Мәдениет

Ұлағаты мол із

«Білімдінің жолы — жарық». Ырғыз ауданы мектептерінде кезінде басшылық қызмет атқарған, шәкірттерге жақсы жол сілтеген ұлағатты ұстаз  Мейірхан Жүсіпов есімі қазірде де құрметпен аталады.

Мейірханның әкесі Жүсіп заманында «Алаш» партиясының мүшесі болған. Ол «Қазақстанды дербес мемлекет етіп құру үшін күрес жүргізген, қызыл әскерлерге қарсы соғысқан  «Алашорда» қолының басшыларының бірі» деген айыптармен үш жылға жазаланған. Жазасын өтегеннен кейін де үш жыл бойы Қазақстанға кіру құқығы шектелген. Сөйтіп, қызыл империяның қудалауын көрген Жүсіп отызыншы жылдардың аяғында ғана елге оралады, бірақ үш әріптің аңдуынан өмір бойы құтылмайды. Жастайынан Бұхара мен Хорезмдегі мұсылмандық оқу орындарында оқып, діни сауат алған, Міржақып Дулатовпен жақын дос, пікірлес болған ол көз көргендердің айтуынша, шежіреге кенен, қызыл тілге шешен, адамшылық парасаты биік, сирек қайталанатын текті адам екен.

Ал әкесін ес біліп, етек жиғасын ғана көрген Мейірхан Ырғыздағы мектепті бітіріп, Ақтөбедегі Нұрпейіс Байғанин атындағы оқытушылар институтына 1944 жылы түсіп, екі жылдан соң тәмамдайды. 1946-1948 жылдары Ақтөбе педагогикалық училищесінде оқытушы болып қызмет жасайды.

1948 жылы «мен де үлкейіп келемін, елдің ортасына барсақ қайтеді» деген әке сөзін жерге тастай алмаған ол Ырғызға келеді. Аудандық оқу бөлімі жас жігітті бірден сол кездегі Калинин ауылдық кеңесіне қарасты Жаңақұрылыс мекеніндегі Калинин атындағы жетіжылдық мектепке директор етіп жібереді. Осы кезден бастап Мейірхан Жүсіповтің өмірінің соңына дейін үздіксіз жалғасқан директорлық жолы басталады.

Жігерлі жас директор бірер жылдың ішінде оқу-тәрбие процесін де, мектептің ішкі-сыртқы көркін де, материалдық жағдайын да сол кездегі талаппен қарағанда үлгілі деңгейге жеткізеді. Қызмет істей жүріп Қызылордадағы Гоголь атындағы педагогикалық институтты қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп алады. Ол жылдары Калинин селолық советіне Жаңақұрылыс, Шеңбертал, Қарасай ауылдары қарайтын. Арада аз жыл өткенде ол Қарасай, онда бірнеше жыл қызмет жасағасын Шеңбертал жетіжылдық мектептерінің директорлығына ауыстырылды, 1957 жылы Ырғыз селолық кеңесіне қарасты Қызылпартизан 8 жылдық, 1965 жылы Коминтерн орта мектебі, ал 1970 жылы Калинин атындағы кеңшардың орталығындағы Темірастау орта мектептеріне директор болып тағайындалады. Әр мектепке жіберілерде оған «бұл мектепті өзіңнің бұрынғы мектебіңнің деңгейіне жеткіз» деген талап қойылады екен. Мектеп басшысы ретіндегі жұмысының қандай болғанын осы бір талап көрсетіп тұрғандай. Жетпісінші жылдардың басында Ырғыз ауданының XXIV партсъез атындағы кеңшары құрылып, оның Қалыбай бөлімшесінің іргесі қаланды. Ауылда алғашында бастауыш мектеп болып, халық саны көбеюіне байланысты 1975 жылы сегізжылдық мектеп ашылды. Қазіргі Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізі бойындағы, жыл санап үлкейіп келе жатқан ауылдағы жаңа мектептің қалыптасып, жұмысы жолға қойылып кетуі үшін тәжірибелі, іскер директор қажет болғанда таңдау тағы да Мейірхан Жүсіповке түсіпті. Өз кезегінде тәжірбиесі аса мол, сақа директор жаңа мектептің материалдық-техникалық базасын, ұстаздар құрамын қалыптастырды, мектеп барлық көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарға шықты. Ал Мейірхан Жүсіпов туралы ел аузында әзіл-шыны аралас «директор болып туған адам» деген сөз жүретін.

Мейірхан ағаның зайыбы Бибізада да ұстаз болатын, жолдасы басшылық еткен мектептердегі бірнеше жүздеген бүлдіршіндер «Әліппені» осы кісінің алдынан ашты, ұзақ жылғы мінсіз еңбегі үшін «Қазақ КСР білім беру ісінің үздігі» атағына ие болды.

Бір ерекшелігі, Мейірхан ағайдың педагогикалық қызметі мектептерге басшылық жасаумен ғана өтіпті. Текті әкенің қанымен бойына дарыған көшбасшылық қасиет негізі Ыбырай Алтынсариннен бастау алатын осы өңірдегі педагогикалық өнегелі дәстүрдің көрнекті тұлғаларының бірі деңгейіне көтерді.

Дегенмен… 55 жыл ғұмырының 33 жылын мектептердің директоры қызметін атқарумен өткізген, тумысынан жұртты жетектеу үшін жаралған азаматтың аяғынан шалып, артынан тас лақтырғандар да болыпты. Арызды тексеруге келген комиссия негізінен оқу-тәрбие процесінде кемшіліктер жоқ екенін анықтаған.

Домалақ арызды кім жазғанын Мекең жақсы біліпті, бірақ білмеген сыңай танытыпты. Ұсақ мінезді пенделермен айтысып, ақталып жатуды арына сын көрген. Жанашыр біреулер «арызды кім ұйымдастырғанын білесің, сылтау тауып неге қызметтен қуып жібермейсің» дегенде, «жүре берсін, қасымда осындайлар жүргенде менің шаршауға, босаңсуға да уақытым болмай қалады ғой» дейтін көрінеді, қайран тектілік.

Арада жылдар өтті. Уақыт бәрін өз орнына қойды. Ірі, таза жүріп ел құрметіне бөленген, сол қалпында өмірден өткен аяулы тұлғаға жақында ғана Ырғыз селолық округі әкімінің шешімімен ауыл тұрғындары ұсынысы негізінде Қалыбай ауылындағы бір көше аты берілді.

Ұстаз деген қасиетті атқа лайық қызмет жасап, бірақ өмірден ертерек өткен ерлі-зайыпты Мейірхан және Бибізада Жүсіповтердің артында әке өнегесіне, ана үлгісіне адал ұл-қыздары қалды. Олардың үлкені Ерболат зайыбы Аққызбен бірге Шымкент мәдени ағарту институтын бітіріп, Ырғыз музыка мектебінде мұғалім болды. Кейін осы мектептің директоры, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы, Ақтөбе мәдени ағарту училищесінің мұғалімі болып қызмет жасады. Ерболаттың ізіндегі іні-қарындастары да алдарындағы үлгіні жоғалтқан жоқ.

Қазір Мейірхан ағай мен Бибізада апайдың тоғыз баласы тоғыз шаңырақ құрып отыр. Олардың барлығы да «адамды адам ететін екі нәрсе бар, бірі — еңбек, екіншісі —көркем мінез. Сонда ғана өмірлерің мәнді, тұрмыстарың сәнді болады» деп әке айтқан өсиетке адал тірлік етуде.

Рахымжан ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button