Мәдениет

Сейсеннің сазды әлемі

Өнер

Елі іші қашанда таланттарға бай. Өнер — халықта. Алыстағы ауылдардан топ жарып шыққан өнерлі өрендер көптеп саналады.

Бүгінде облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі болып қызмет атқаратын сазгер, әнші Сейсен Айтжановтың шығармашылық жолына үңілгенде осындай ақиқатқа тіпті көз жеткізе түсесіз.

Әке тағылымы

Сейсен — ақтылы қой өргізген атақты шопанның баласы. Әкесі Мұқан Егізғалиұлы отыз жылдан астам уақыт қойшының таяғын ұстады. Кеңестік заманда Темір ауданының Ленин атындағы, «Дружба» кеңшарларында екінші тың атанған қой шаруашылығын өркендетуге лайықты үлес қосты. 1981, 1983, 1985 және 1986 жылдары ауданның таңдаулы шопаны құрметті атағына ие болды. Облыстық атқару комитетінің Мақтау грамоталарымен, үздік көрсеткіштері үшін Құрмет дипломдарымен марапатталды. Социалистік жарыста жоғары нәтижелерге жеткені үшін талай сыйлықтарға ие болды.

Озат шопанның кеудесінде сол жылдары ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені мен бірнеше медаль жарқырап жүрді. Еңбекқор әке алайда сол марапаттарды көрсетіп, мақтана бермейтін жұртшылыққа. Оның есесіне балаларын жанынан тастамай, еңбекке баулиды.

Әсіресе төрт ұлдың үшіншісі Сейсенді қасынан қалдырмай, өзіне көп жерде көмекші етіп алады. Елгезек бала да әке ықыласын далаға тастамай, оның айтқандарын мүлтіксіз орындап, қолынан келгенінше берілген тапсырмаларды тап-тұйнақтай етіп орындап жүреді. Тіпті бір мезгіл әке қасында қой бағып, оның кәсібін жалғастырсам қайтеді деген ой келген сәттер болды басына.

Кіндіктен жалғыз өскен Мұқан ұл-қызы аралас тоғыз баласының жапырағы жайылғанын, немерелерімен айналасы көгеріп-көктегенін жақсы көрмеді дейсіз бе? Сол арманның орындалуы жолында ол балаларым бақуатты тірлік кешсін деп күні-түні аянбай еңбек етті. Және перзенттерінің де жеңіл тірлікті қаламай, маңдай терін шығарып жұмыс істеулерін қалайды.

Шаруашылықтағы еңбек озаты Мұқанның балалары да әке тағылымын ақтап, жұмысқа икемді болып өседі.

Ал Сейсен болса, жастайынан өнерге жақын болып жетілгендіктен бе, бәрібір жүрегі сол бір әдемі әлемге бұра беретіндігін сезеді. Бұған әкесі де қарсы болмайды. Ең бастысы, адал еңбекпен өмір сүру қағидасын балаларым бойына сіңірсе болды деп ойлайды ол.

Өмірдің өзгеше сыны

Адам баласына өмір талай сынды алдынан тосады. Сырт көзге әп-әдемі болып жүрген талай жанның ішкі мұңы, қабағына кіреуке түсер тосын жайлары бар екенін әркім де сезінеді. Бірақ солай екен деп тіршіліктен түңілуге негіз болмаса керек.

Сол бір жастық шақта Сейсен мен Шайзада бас қосып, шаңырақ көтергенде де алда қиындықтар күтіп тұрады деп ойламаған шығар. Өкінішке қарай, жас келіншек жазылуы қиын дертке ұшырап, күтімге қарап қалады. Қашаннан жүрегі жылы, көңілі кең Сейсен жан жарының көңілін көтеруге, тән азабын жеңілдетуге бар жағдайын жасайды. Сөйтіп жүріп өнер өрісін де тарылтпайды.

