Басты жаңалықтар

«Мұғалжар» газеті 80 жасқа толды

«Мұғалжар» аудандық газеті тарихы жағынан алғанда облыстағы алдыңғы лекке жататын байырғы басылым. Өткен жылғы қазан айында оның шыға бастағанына 80 жыл толды. Осы аралықта газеттің 7 мыңнан астам номері жарық көрген екен. Сексен жылдықты мереке ретінде атап өту белгілі себептермен кейінге қалдырылып, оның сәті өткен жұмада түсті. Бұл салтанат аудан өміріндегі екі бірдей маңызды оқиғаға арналды. Бірі аталмыш басылымның мерейтойы болса, екіншісі жаңадан шығарылған аудан энциклопедиясының тұсаукесері. Мұғалжарлықтар өз алдына, облыс орталығынан, аудандардан көптеген қонақтар шақырылған. Олар әр жылдарда осы газетте, аудандық баспаханада қызмет жасағандар, бүгінгі оқырмандар.

Аудан әкімі Серік Шаңғұтов ауданның әлеуметтік, экономикалық ахуалынан мол мағлұмат беріп, қонақтарға, «Мұғалжар» газетінің ұжымына сый-сыяпат көрсетті. Мұғалжар бұрынғы Ембі және Октябрь аудандарының біріктірілуінен пайда болған аудан екенінен көпшілік хабардар. Сондықтан бұрынғы Ембі аудандық газетінің журналистері де шет қалдырылмады. Жиында белгілі кәсіпкер Қуандық Әлішев, байырғы журналист Идош Асқар, облысқа танымал геолог Е.Книжник, газеттің бұрынғы редакторы Бақытжан Ниеталин, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ғалымжан Төреханов, тағы басқалар құттықтау лебіздерін айтты.

Осы салтанатқа қатысушылар әсіресе «Мұғалжар» энцинклопедиясының сәтті шыққанын баса айтты. Төрт мың данамен шыққан энциклопедия аудан шежіресін ықшам да нақты әрі ұтымды баяндайды. Редакция алқасы негізінен аудандық газеттің қызметкерлерінен құралған. Кеңес мүшелері білікті азаматтардан құралып, оны аудан әкімінің өзі басқарған. Кітаптың көркемдік безендірілуі жоғары сапада, материалдары құнды.

А.СМАҒҰЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button