Жаңалықтар

Оқырман

  • Инновация

ZANGAR USTAZ — МҰҒАЛІМНІҢ ВИРТУАЛДЫ КӨМЕКШІСІ

Қазіргі білім берудің стратегиялық мақсаты — өз жауапкершілігін сезіне алатын, өздігінен әрекет етуге қабілетті, барлық істе сауатты тұлғаны тәрбиелеуді қамтамасыз ету. Сондықтан қазіргі білім беру жүйесінде ақпараттық коммуникациялық технологияларды енгізу күннен күнге басты талапқа айналып отыр.

Оқу үрдісінде сынып жетекшісі мен оқушылар арасындағы тиімді менеджментті қалыптастыруда telegram bot қосымшасын қолданудың ұтымды тұстары мен артықшылықтары айтарлықтай көп.

Telegram bot —пайдаланушыларға мессенджердің өзі арқылы әртүрлі әрекеттерді орындауға мүмкіндік беретін автоматты режимде құрылған арнайы аккаунт.

Боттар «start» батырмасы басқаннан кейін «сұрақ-жауап» қағидатымен пайдаланушының мәтіндік командалары бойынша әрекеттерді орындайды.

Zangar Ustaz bot —зерттеу нәтижесінде жасалған сынып жетекшісінің көпфункционалды виртуалды көмекшісі. Аталған бот мұғалімге оқушылармен оқу материалымен бөлісуге, оқушылармен кері байланыс орнатуға, оқушылардан қажет мәліметтерді жинауға мүмкіндік береді. Ал оқушы көрсетілген бот арқылы кез келген уақытта актуалды сабақ кестесін білу, мектепте орын алған жаңалықпен танысу, мұғалімге ұсыныс жазу, мектеп өмірінен фото-видео материалдарды алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл ботты кез келген жағдайда қолдануға ыңғайластыруға болады.

Бұл боттың жұмыс жасау алгоритмі айтарлықтай қарапайым. Пайдаланушылар жіберген хабарламалар, командалар және сұраулар әзірлеуші серверлерінде жұмыс істейтін бағдарламалық жасақтамаға жіберіледі. Telegram анонимді серверді цифрлауды өңдейді және қызметтік бағдарлама мен пайдаланушылар арасындағы кері байланысты жүзеге асырады.

Пайдаланушы мен боттың өзара әрекеті келесідей: Бот пайдаланушысы оған команда береді →боткоманданысервергебағыттайды→сервердегібағдарламаботтаналынғансұраныстыөңдейді→серверботқажауапбереді→ботқолданушыныңмессенджердиалогалаңынажауапты шығарады. Дәл осы цикл сіз кез келген батырма басқанда қайталанып отырады.

Жоғарыда көрсетілген принцип бойынша жұмыс жасайтын бот — білім алушылардан түрлі ақпарат жинау мен олар үшін қызықты әрі тиімді оқу-тәрбие процесін құратын заманауи құрал.

Жасұлан ҚАЙДАСОВ,

инновациялық жоба авторы.

 

  • Үлгі

КЕЛЕСТІҢ КЕЛБЕТІ

Отставкадағы полиция полковнигі Келес Дүйсенбин отыз жылдан астам уақытын ішкі істер саласына арнады. Жетпісінші жылдары еңбек жолын қатардағы сержант болып бастаған ол Ақтөбе облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы болып зейнетке шықты.
Жиырма жылдай Хромтау ауданы ішкі істер органында қызмет атқарған ол  Мәртөк және Қарғалы ауданы полиция бөлімдерінің бастығы болды.
1979 жылы Шымкент орта арнайы милиция мектебінің түлегі, лейтенант Дүйсенбин өз қызметін Хромтау қаласындағы аудандық ішкі істер басқармасының №1 арнайы комендатурасында инспектор қызметінен бастады. Кейін осы салада тәжірибе жинақтай бастаған жас лейтенант түрлі қызметтерді атқарып жүріп, 1983 жылы аға лейтенант дәрежесіне көтерілді. Сөйтіп, қазіргі Хромтау, бұрынғы Новоресей аудандық атқару комитетінің №5 арнайы комендатурасын басқарды. Бір қызығы, сол уақытта ол бар болғаны 25 жаста еді. Соған қарамастан, облыстағы арнайы комендатураны басқаратын ең жас бастық саналды.

