Тағзым

Сындардан сүрінбей өткен…

Бұл күнде біраз белестерді өткерген біздің тұстастарымыз көптеген аға-апалардың өнегелі істерін көрдік, ұлағатқа толы әңгімелерін тыңдадық, орнықты жүріс-тұрысына еліктедік. Солардың бірі осыдан жеті жыл бұрын жасы тоқсанға таяп өмірден озған Төлебай Құрманалин еді.

Журналистік қызмет барысында Төкеңмен әлденеше рет сапарлас болдық, кейін облыс орталығында қоғамдық-саяси шараларға бірге қатысып, ағалы-інілі тұрғыда сырласудың сәт түсті. Сондағы байқағанымыз «ақырын жүріп, анық басатындығы», желауыз әңгімелерді жаратпай нақты түйін жасайтындығы еді.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында дүние есігін ашқан Төлебай төрт жасқа толғанында әке-шешесінің бірқауым ағайын-туысқа ілесіп, Шалқар өңірінен Қарабұтаққа, оның «Милы» ұжымшарына көшіп келіп, қоныстанғанын айтқаны бар. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген рас екен, шамалы уақытта әлгі ағайынның жай-күйі жақсара бастайды. Оның үстіне ағаш ұстасы — әкесі Құрманалының суармаға егіс салу үшін шығыр жасағаны колхоз шаруасының ілгері басуына септігін тигізді.

Кейіпкеріміз 1943 жылдың мамыр айында Қарабұтақ орта мектебінің жетінші сыныбын бітірген соң Темір педагогикалық училищесінде екі айлық курста оқып, ауылға келеді. Сөйтіп, төрт жыл бойына Милы бастауыш мектебінде шәкірттерге дәріс берген. Мұнан әрі армия қатарында әскери борышын өтеуге шақырылып, Қиыр Шығыстағы Владивосток қаласында төрт жылын өткізді. Данағұл Рысмағамбетов, Үсенғали Абдоллин және өзі командирлер даярлайтын үш айлық курста бірге оқыған.

Төкеңнің жақсы дағдысы — өзіне бағыт сілтеп, жол көрсеткен ағаларының қамқорлығын сүйсіне айтатын. Әскерде жүргенінде Қарабұтақ аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Қонақбай Назаровтан хат алып, кейін екеуінің арасында ағалы-інілі қарым-қатынас орныққанын да естігенбіз. Тіпті әскер қатарынан босап, елге келгенде алдымен Қонекеңнің үйіне маңдай тіреген. Хатшы болса Төкеңнің бойынан кісілікті аңғарып, аудандық кеңес атқару комитетінің жоспарлау бөлімінде экономист болып жұмыс істеуіне мүмкіндік жасайды. Бір жылдан соң аудандық комсомол конференциясында екінші хатшылыққа сайланады.

Осы қызметте жүргенінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұрқасым Бердіқұлов шалғайдағы тың совхоздарын аралуға шығып, қасына Төлебайды ертіп жүреді.

—Екеуміз екі атпен келе жатырмыз, — дейді ағамыз. —Қар қалың, күн аяз. Аттардың шаршағанын байқап, бірінші хатшы аздап аялдауға кеңес берді. Әрине, көліктерді жайлау менің міндетімде. Шананың алдындағы жарты қапшық сұлыдан екі дорбаға жартылай салып, аттардың басына ілдім. Бастығым бұл көрініске сүйсініп, әрі-бері жүрген соң маған: «Қосшы бала, аттардың бабын жасадың, ал біз не жейміз?» деді. Сондағы қысылғаным-ай…

Қазіргідей дәмхана, дүкен дегендер жоқ, ауылдардың арасы қашық. Түндегі қонып шыққан үйімізден мол еттен қоржынға салып алып шығу менің ойыма келмепті.

Сол Бердіқұлов, дәлірек айтқанда, Қарабұтақтан бұрын Ырғыз ауданына бірінші басшы болғанында бірден 23 адамға Социалистік Еңбек Ері атағын алып берген Нұрқасым ағамыз отызмыңшылар қозғалысы кезінде комсомолдың екінші хатшысы Төлебай Құрманалинді Ленин атындағы колхоз басқармасының төрағалығына жібереді. Аз ғана уақытта ұжымшар үздік көрсеткіштерімен көзге түсіп, төрағаға сыйлық ретінде қызметтік «Победа» жеңіл автокөлігі берілді.

