Мәдениет

Ұлттық жәдігерлер көрмесі ашылды

Тәрбие

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киелі Түркістанның төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында білім беру саласына қатысты бірқатар міндеттерді айшықтап берген болатын. Соның аясында қазір білім беру мекемелеріне ұлттық тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп жатыр.

Биылғы оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» жүзеге аса бастады.Шалқар қаласындағы №8 орта мектептің екінші қабатынан ұлттық жәдігерлер көрмесінің ашылуы аталған бағдарламаның шарапаты деуге болады. Тарих қойнауынан сыр шертетін көне бұйымдар көрмесінің ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. Оған мектеп ұжымы мен ата-аналар қазақы киіммен келіп қатысып, іс-шараның рухани деңгейін арттырды. Кимешек киген әжелеріміз шашу шашып, ақсақалдарымыз ата дәстүрді ардақтаған бұл баянды бастамаға ризашылығын білдіріп, баталарын берді. Оқушылар қол күрестіріп, асық ойнап, дәстүрлі спорттық ойындардан көрініс көрсетті.

Көрменің ашылу лентасын Шалқар қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев пен ақ жаулықты ана Базаргүл Сырғабекова қиды.

— Жас ұрпақты әдепті де саналы, арлы да абыройлы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен әдет-ғұрпымызды, дәстүрлі дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған мұраларды олардың саналарына сіңіре білуіміз қажет. Бұл көрме мектеп ұжымы мен ата-аналар қауымының белсенділігімен аз уақыттың ішінде жасақталды, алда бұндағы жәдігерлер қатары толығатынына сенемін. Осы көрме залында өтетін қосымша сабақтарда әр сынып оқушылары ұлттық құндылықтарға терең бойлап, рухани тұрғыдан да зейіндері артатын болады. Сананы сан мыңдаған ақпарат алаңдатқан бүгінгідей жаһандану кезеңінде жастарды рухты етіп есейту үшін оларды ата жолдан алшақтатпай, салт-дәстүр негіздерімен сусындатқан абзал. Мектебімізде ата-аналарды педагогикалық қолдау кабинеті де жұмыс істейді. Оның мақсаты — балаларды оқыту және тәрбиелеу бойынша ата-аналармен қарым-қатынасты күшейту, сондай-ақ берекелі отбасы мәдениетін дамыту, — дейді №8 орта мектептің директоры Рита Басмағанбетова.

Заманауи мектеп ғимаратының бір бұрышынан қазақы киіз үй пішінінде жасақталған көрмеге қойылған абажа, абдыра, ағаш төсек, адалбақан, асадал, жозы, сандық, кебеже сынды байырғы үй жиһаздарының түп тарихын мектеп мұғалімі Мәншүк Мапутова тиянақты таныстырды.

85 жастағы Дүйсенбай Ешмұханов ақсақал бұнда қойылған әрбір жәдігердің өзіне ыстық көрінетінін айтып, жастық шағын, бұғанасы бекімей ауыр еңбек жүгін арқалаған замандастарын есіне алды. Өзінің балалық шағы мен бүгінгі кезеңнің айырмашылығын таразылап, жастарға қанағат пен мамыражай өмірдің қадірі хақында өсиетін айтып, қонақ кәде ретінде күй тартып берді. Осы білім ошағының жас ұстазы, «Qazaqstan» ұлттық арнасындағы «Мергендер мекені» реалити шоуының жүлдегері, мерген қыз Сәндігүл Әленова садақ ату өнерінің төл мәдениетіміздегі орнын, асыл дініміздегі мергендік жайлы қасиетті сөздерді айта келе, жастарды осы өнерге көбірек тарту жөнінде ой-пікірін ортаға салды.Республикалық деңгейдегі мергендер сайысында оқ бойы озып шыққан Сәндігүл — мектебіндегі мақтаулы ұстаздардың бірі.

Шара барысында мектептің дарынды оқушылары өз өнерлерін паш етіп, меймандар мерейін үстем етті. Кезінде «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасымен салынған №8 орта мектебі — ауданымыздағы көрнекті білім ошақтарының бірі. Бұнда қазір әр аптаның дүйсенбісі «Ұлттық тәрбие» күні болып белгіленген. Бұл күні ұстаздар мен оқушылар мектепке қазақы нақыштағы киіммен келеді. Үзіліс қоңыраулары дәстүрлі күй әуенімен соғылып, ұлттық ойындар ойналатын осы күнді оқушылар да асыға күтеді екен.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button