Келес Дүйсенбиннің айтуынша, сол кездері небәрі 20 000 халқы бар шағын аудандық қалада құрылыс батальонының екі әскери бөлімі, бұрын сотталған адамдарға арналған емдеу-еңбек профилакториясы, арнайы контингенті 500 адамнан тұратын  екі арнайы комендатура орналастырылған әрі осылардың барлығы №5 арнайы комендатураға біріктірілді. Мұның бәрі қаладағы жағдайға әсер етіп, операциялық жүйені қиындата түскені рас.

Арнайы контингент арасында қандай қылмыстық жағдай болғанын түсіну үшін сол жылдардағы екі қылмысты ғана атауға болады. Оның бірі — аудандық ішкі істер органының аға тергеушісі, полиция майоры Б.Иманғазин жұбайымен бірге өз үйінде аяусыз атылса, екіншісі — зорланған және өлтірілген жас қыз. Оның мәйіті «Хромтаутяжстрой» трестінде цемент салынған бакке  тасталған. «Бұл қылмыстардың барлығы ашылып, кінәлілер ұзақ мерзімге сотталды», — деді К.Дүйсенбин.

Жыл қорытындысы бойынша арнайы контингенттер арасында осындай күрделі жедел жағдайға қарамастан, К.Дүйсенбин бастаған ұжым республика бойынша үздіктер қатарынан танылды. Әрине, мұндай абыройға жету бір ұжымның, бір команданың маңдай тері, ондағы жастардың үлкен еңбегі еді. Өзін талантты басшы ретінде көрсете білген Келес Дүйсенбиннің жұмысты ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары болатын.

1989 жылы Келес Дүйсенбин аудандық ішкі істер органының меншікті ұрлауға қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі қызметіне ауыстырылады. Бұл қызметте де ол өзін жедел қызметкер ретінде жақсы қырынан көрсете білді. Осы лауазымда болған қысқа уақыт ішінде олар Ақтөбе қаласының дәріханалары арқылы сатылған шприцтер партиясының үлкен ұрлығын анықтайды. Қылмыстың беті ашылып, қылмыскерлер өз жазасын алды.

Кейіпкеріміз 1992 жылдан 1996 жылға дейін Новоресей ауданының ішкі істер бөлімі бастығының жеке құраммен жұмыс жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалады. Екі жыл бойы ол майор бола тұра, Мәртөк және Қарғалы аудандарының ішкі істер органдарын басқарды. Осы жылдары ол бөлім ғимараты үшін бұрынғы автобазаның кеңсесін қалпына келтірді, уақытша ұстау изоляторын салды, бөлімдерді көліктермен қамтамасыз етті.

Кейін ол он жылдай Ақтөбе қаласы ішкі істер департаментінің 162/1 қылмыстық атқару жүйесі саласында еңбек жолын жалғастырады. Осы жылдары тергеу изоляторына жөндеу жүргізіліп, жаңадан медициналық блок салынып, кезекші бөлімі қайта салынады.

Бір жылдай оқшаулау бөлімінің бастығы болған К.Дүйсенбиннің тұсында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының талабына сәйкес келетін Ақтөбе қаласында жаңадан заманауи уақытша тергеу изоляторы салынды.