Олардың отбасында дүние есігін ашқан Данагүл мен Нұрлы атты қыз бен ұл бүгінде ел қатарына қосылды. Сейсен оларды бір қызығы, әлі күнге дейін атасының балалары деп біледі.

…Сырт қараушылар сын айтуға құмар болып келеді ғой, өмірдің өз түзетулері де болған шығар, Сейсен берегіректе Айнагүл Тәженовамен бас қосты. Ол да өнер адамы, екеуінің бірігіп шырқаған әндеріне көпшілік талай рет қол соқты. Олар бәрібір Шайзаданы тағдыр талқысына тастаған жоқ, қажетті көмектерін жасап, ретіне қарай қамқорлықтарын көрсетіп тұрады. Жаңа отбасында дүниеге Темір атты перзент келеді.

Бір өкініштісі, олар алты жылдай ғана бірлескен ғұмыр кешеді.

«Айнагүл менің өмірімнің мәні-мағынасы болды деп айта аламын. Осы жылдары мен құс қанатында жүргендей сезіндім өзімді. Шығармашылық жағынан көптеген жетістікке жеттім. Дауасыз дерт екінші қосылған аяулы жарымды арамыздан ерте алып кетті. Қазір оның көзіндей болған Темірім екінші анасына айналған Шайзаданың жанында. Он жастағы Темірім мен Шайзада бір-біріне демеу, қамқоршы, бір-бірінің сүйеніші. Өмірдің заңы осылай болды», — деп ішкі сырын ақтарған-ды Сейсен әңгіме арасында.

Елу бестің есебі

Белгілі әнші-сазгер биыл өзінің елу бесінші белесіне көтеріліп отыр. «Әр жылдың мен үшін өзінше өрнегі, айрықша мағынасы бар. Нақ осы тұста мені«еліме не бердім?» деген сауал көбірек ойландыратын секілді. Сондықтан да жерлестерім алдында есеп беруді міндетім деп санадым», — дейді ол.

Ауылға деген сағыныш оны биылғы қаңтардың қарлы күндеріне, жол қиындығына қаратпастан елге қарай жетеледі. Темірліктер де өздерінің аяулы азаматын жол бойынан күтіп алды. Оған елдің дәм-тұзын ұсынды, жастар домбыраға қосылып ән шырқады.

Оның өзінің туып-өскен өлкесі —  Шығырлы ауылындағы салтанатты кешке халық көп жиналды. Өйткені бұл өңірдің еңкейген қариясынан еңбектеген баласына дейін Сейсенді жақсы біледі десек те артық емес. Оның бір сыры — әр үйдің шаңырағында сазгердің әдемі әуендері үзбестен шырқалып жататындығында.

Шығырлыдағы ән кешін жүргізу тізгіні талантты актер, өзіндік үні бар әнші Рахат Төрежановтың билігіне тиді. Ол «Қырдан асып келемін» деген әуезді әуенімен елді аңсаған перзентінің ішкі көңіл күйін, жүрек тебіренісін жұртшылыққа жеткізе білді. Былайынша айтқанда, өнер иесі мен тыңдармандары арасында алтын көпір орнатты.

Осы кеште сазгердің «Шұбарқұдық», «Анашым», «Сағыныш», «Мүмкін емес», «Қош бол дегім келмейді», «Туған жерім — Темірім», «Алдамайды жүрек» атты әндерін Серік Закария, Жазира Мырзахметова, Қасым Алпамысұлы, Мұрат Құлетенов, Нұрболсын Асылбек сияқты күміс көмей әншілер орындап, көрермен ризашылығына бөленді.

Республикаға танымал айтыскер ақын Марат Ахметов сахна төріне шабытпен шығып, өнердегі өзі құрмет тұтатын бауырына елдің құрметін, жерлестерінің ықыласын арнауы арқылы әдемі жеткізді.

«Мендей сүйсін бір ұлың!»