Бердіқұлов қызмет бабымен Қызылорда облысына ауысып, ауданның бірінші хатшысы болыпЖағыпар Әміров келді. Колхоздар біріктіріліп, жаңадан совхоздар құрылып жатыр. Жаңа басшы «Ярослав» совхозының партком хатшылығына Төкеңнің кандидатурасын ұсынады. Бұл тапсырманы да абыроймен орындап, одан соң Партияның XX съезі атындағы совхоз партия ұйымына жетекшілік етті. Орта біліммен шектеліп қалуға болмайтынын түсінген Құрманалин Қапланбек ауыл шаруашылығы техникумының жанында арнайы жеделдетіп оқытатын екі жылдық курсты тәмамдайды.

Арнайы дипломымен елге оралған Төлебай екінші мәрте «Ярослав» совхозының партком хатшылығына жіберіледі. Көп ұзамай, яғни 1961 жылы 9 желтоқсанда Партияның XX съезі атындағы совхозға директор болып тағайындалды. Асылтұқымды мал өсірумен шұғылданатын осы совхозды үзіліссіз он жыл басқарды. Шаруашылық егіс егуде де жоғары көрсеткіштерге жетті. Іскер басшының қарауындағылардың ұсыныс-пікірлеріне ұдайы зейін қойып, жұмысты дұрыс ұйымдастыруы нәтижесінді елді мекендердің көркі жақсарды, жаңадан әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салынып, өзге өңірлерден өз ықыласымен көшіп келушілер көбейді.

Төлебай Құрманалин 1971-1986 жылдарда Ырғыз ауданында лауазымды қызметтер атқарды. Бастапқыда аудандық кеңес төрағасының орынбасары — аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болды, кейінгі бес жылын аудандық кеңес атқару комитетінің төрағалығына арнады.

Ол екі мәрте Еңбек Қызыл Туы орденімен, «Халықтар достығы» орденімен, тоғыз медальмен марапатталды, «Қазақ КСР еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» атағына ие болды. «Қазақстан Республикасына ерекше еңбек сіңірген дербес зейнеткер» дәрежесімен демалысқа шығып, Ақтөбе қаласына көшіп келді.Сосын «Казгипрозем» институтында аға агроном болып жұмыс істеді.

Т.Құрманалин қай жерде қандай қызмет істесе де, тәрбиелік тағылымы мол ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудан, тарихи тұлғаларды зерделеп, ұлықтаудан жалыққан емес. Әйтеке би, Тілеу Айтұлы, Мөңке Тілеуұлы, Қаражігіт Бектауұлы және басқа әйгілі бабаларымызды ел-жұртқа таныстыру шараларының басы-қасында жүрді.

Төкеңнің және бір қасиеті — құралайды көзге атқан мерген еді, балықшылықтан да хабары көп болды. Сыпайы, бойына алуан өнерді сыйғызған ағамыздың кеуде керіп, мақтанғанын көрмеппіз.

Азамат туралы сөз еткенде оның қасындағы өмірлік жарын ауызға алмау ақылға сыймайды. Төкең 1953 жылы шілде айында Қарабұтақ өңірінде зиялы азаматтардың бірі Тахауи Боранқұловтың қызы Расбекпен тілек тоғыстырып, шаңырақ көтерді. Саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған жеңгеміз қайда жүрсе де ағамыздың алдына түспей адал қызмет етті. Ерлі-зайыпты екеуі бауырынан өрбіген сегіз балаға қоғам мүлкіне қол сұқпауды, ешкімнің ала жібінен аттамауды ерінбей-жалықпай айтқанына талай куә болғанбыз.

Құдайға шүкір, ұл-қыздары әке-шеше үмітін ақтады: Тағыбергені ұзақ жылдар астық өнімдерін дайындау және ұқсату саласында басшылықта еңбек етті, Нағашыбай ауыл шаруашылығы өндірісінде, Бағланбек пен Гүлнәр құқық қорғау жүйесінде қызмет атқарды. Зүбәрзат, Ләззат, Гүлсім, Гүлсара анасының жолымен мұғалім болды.

Жақсының көші ұрпақтары арқылы осылай жалғасуда.

 Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button