Мәдениет

Ақтөбелік тыңдарман «Қыз Жібекпен» қауышты

Өнер

Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның құрылғанына биыл 80 жыл толады. Осы мерейлі белеске орай филармония ұжымы ақтөбелік өнерсүйер қауымға жаңа дүние ұсынуды жөн көріпті.

Бұл — «Қыз Жібек» операсының концерттік нұсқасы.

«Қыз Жібек» операсының өзі ең алғаш 1934 жылы, яғни осыдан 90 жыл бұрын қойылған. Либреттосын Ғабит Мүсірепов жазған Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегі» әсіресе 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде кәсіби сыншылар, өнертанушылар, сол кездегі Одақ астанасының тыңдарманы тарапынан аса жоғары бағаланып, Жібек партиясын орындаған Күләш Бәйсейітоваға «КСРО Халық артисі» атағы берілді. 24 жастағы Күләш нақ сол тұста Одақта осы жоғары атақты иемденген ең жас артист атанды. Одан бері бұл партияны Роза Жаманова, Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева, Әйгерім Сәрсенова, т.б. әншілер орындады.

Ал 10 ақпандаӨнер орталығында «Қыз Жібек» операсының басты лейтмотиві, яғни туындының өн бойына арқау болған әуен — «Гәккуді» нәзік те сыршыл үнді әнші Гауһар Саламас қалықтатты. Гауһар — бірқатар халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты.

Жалпы концерттік нұсқа облыстық филармонияға қарасты өнер ұжымдарының — А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің (көркемдік жетекшісі Дәурен Ғылымов, бас дирижері Мәдина Қабижанова), қазақ камералық хоры (көркемдік жетекшісі Мербол Құспанов) мен классикалық музыка ансамблі (көркемдік жетекшісі Нұстас Омаров) артистерінің күшімен әзірленді. Сахна ашылғанда алдымен көш көрінісі, соның ішінде қызылды-жасылды киінген жастардың жарасымды әзілі, өнері алға тартылды. Әрине, біз сюжетке тоқталып жатпаймыз, ол оқырманымызға жақсы белгілі деп білеміз.

Концертте Төлеген рөлі — Айбек Қарағұловқа, Бекежан рөлі — Ибрагим Әминге, Шеге рөлі Аманжол Өтемұратовқа тапсырылыпты. Олардың әрқайсысының әнінен, ойынынан айрықша толқу да байқалды. Сондай-ақ жаңаша нұсқада ұсынылған «Қыз Жібекке» ҚР мәдениет саласының үздіктері — Орал-Қосай Байсеңгір, Гүлнәзира Сағынғанова мен Манзура Сапаровалар, филармонияның басқа да артистері атсалысты.

Қоюшы режиссер Сырым Мұхамед-Хафиз өзінің бұл бастаманы екі жыл бұрын көтергенін еске алды. «Биыл «Қыз Жібек» операсының алғаш қойылғанына 90 жыл толуымен, сондай-ақ филармонияның 80 жылдық мерейтойымен қатар, тағы бір мерейлі оқиға бар — операдағы басты кейіпкердің партиясын орындаушылардың бірі, белгілі әнші Бибігүл Төлегенованың 95 жасы да тойланбақ. Осындай айрықша оқиғалар қарсаңында мен филармония басшылығына «Қыз Жібектің» концерттік нұсқасын қою туралы ұсыныс айтқан едім.Өйткені осы жобаға филармонияның өнер ұжымдарының, артистерінің әлеуеті жететініне сендім», —  дейді ол.

Концертті А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі сүйемелдеп отырды, дирижерлік еткен — ҚР мәдениет саласының үздігі Мәдина Қабижанова.

Зал толы тыңдарман «Қыз Жібектің» Ақтөбедегі тұңғыш концерттік нұсқасын өте жылы қабылдады. Бұл — үлкен жетістік.

Дегенмен сөз соңына қарай тыңдармандар тарапынан жіберілген үлкен қателік туралы да айтқымыз келеді: өз басына ғана билет алып немесе арнайы шақыртумен келген тыңдармандардың бірқатары қасына жас балаларды билетсіз ерте келіпті. Баланың жастайынан өнерге жанкүйер болғаны өте жақсы, әрине. Алайда билетсіз келген балаларын қасындағы орынға оның иесі бар ма, жоқ па дегенді ескерместен, рұқсатсыз отырғызып алған үлкендердің кесірінен алдын ала сатып алған билеті баркейбір тыңдарманның орын іздеп, сенделіп жүруіне тура келді. Ал билеттің құны 2-5 мың теңге аралығында болды. Бізде тыңдарман мәдениетінің ақсап тұрған бір тұсы бары осылай байқалды.

Айта кетейік, бұл жолы опера қысқартылған нұсқада ұсынылды. Алдағы Наурыз мерекесіне қарай филармония артистері «Қыз Жібекті» әлі де толықтыра түсіп, қайта ұсынбақ.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button