Өнер жолы қашанда оңай болған емес. Оған кез келген адам келе алмайды. Ол үшін әсемдікке құштар жүрек жалыны, әуенді сезінетін көңіл толқынысы, көңіл күйін тербететін сезім шуағы астасып жатуға тиіс.

Сейсен өзінің өнерге құштарлығы ауыл клубынан басталғанын айтады. Бұлардың бала кезінде онда музыкалық аспаптар болғанымен, біраз уақытқа дейін қозғаусыз жатып қалғанға ұқсайды. Содан Сейсен өзінің қатарлас достары Ерлан, Ержан, Адырбай болып дайындық жұмыстарын қолға алады. Сөйтіп, «Жанарым» атты ансамбль құрады. Көп ұзамай ауылдан барабаншы да табыла кетеді. Осылайша бозбалалардың әдемі әуені ауылдың ажарын ашады. Олар түрлі сайыстарға, конкурстарға қатыса бастайды, бірнеше рет жүлдегер де атанады.

Бұл Сейсеннің өнер жолындағы алғашқы қадамы болатын.

Мектеп бітіріп, әкесіне көмекші болып жүрген оны он жеті жасында әскер қатарына шақырады. Бастапқыда үйдегілер «құжатта бір қателік болған шығар, ертең әскери комиссариаттан кейін қайтарады ғой» деп жайбарақат отыра береді. Ал Сейсен болса өзінен бір жас үлкен жасөспірімдермен бірге Куйбышев облысының Тольятти қаласынан бір-ақ шығады. Мұнда ішкі әскерлер құрамында азаматтық борышын өтеп, екі жыл шынығу мектебінен өтеді. Өкінішке қарай, жауынгерлік сапта оған өнермен шұғылдануға еш мүмкіндік болмайды. Олардың негізгі міндеті күзет қызметін қамтамасыз ету, басқа да тәртіп сақтау шараларын жүзеге асыру болады. Сейсен мұнда үлгілі, тәртіпті жауынгер ретінде көзге түседі, аға нұсқаушы дәрежесіне көтеріледі. Бірнеше рет жауынгерлік ерекшелік белгілерімен марапатталады.

— Әскер қатарында біз спортпен шұғылдандық, талай сынақтардан өттік, осылайша шыңдалдық. Жауынгер достарыммен әлі күнге дейін хабарласып, байланысып тұрамын. Әсіресе ақтөбелік Батырбек, Қайрат атты жолдастарым ылғи да жанымнан табылады. Қиындық көрген сәттерімде олардың қолдау-көмегі арқасында көтеріліп кеттім деп айта аламын,— дейді ол.

Батырбектің әкесі Салық Шәуленов Ойыл ауданында жарты ғасырдай ұстаз болған, ұзақ жыл мектеп директорлығы қызметін атқарған үлкен ұлағат иесі еді. Тоқсан жастан асып барып, Ақтөбе қаласында өмірден өтті. Сейсен осы ақсақалдың тағылымдық әңгімелерін көп тыңдағанын айтады.

«Шынында, үлкен кісілер асыл қазынамыз ғой. Кейде олардың қадірін біле бермейтініміз бар. Салық әкеміз үнемі өмірлік тәжірибесін, тірліктен түйген ойларын айтып отыратын. Ол кісі: «Біреуге тіл тигізуден сақтан. Ақыл — дос, ашу — дұшпан. Әдептен аспай, кішілік көрсету арқылы кісілік танытуға тырысыңдар. Өз басыңа тілемейтін істі біреуге істеме, қиянаттан асқан қылмыс жоқ. Осыдан сақтаныңдар» деп отыратын. Сол тәлімді енді біз кейінгі буынға үйреткіміз келеді», — дейді бүгінде өзі де ел ағасы жасына көтерілген Сейсен.