2005 жылы Келес Дүйсенбин Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы қызметіне тағайындалады. Осы қызметке келген уақытта ол  басқарған ұжым Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 80 жылдық мерейтойына арналған іс-шарада батырдың туған елінде және осы тұста Қазақстан Республикасы Президенті Сайлауында халықтың қоғамдық қауіпсіздігін жоғары дәрежеде қамтамасыз етті.

Құқық қорғау саласында мінсіз қызмет атқарған Келес Жалғасұлының атына берілген көптеген марапаттар бар.

Ләззат ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы. 

 

  • Ғылым

АҚТӨБЕ АСПАНЫНДАҒЫ АСТРОНОМИЯЛЫҚ ҚҰБЫЛЫСТАР

Биыл — кібісе жыл, яғни бұл жылда 366 тәулік бар. Жыл басы біздің күнтізбеміз бойынша қаңтардың бірінші тәулігінен басталады. Аспандағы Күн бізге қатысты өз орбитасының ең жақын (перигелиіне) болатын орнына келді де, Жерден қашықтығы 3 қаңтарда а=0,983 астрономиялық бірлікті құрады, сонда Күннің көрінерлік диаметрі 32°,53ʼ (бұрыштық минут) болып, жылдың ортасында 31°,46ʼ (бұрыштық минут) болғанға дейін алыстайды.

21,22 желтоқсанда Күн аспан экваторынан ең төменгі деңгейге дейін түсіп, қысқы тоқырауға ұшырайды, бұл кездері тәуліктің күндізгі мезгілі ең аз, түн мезгілі ең ұзақ болады. Осыдан кейін Күн жоғары көтерілуге бет түзейді, бұл құбылысты христиан дінін ұстанатын халық «рождество» деп тойлайды.

Ал ай жыл бойы әр айда барлық зодиакалды шоқжұлдыздарды бүркеп өтіп жүреді, және әр тәулікте шығысқа қарай шамамен 13ο жылжиды, сөйтіп, Ай батыс жақтан туып, шығысқа қарай көкке көтеріле береді де, туғаннан 14 тәулік өткенде толған ай кейпіне келеді.

Бұл кезде Жер Күн мен Ай аралығында болады. Бұл құбылысты «өліара» дейді, яғни Ай көрінбейді. Содан кейін Күн жарығынан шеті «орақ» тәрізді болып, «жаңа ай» туады. Айтқанымыздай, Ай жұлдыздарды бүркеп жүреді дедік. Биыл Ай Шолпанды 7сәуір түнінде және 5қыркүйекте, Қызыл жұлдыз (Марс) 5 мамырда және 18 желтоқсанда, ал Сатурнды 6 көкектен бастап жыл бойына 10 рет бүркейді. Жұлдыздардан Торпақтың α-жұлдызы Альдебаранды 18 тамыз түнде, Арыстанның Қамбар (Регул) жұлдызын шілденің 26-сы түнде бүркейді. Ал Бикеш шоқжұлдызының Спика жұлдызын 16 маусымнан бастап 8 рет жыл бойы бүркеуін ашық аспан түндерінде тамашалауға болады.

Планеталардың жай көзге жұлдыз сияқты көрінгенмен, ай сайын жұлдыздарға қатысты орнын ауыстыратынын байқауға болады, сол себепті қазақ оларды «кезбе жұлдыздар» деп атаған. Оларды бинокль немесе телескоппен қараса жұлдыздар сияқты емес, үлкейген ақ дақ ретінде көруге болады. Үлкейтуі көп болатын телескоппен олардың бетін, түсін көріп тамашалауға болады. Сонда биыл жылдың екінші жартысында Қызыл жұлдызды (Марс) көре аламыз, ал Қоңырқай (Сатурн) мен Есекқырған (Юпитер) қыркүйек айының алғашқы тәулігі мен желтоқсан айының алғашқы түндерінде  — Суқұйғыш, Тоқты және Торпақ шоқжұлдыздарын бүркейді. Түнгі аспанның тағы бір қызығы — Үркер шоқжұлдызы, Таразы шоқжұлдызы және Сүмбіле жұлдызы, үшеуі үш айда туып, жылдың мамыр айының алғашқы тәуліктерінің бірінде бір мезгілде батады. Үркер шоқжұлдызы жер астында жатса, мал азығы көп болады. Аңыз бойынша төрт түлік мал Үркерді аспанға шығармай, күзетке тұрғанда, кезек ешкіге келіп, жеңіл мінезінің кесірінен тұяқтарының арасынан шығарып алыпты. Осы мезгілде шөп сарғайып, күз келеді.

