Басты жаңалықтар

Қариялар қуанышы

Қарт адамға жылы сөздің өзі үлкен демеу. Азғантай ықылас-пейіл үлкен кісінің қабағын жылытып, жанына сезім шуағын енгізеді.

Ақтөбе қаласының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков өткен жұма күні бірнеше қарияның үйлеріне арнайы барып, құрмет-қошемет білдірді.

Жүз жастағы әже Қазира Темірова — өмірдің талай өткелді жолдарынан өткен, заман қиындықтарын бастан кешкен жан. Ол дүниеге тоғыз бала әкеліпті. Соғыс жылдарында тылда еңбек еткен. Бұрын Атырау облысында тұрған ол Ақтөбеге 1970 жылы қоныс аударыпты. Қазір кіші қызы Гүлжанның қолында тұрады.

Нұрмұхамбет Қанапияұлы қарияның денсаулығын сұрап, ізгі тілектерін білдірді.

— Қазір шөпшек сүйіп отырған бақытты анамын, — деді Қазира әже, — ұрпақтарым Астанада, Алматыда, Атырауда тұрады. Бәрі де хабарласып, қолдары тигенде келіп-кетіп жатады. Солардың бәрінің амандығын естіген сайын қуанып отырамын.

Әлия Молдағұлова даңғылындағы еңселі үйлердің бірінде тұратын қария қала әкіміне іздеп келгені, әкелген сыйлықтары үшін алғыс сезімін білдіріп, батасын берді.

Әуе қалашығы ауданында тұратын Иван Чигрин биыл 101 жасқа қарай қадам басты. Ол кезінде әуежайда еңбек еткен. Ұшақтарды жөндеуге қатысып, соғыс кезінде жеңіске тылдағы жанқиярлық жұмысымен үлес қосқан. Оның төрт баласы бар. Қызы Мәскеуде, бір баласы Самара қаласында тұрады. Екі ұлы — Ақтөбеде.

Ақсақал егемен еліміздің бүгінгі жетістіктерін мақтаныш тұтатынын, мемлекетіміздің әлде де қуатты бола түсетіндігіне сенетіндігін айтты.

Нұрмұхамбет Қанапияұлы әкелген сыйлықтарын тапсырып тұрып, қарияға жақсы тілектер айтты, сонымен бірге егде тартқан адамдарға жасалып жатқан қамқорлықтар туралы жеткізді.

— Қазіргі уақытта облыс орталығында он қария жүз жастан асқандар қатарында, — деді ол, — соның ішінде сізден басқасы — әйел адамдар. Үш әженің батыр ана атағы бар. Жүз жасқа жеткендердің барлығы да коммуналдық қызметтерді жеңілдікпен пайдаланады.

 

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button