Спорт

Диана олжалы оралмақ

Филиппиннің Нью-Кларк-Сити қаласында су спорты түрлерінен XI Азия чемпионаты өтіп жатыр. Осы жарыстың алғашқы күнінде жерлесіміз Диана Тасжанова үш бірдей жүлдеге ие болды.

Жалпы, қазақстандықтарға жарыстың бірінші күнінде —11, келесі күні — 10, үшінші күні тағы да 10 жүлде бұйырды.

Құрлықтық бәсекеде жүлделер жас ерекшелігіне қарай үш топ бойынша сарапқа салынады: А тобы — ересектер, яғни 18 жастан асқан спортшылар; В тобы —15-17 жас аралығындағылар, С тобы — 14 жастан кіші балалар.

Диана бірінші жарыс күнінде А тобы бойынша еркін жүзуден 200 метр қашықтықта — күміс; ал 800 метр қашықтықта қола медаль жеңіп алды.

Сондай-ақ еркін жүзу әдісі бойынша эстафеталық жарыста (4 х100 метр) Қазақстанның қыздар құрамасы да күміс жүлдеге қол жеткізді. Жарысқа шыққан құраманың сапында Диана Тасжанова, Аделаида Пчелинцева, Ксения Игнатова және Софья Сподаренко болды.

Диана жарыстың екінші күнінде де жүлдесіз қалған жоқ. Бұл жолы ол еркін жүзуден 1500 қашықтықта өткен жарыста күмістен алқа тақты.

Ал жарыстың үшінші күнінде Қазақстанның қыздар құрамасы аралас эстафетада (4х100 метр) алтын жүлдені жеңіп алды. Еліміздің Әнұранын шырқатқан құраманың сапында біздің Диана да болды. Осы күні ол тағы бір жарыста — еркін жүзуден 400 метр қашықтықта күміс жүлдеге қол жеткізді. Сонымен,Диана үш күннің қорытындысы бойынша жеке жарыста — 4, ал құрама сапында 2 жүлде иеленді.

Үш күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының 15 алтын, 12 күміс, 4 қола медалін — барлығы 31 жүлде жеңіп алды. Чемпионат 9 наурызға дейін жалғасады, дегенмен суда жүзушілер арасындағы жарыстар кеше аяқталды.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button