Осы айтылғандарды анық көріп қызықтау үшін Ақтөбедегі планетарийге келіп, аталған аспан объектілерін көріп тамашалап, кеңес-нұсқау алуға және арнайы тапсырыспен көктем мезгілінен бастап, ашық ауа райында қала сыртында телескоппен бақылау жасауға болады.

С.УТЕНИЯЗОВ, зейнеткер, ұстаз,

А.ҚАРЖАУОВА,планетарий қызметкері,

Ақтөбе қаласы.

  • Ғибрат

СЕРГЕК ОЙЛЫ, ҚАҒІЛЕЗ ҚАРТ ЖУРНАЛИСТ

«Көп қимылдап, тоя тамақтанбау — денсаулықты күтудің қарапайым қағидасы». Бұл —  бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сембай Қарин ағамыздың күнделікті тірліктегі басты ұстанымы.Күніне шақырымдап жаяу жүріп, өзін сергек ұстайтын ақсақалымыз сонау алпысыншы жылдардың басынан бастап теміржол саласында тепловоз жөндеушісі, машинист көмекшісі, нұсқаушы машинист, инженер-технолог сынды жауапты қызметтерді атқарады. Еңбек жолын қатардағы жұмысшылықтан бастаған ардагердің есім-сойы жергілікті оқырман қауымға етене таныс. Өйткені ол 1990 жылдардан бастап зейнетке шыққанға дейін аудандық «Шалқар» газетінде тілші болды. Шойынжолда ширек ғасырдан астам уақыт шарболаттай шыңдалып, нағыз қажырлы шағында Сәкең қолына қалам алады.

Қаламның өзі жеңіл болғанымен, көтерер жүгі ауыр. Шығармашылықтың ой-қиялымен келетін нәзік те зор жауапкершілігін Сембай аға терең сезініп, редакция тарапынан берілетін үздіксіз тапсырмалардың барлығын адал атқаруға тырысады. Кезінде «Шалқар» газетіне ұзақ жылдар редакторлық еткен қарт журналист, жазушы Тауман Төрехановтың шәкіртіне берген: «Сембай — кристалдай таза адам», — деген мінездемесі әлі күнге дейін аға-буын әріптестері арасында сүйінішпен айтылады. Шынында да, ағамыз адам баласын алаламайды. Алдында біз бала болсақ та, ағаның өзіңе деген ізетін көріп, қарапайымдылығын құрметтейсің. Сөзіміздің басында айтқандай, оның тағы бір жоғары бағалайтын қасиеті — өзін саламатты өмір салтына бейімдеп, қарттықтың жолына табан тіресе де, тұстастарынан ширақтау көрінетіндігінде.

— Иә, жаяу жүру — нағыз спорттың бір түрі. Сондықтан өзім қимыл-қозғалыстың көзі — жүру деп есептеп, күніне бірнеше шақырым жаяулатамын. Жаяу жүру қартайғанда буындарымызға да пайдалы және тыныс алу жолдарын реттейді. Мен аса бір алып бара жатқан ауру болмаса, дәрі-дәрмек қолданбаймын. Ұдайы дұрыс тамақтанып, саламатты өмір салтын ұстануға тырысамын. Үлкейгенде адамнан ұйқы қашады ғой. Таңертең ерте тұрып, күнде дене жаттығуларын жасауға өзіме уақыт бөлемін, — дейді ардагер сергек болудың қыр-сырымен бөлісіп.

