анық қайтқым келді. Қазақстанды, ондағы мамыражай тірлігімді, анамды қатты сағындым. Әсіресе солжақтағы түрмеге түскенде санам сілкінді. 2017 жылы 4 ай балаларыммен бірге қамауда болдым. Түрмеде өзіме ешкім тиіспегенмен, көз алдымда балаларым таяқ жеп жатты. Оларды қорғауға шарасыз едім… Бұл кезді есіме алғым келмейді…
Жалпы, Сирияда 6 жыл тұрдым.Мен ең алдымен өзім үшін емес, балаларымның болашағына алаңдадым, ол кезде балаларымның бірі 4-те, екіншісі 2 жаста болатын. Ол жақта кез келген күні, кез келген уақытта бомба түсіп, мүгедек болып қалуымыз мүмкін еді. Содан қорықтым.
2016 жылы қателігімді түсінгенмен, шекарадан шығатын жол жоқ еді. 2018 жылдың аяғында Сириядан қашудың сәті түсті. Кез келген уақытта жарылыс болып қалу қаупі бар мина қойылған алаң арқылы қашуға тура келді.Бұл ауыр да болса тура, жарқын өмірге қадам бастайтын жалғыз-ақ жол еді. Жанымызды шүберекке түйіп, бір күн жүрдік. Бағымызға орай, қауіп-қатер болған жоқ. Тек адамның сүйектері шашылып жатқанын көріп, қорқынышымыз үдей түскені бар.
Мина алаңынан өткен соң бізді күрдтер ұстап алып, Сирияның солтүстік– шығысында, Иракпен шекарада орналасқан Әлхол лагеріне жіберді. Онда 5 ай болдық. Сириядан қашқан босқындарға арналған лагерьді қазақ әйелдері және олардың балаларымен бірге (250-ге жуық адам) Еуропа, Орталық Азия елдерінің (жалпы әлемнің 60-қа жуық елі) әйелдері де паналады. ЮНИСЕФ лагерьге әлеуметтік көмек көрсетті.
Сол лагерьде мүмкіндік тауып, «құтқарыңдар» деп туыстарыма хабарластым. Көп ұзамай лагерьге Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің өкілдері келе бастады. Олар қайта-қайта келіп, біздің жағдайымызды сұрады. Елге оралатынымызға сендірді. Басқа ұлттың өкілдері бізге қарап қызығып, жылап қазақ болып тумағандарына, Қазақстанда тұрмағандарына өкінді. «Қазақстанның Президенті мықты, Үкіметі күшті, адасқандарға мүмкіндік беріп, кешіріммен қарап, жағдайларын білуге арнайы органның өкілдерін жіберіп, елдеріне алып кетуге әрекет етіп жатыр» дейтін. Өйткені батыс Еуропаның бірнеше елі «қауіп-қатер төнеді» деп, Сирия асқан азаматтарының отандарына оралуына тыйым салды. Тіпті кейбір елдің азаматтары «бұрын Қазақстанда тұрдық, Қазақстан азаматымыз» деп өтірік ақпарат айтуға мәжбүр болды. Бірақ адамдардың деректері базада сақталатындықтан, әрине, олардың қулығы іске асқан жоқ. Мүмкіндікті пайдаланып, адасқан, қателесіп, жазым басқан азаматтарына кешіріммен қарап, олардың елге оралулары үшін бар жағдайды жасаған ел билігіне ризашылығымды білдіремін», — дейді кейіпкеріміз.
Облыста «Жусан» операциясымен оралған 9 әйел, 22 бала бар. Бір жетім бала әжесінің қамқорлығында тәрбиеленуде.
Оралу
«2019 жылы 9 мамырда Сириядан «Жусан» операциясымен қайтарылдым. Түркиядан Ақтауға ұштым, сол күні жеке ұшақпен Ақтөбеге келдім. 5 ай тергеу жұмыстары жүргізілді. Күзде Петропавлдағы әйелдер колониясына түстім. Онда 4 жыл 3 ай жазамды өтедім. Былтыр 28 шілдеде бостандыққа шықтым. Шартты түрде мерзімінен бұрын бостатылдым. Наурызда мерзімім бітеді.
Маған «діни алауыздықты күшейтіп, терроризмді насихаттады» деген айып тағылды. Мен, расында, лайықты, әділ жазамды алдым. Рас, мен өзге елге Отанымды сатып кеттім, Конституцияны, еліміздің заңдарын бұздым.
Сирияға барғаннан кейін 2016 жылға дейін жолдасым екеуміз хат жазысып тұрдық.«Балаларды алып, Сирияға кел» деп күйеуімді жиі шақырдым. Ол 2016 жылы үйленді. Сосын байланысымыз үзіліп қалды.
Мен өз қатемді толық түсіндім. Өз қателіктерімнен сабақ алдым. Хиджаб кимеймін. Бес уақыт намаз оқымаймын. Аллаға зікір жасап, дұға тілеймін. Қазір қап-қара орамал тағып, қап-қара хиджаб киген, ойы да қарайып кеткен Ақмарал жоқ. Мұны мен сырт көрінісіммен, яғни қара киімдерді шешу арқылы ғана емес, жан дүниемнің де тазарғанымен дәлелдеуге барынша тырысып бағып жатырмын. Балаларыма, туыстарыма өзгергенімді дәлелдегім келеді. Қазір туыстарым маған аз да болса сенім білдіруде. 2021 жылы анам қайтыс болды.Менен теріс бұрылмаған жалғыз адам — анам. Анамның кешірімін ала алмағаныма өкінемін. Онымен түрмеде болғанда соңғы рет бейнеқоңырау арқылы сөйлестім. Әрине, анам мені кешіргенін айтты. Бірақ бетпе-бет көріп, жүздесу, көрісу арқылы кешірімін естудің жөні бір бөлек…
Елде қалған балаларыммен кездесіп тұрамын. Олар: «Мама, сені кешірдік, сені жақсы көреміз» дегенмен, бір салқындықты сеземін. Балаларымның жүрегінде әлі де жарақат бар, маған деген өкпе-реніштері басылмаған. Жолдасым — өте жақсы адам. Сол себепті ол туралы жаман нәрсе ойлаудың өзі орынсыз. Оның мені балаларыма қарсы қоюы мүмкін емес. Дегенмен балаларымның мені толық қабылдамағанына, әйтеуір, біреудің әсері барын сеземін.
Сириядан бірге келген балаларым патронаттық отбасында уақытша тәрбиеленіп жатыр. Оларды қайтарып алғым келеді. Қазір олардың үлкені 8-де, кішісі 6 жаста. Басында олар маған жақындағысы да келмеген. Қазір келетін болды. Соған қуанамын. Қызым ұлыма қарағанда мені өзіне жақын тартады. Сириядағы аласапыран өмір ұлымның есінде еміс-еміс болса да қалды. Ол мені сол жаққа алып кете ме деп қорқатын секілді. Екеуі де сабақтарын жақсы оқиды. Ұлым математикадан біршама диплом, мақтау қағаздарын алған. Шахматқа қатысады. Қызым өнерлі, би үйірмесіне барып жүр.
Қазір «Ихсан» орталығында теологтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеймін. Оқу орындарында жастармен кездесуге жиі барамыз. Жиында жастар жазым баспауы үшін, жат ағымның жетегінде кетіп қалмауы үшін өз қателіктерімді айтамын. Кездесулерде кейбір қыздардың жанары жасқа толып тұрады. Бірі мені аяп жыласа, бірі өзінің ішкі әлемімен күресіп жатқанын түсінемін…» — дейді Ақмарал Алмағамбетова.
Жазып алған Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