Оның ойынша, адам жасы ұлғайған сайын бала кезгі достарының қадірін біле түседі екен. Бұл күнде Ерлан, Ержан, Қадір, Дәурен, Жанат, Қази, Кенжалы, Ерлан деген есімдер ол үшін ыстық болып сезіледі. Барлығы бір мектепте білім алды, сол қара шаңырақтан түлеп ұшты. Бір қызығы, олардың класында қыз бала болмапты.

«Алысып-жұлысып жүрсек те ауызбіршілігіміз мықты еді. Бір-бірімізге деген адалдығымыз ерекше болатын. Мықты бауырмал болдық! Бір-бірімізді бір сәтке көрмесек, үйді-үйімізге іздеп барып тұратынбыз. Біздің осыншалықты достығымызды әке-шешелеріміз де сезіп жүретін», — дейді Сейсен. Олардың сол кездегі жиі көретін сүйікті фильмі «Пираты ХХ века» деп аталады екен. Бәрі де басты рөлдегі Талғат Нигматулинге еліктеп өсіпті.

…Әнші-сазгердің бір қасиеті — жеңіл айтылатын, мағынасы бұлдырлау туындыларды онша жақтыра бермейді. Бұл ретте талғам-талабы бөлек, әнді талғап, таңдап айтуға бейім.

«Мен әуелден туған жер, патриоттық тақырыптардағы әндерді жақсы көреді екенмін,— дейді ол. — Сондықтан да болар, бір кездері «Шалқар вальсі», «Ойдағы елім — Ойылым менің» әндерін тұрақты орындап жүрдім. Бір уақытта байқап қарасам, өзімнің туған жерім туралы ән бары байқалмайды. Содан ойға батып, көңіліме орала берген әлдебір әуенді қайталай бергенімді білемін. Тіл ұшында «Темірім, Шұбарқұдығым» деген тіркестер қайталана береді.

Музыкасын реттеп, жүйелеп алған соң, жолдасым Орал Байсеңгірге жолығып, әннің сөзін жазып беруді өтіндім. Ол араға бір күн салып, әдемі бір мәтінді ұсынды. Оқыдым, көңілімнен шықты. Сөйтіп, «Туған жерім — Темірім» әні өмірге келді».

Бір қызығы, Сейсен бұнымен де тоқталып қалмайды. Туған өлкеге арнап барлығы он бестей ән шығарыпты. «Туған өлкем — Шығырлым» атты әнге бейнебаян түсіріліпті.

Бір кездері өзі туып-өскен Шығырлы ауылында жетпіс шақты үй болса, бүгінде ол едәуір азайған. Ендігі бір тілегі ауыл ізі сақталса екен дейді. Өйткені алыстан сағынып жеткенде балалық іздері сайрап жатқан қадірлі мекеннің қарайып тұрғаны қандай жақсы!

…Сейсен Айтжановтың ақпан айының жиырма жетінші жұлдызында қалалық мәдениет үйінде өтетін бұл жолғы концерті Ақтөбе қаласының 155 жылдығына арналмақшы. Оның бағдарламасында «Бақытты балалық», «Сен менің», «Асылдарым», «Достарым», «Анашым менің», «Жансен аға», «Атажаным», «Сағындым сені», «Ақпейіл көршілерім», «Әке мен бала», «Алдамайды жүрегім», «Қош бол дегім келмейді», «Көктем шуағы», «Ұстазым», «Туған жерім — Темірім» әндері орындалады.

Сахнаға ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, ҚР мәдениет қайраткері Аллаберген Жақсыбаев, ҚР мәдениет саласының үздіктері Жұлдыз Нұрқасымова, Гүлназира Сағынғанова, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Нұртас Омаров және басқалары шығып, әріптес бауырларына қолдау көрсетпекші.

Концерттік бағдарлама «Ақтөбе таңы» деп аталады.

Бұл — әнші-сазгердің туған шаһардың әр арайлы таңы әсем әнмен, тәтті күйге бөленіп ата берсе екен деген ақ тілегінен туған жақсы ниет жоралғысы!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button