Ол Шалқар қаласының Жұмысшылар қалашығында орналасқан үйінен біздің «Шалқар» газеті редакциясы орналасқан «Анаға тағзым» орталығы ғимаратына аптасына екі-үш мәрте жаяу келіп кетеді. Кейде бізбен әңгімелесе отырып, «сол азамат туралы жазайын» деп, аяқ астынан өзіне кейіпкер тауып алып, оны жаяулатып іздеуге шығады. Қаланың барлық аумағын жаяу аралап, көңілге түйгенін қойын дәптеріне түртетін ардагердің еңбексүйгіштігіне тәнті боласың. «Қасқырды төрт аяғы, журналисті екі аяғы асырайды» деген уақыт ағымымен қалыптасқан сөз бар. Расында да, ардагер ағамыз жаяу жүріп-ақ күніне қыруар шаруа бітіреді. Өмір тәжірибесінен зерделеген ой-пікірлерін жинақтап, оны мақала, әңгіме, арнау өлеңдерге топтастырып, қазірге дейін баспадан 14 кітап шығарып үлгерді. Сол кітаптарын өткіземін деп, ешкімді мазаламайды. Керісінше, «менен тәбәрік болсын» деп тегін үлестіріп, мәрттік көрсетеді. Бұл да екінің бірінің қолынан келе бермейтін дария кеуде қазыналы қарттарымызға тән мінез.

Өмірлік дәм-тұз жарастырған қосағы Нағипа апай екеуінен тараған ұл-қыздардың бойында да еңбексүйгіштік қасиеттер топтасқан. Балаларының барлығын аяқтандырып, өз алдарына үй қылған ата мен әже бүгінде 12 немере, 4 шөбере сүйіп отыр.

— Менің журналистік жолда түйгенім — бойыңда күш-қайрат барда қаламыңды қалғытпау керек. Жазамын десең мына қоғамда тақырып көп-ақ. Алуан шаруаларды тындырып қатарымызда еленбей жүрген еңбек адамдары қаншама? Осылардың жақсы ісін, тура жолын баяндап, жаза алсаң, оның өзі де өскелең ұрпаққа тағылымды дүние, оның сыртында бүгінгі жазғаның  ертеңгі тарих болып қалыптасады. Қазіргі күні қағаз бетіне түсетін жазудың оқырманы азайды десек те, жақсы жазылған мақала жерде қалмайтындығына мен сенімдімін. Газет сөзінің өмірі ұзақ, сонысымен ол құнды. Сондықтан да кейінгі қалам ұстаған жастарға айтарым, жазудан еш жалықпай, оның қыр-сырына үңіле түсуді өмірлік мақсатқа айналдыру қажет. Сонда ғана қоғамда ел тұрақтылығын көздейтін парасатты журналистер қалыптасар еді, — дейді ардагер.

Қыстың қаһарлы күнінде, жаздың аптап ыстығында кейіпкерін ықыласпен  жаяу іздеп жүретін Сембай ағамыздың қаламынан әлі де ғибратты дүниелер туарына кәміл сенеміз. Таяуда 84 жасқа келіп және «Ауданға сіңірген еңбегі үшін»  төсбелгісін иеленіп, қуанышы еселеніп отырған  ардагерімізге осылай жылы лебіз білдіруді абзал міндетімізге санадық.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

  • Пікір

КІСІЛІК ПЕН КІШІЛІК

Адам бойындағы осы бір асыл қасиеттер ғасырлар бойы тәрбиенің өзегі болып келді. Кісілік пен кішілік азайғанда өркөкіректік пен менмендіктің бой көтеретіні белгілі жайт. Шындығында, осының бәрі отбасындағы тәрбие мен қоршаған орта ықпалы арқылы қалыптасады. Күнделікті тірлікте соған көз жеткіземіз. Жақында қалаішілік автобусқа таласа-тармаса міндік. Көлікті ұзақ күткендіктен бе, жолаушылар саны көп. Үлкен-кіші жайлы жайғасуды ойластырып қимылдауда. Кейбірі отыра сала ұялы телефонға үңіліп, жан-жағына назар аудармай отыр. Сондай бір сәтте жасы сексенге жуықтаған кейуана: «Қарақтарым, үлкен кісілерге орын беретіндерің бар ма?» — деп еді, ешкім құлақ түре қоймады. Автобус та орнынан қозғалды. Бір аялдамадан өткен соң әлгі кісі шыдай алмады ма, телефонға үңіліп отырған жасы жиырмадан асқан қыз баланың қасына жақындап: «Аяғым ауырып тұр, қарағым, орын берсең қалай болады екен», — деді. Жалт етіп жанарын тіктеген ол үлкен кісіге бір қарады да: «Мен үшін қартаймаңыз, жаныңыз қиналса, үйде отырмайсыз ба?» — деп жауап қатты. Кейуананың үміті үзілді. Амал жоқ тұра берді. Сәлден соң әлгі жауапқа қарсылық білдіргендердің дауысы шыға бастады. «Көргенді болсаңшы, қарағым, анаңдай адамды сыйласаңшы, сен де сондай жасқа жетесің ғой», — деп жатты. Ал ол болса орнынан қозғала қоймады. Сол шақта жетпістен асқан ақ жаулықты ана өз орнын ұсынды. Кішілік таныта алмаған ұрпақ үшін автобустағы жолаушылар қатты ұялды. Төрт-бес аялдамадан кейін әлгі қыз тіл қатпастан қарт анаға қадала бір қарады да, автобустан түсіп қалды. Жасы үлкендер оның отбасында тәрбие көрмегенін айтып, ата-анасын кінәлап жатты.

Кісілік пен кішілік сәлем-сауқат сұрасудан да байқалады. Жасы кіші мен үлкендердің де сәлемдесу реті бар. Ауылда тұрдық, көргенімізді ортаға салғанымыз жөн болар. Көпті көрген көнекөз қария жиылып тұрған топқа «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем беріп жататын. Жан жадыратар жылы сөз айтып, арты сыйластыққа, сырластыққа ұласатын. Ауылдың үлкеніне жеке жолыға қалсам, бірінші сәлем бересің, ол сәлеміңді алып, біліп тұрса да, тегіңді сұрап тергеуінде де үлкен мән жататынын кейін білдік. Қарттарымыздың өнегелі істері өсиет болып қалған. Біздің ауылда ертеректе ашаршылық пен соғысты көрген ардагердің қайтыс болған ағасының артында қалған ұлы үйленді. Сонда  жасы жетпіске жуықтаған ардагер ата «ағайым ана жақта риза болсын» деп қоян жылының қатты қарлы боранында 30 шақырым жердегі қыстақтан тойға соятын өгізді атқа мініп айдап келгенде кісілігіне таңғалғанмын. Жасым үлкенмін деп қарап отырмады, аға алдындағы бір парызын орындады. Қысқасы, адам бойындағы асыл қасиеттер тәрбие мен жақсы мінездің қалыптасуынан болады. Данышпан Махмұд Қашқари бұл жайында «Кісілік пен кішілік — ұлылықтың белгісі» деген екен. Текті бабаларымыздан қанмен берілетін асыл қасиетті жүрек түкпірінде сақтай білейік, бауырлар…

Жақсылық АЙЖАН,

ардагер журналист.

Үздік

БАНГКОКТЫ БАҒЫНДЫРҒАН МЕТАЛЛУРГ

Ақтөбеліктер — өзінің сорттық жетістіктерімен әрдайым алда. Ел намысын қорғап, мерейімізді тасытып жүрген жерлестеріміздің бірі Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек етеді. 28 жастағы металлург Қайрат Жаржанов Тайланд елінің астанасында өткен әлем чемпионатында Әнұрамызды әуелетіп, аралас жекпе-жек тарихына енді.

Жақында Қайрат Бангкок қаласында өткен додада әлем чемипоны атанып, елге жеңіспен оралды. Қытай, Америка, Австралия, Индия, Тайланд, Қырғызстан, Бразилия, Куба сынды әлемнің 47 мемлекетінен 390 спортшы жиналған чемпионатта ол төрт қарсыласын жеңу үшін 9 минут уақыт қана жұмсаған. 52 келі салмақта сынға түскен әріптесіміз үш раундта австриялықты, жергілікті тай азаматын, индусты және финалда индонезияның спортшысын ұтып, жеңіске жетеді. Бір қызығы, Қайрат бірінші раундта қолының үш жері сынып, жарақат алса да, ұрысты жалғастырған. Сондай-ақ ол финалға Gamma ММА және  streaking MMA екі әдісімен шығып, қазақстандық ММА спортында жаңалық ашты.

Қайрат Жаржановтың спортқа деген қызығушылығын балаң кезде әкесі оятқан еді. Қайратты әкесі жеті жасында зауыттың «Металлург» спорт кешеніне күрес үйірмесіне берген. Міне, содан бері әлі күнге дейін оның спортта бағы жанып келе жатыр. Күрестен кейін самбо, дзюдодан республикалық чемпионаттардан олжамен оралып, жасөспірімдер арасында спорт шеберіне кандидаты атанды. Қайрат спорттың бұл түріне 2015-ке дейін қатысып, кейін Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. Әскерден оралған соң Ақтөбе қаласындағы әмбебап қоян-қолтық ұрыстан шәкірт дайындап жүрген белді спортшылардың бірі, жаттықтырушы Қайрат Ищановтың мектебіне барып, шеберлігін шыңдауға кіріседі. Осылайша металлург Қайрат 2016 жылы облыста өткен қоян-қолтық ұрыстан ашық кубокқа қатысып, алғаш рет шаршы алаңға шығады. Бұл доданың «кудо» деп аталатын әмбебап түрінен чеммпион атанған жас жігіт алдына биік мақсаттар қоя бастайды. Сол сәттен бастап соңғы онжылдықта Қайрат Қазақстан құрамасында, халықаралық ареналардың барлығынан тек бірінші орынды ғана иеленіп келеді.

Спорт пен өндірісті қатар алып жүрген әлем чемипоны күндізгі ауысымнан кешкі сегізде шығып, бірден дайындық залына тартады. Ал түнгі ауысым кезінде таңғы уақытта дайындалып, ауысымға дейін ұйқысын реттеп, демалатынын айтты. Жүйелі дайындық — жеңіске жетудің алғышарты екенін осылайша түсіндірді.

— Бұл — менің әлем чемпионатына алғаш рет шығуым. Тайландтағы дода мен үшін шешуші шайқаспен тең болды. Өйткені осыған дейінгі жетістіктерімнен кейін  әлемді мойындатсам деген мақсат қойғанмын алдыма. Сол мақсатыма әуелі Алланың, кейін бапкерлерім мен қолдаушыларымның арқасында жеттім. Шаршы алаңға шыққанда бір ғана ой — ел сенімін ақтау тұрады. Қарсыластарымды жеңіп, Әнұран шырқалған сәттегі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы чемпионатқа барарда маған қолдау білдірген ақтөбелік азамат, полиция капитаны — Аман Құлмұхановқа айтар алғысым шексіз, — деді Қайрат.

Өткен жылдың соңында облыстың «Үздік спортшысы» атанып, облыс әкімінің марапатына ие болған зауыттық Қайрат Жаржанов елімізде бұқаралық спорт түрін дамытуды көздейді.

Арайлым ҒАНИ,

Хромтау қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button