Басты жаңалықтар

Құрылыс саласындағы қитұрқылықтар мен қиыншылықтар

Бір чемоданмен келгендер тендерді қалай ұтып алады? 

Облыс бойынша құрылыс саласына тиесілі жалпы құны 33 миллиард 369 миллион 399 мың теңгеге бағаланған 135 жоба бар. Оның 102-сі құрылыс-монтаж жұмыстары болса, қалғаны — жобалау-сметалық құжаттамалар.  Сондай-ақ құрылысы жырға айналған31проблемалық нысан бар.Олардың 22-сі биыл аяқталады. Жылдарға созылған құрылыстардың басым бөлігінің көлемі шағын. Соған сәйкес жобаны тапсыру мерзімі де қысқа. Мысалы, 60-ақ орындық мектептердінебары 6-7 айда пайдалануға беру жоспарланған. Дегенмен жауапты мекемелердің салғырттығының салдарынанбұл ғимараттардың құрылысыдер кезінде аяқталмай отыр.

Біз облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаевпен ұзаққа созылған құрылыстар туралысөйлескен едік. Сонымен…

31 проблемалық нысан және 22 жоба

Құрылысы созылған 31 ғимараттың 18-інің тапсырыс берушісі — облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Қалғаны — аудандық әкімдіктер. Қазір проблемалық жобалардың саны 31 болып, жыл аяғына дейін көпшілігінің мәселесі шешілгенмен, осы уақыт аралығында тізімге жаңадан қосылатындар да болуы мүмкін. Сөйтіп, бұл дерек өзгеріп отырады. Жалпы, биыл 22 жобаның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Жұмысына салғырт қараған мердігер мекемелердің басшылығымен тынымсыз жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның арқасында былтыр 4 проблемалық нысанның құрылысы аяталды. Осы төрт нысанға тоқталсақ, біріншісі,Шалқар қаласындағы Вокзал маңы көшесінде орналасқан мектеп ашылды. 320 орындық білім шаңырағының құрылысы 5 жылға созылып кеткен болатын.

Ырғыз ауданының орталығындағы денешынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысы да жырға айналып кеткен еді. 2018 жылы басталған бұл жобаға«Фагот и К» серіктестігі жауапты болған-ды. Аталған мекеменің басшысына «қаржы жымқырды» деген айып тағылып, сотталып кетті. Құжатқа қайтадан түзетуенгізіліп, мердігерді анықтау үшін конкурс өткізілді. 2022 жылы желтоқсан айында жаңа мердігер мекеменің басшысымен келісімшарт жасадық. Қазір құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Ғимараттың тиісті құжаттары әзірленіп жатыр. Мұнда футбол, баскетбол, бокс, күрес секілді спорттық секциялар ашылады. Заман талабына сай салынған орталықтың бассейні де бар. Жаңа нысанды көктемдеашу жоспарланып отыр. Бұл — екінші нысан. Үшіншісі, Байғанин ауданындағы Баршақұм ауылында мектептің жанынан спортзал салынды. Бұл жобаның да құрылысы ұзаққа созылып кеткен-ді. Ғимарат былтыр қараша айында пайдалануға берілді. Төртінші құрылыс — Алға ауданына қарасты Маржанбұлақ ауылындағы мектеп. 320 орындық білім ордасын пайдалануға берудің арқасында  аталған елді мекендегі орын тапшылығы мәселесі шешілді, — дейді Аслан Жарасбаев.

Сағызша созылған Шилісай мектебі 

Оның айтуынша, проблемалық 31 ғимараттың 12-сі — білім, 4-еуі — спорт, 1-еуі — денсаулық, 1-еуі — әлеуметтік сала нысандары, 12-сі мемлекеттік тұрғын үй қорында есепте тұрғандар үшін берілетін пәтерлер болса, 1-еуі — инженерлік желі. Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіде Болашақ шағын ауданы салынып жатыр. Жоспар бойынша сол шағын ауданға инженерлік желі жүргізіледі.

Білім саласына тиесілі құрылыстың алды 2017 жылы басталған. Ақтөбе қаласындағы Шилісай мектебінің жобалау-сметалық құжаттамасы бұдан 7 жыл бұрын жасалып, 2018 жылы құрылыс жұмыстары қолға алынды. Дегенмен көп ұзамай құрылыс тоқтап қалды.

— Аталған елді мекенде басында 1100 жер телімі болды. Соған байланысты жоба қолға алынбастан бұрын «әр үйде шамамен 3 баладан болады» деп есептелінді. «Олардың мыңнан астамы мектеп жасында болады» деген болжам жасалып, мұнда үш қабатты 600 орындық мектептің жобасы басталып кетті. Дегенмен жердің шалғайлығын, су мен жолдың жоқтығын айтып, жер телімдерін алған халық онда көшкісі келген жоқ. Соның салдарынан қоныстанушылар саны жоспарлағаннан аз болды. Қазір Шилісайда 200-ден астам тұрғын үй бар. 200 үй салынып жатыр. Шилісайдың балалары Пригородныйға қатынап оқып жүр. Биыл пайдалануға берілетін мектеп екі мезгілде 1200 баланы қамту жоспарланғанмен, аталған елді мекенде сонша оқушы жоқ. Сол себепті әзірге мектептің жанынан балабақша, интернат ашу жоспарланып отыр. Қазір үш қабатты мектеп құрылысының 80 пайызы салынып болды. Есік, терезесі де дайын. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Мектепті тамызда беру жоспарланып отыр. Мектеп ашылса, су берілсе, жол салынса, халық көбірек қоныстануы мүмкін. Облыс әкімі Шилісайдың кіреберіс жолын салу туралы қалалық әкімдікке тапсырма берді. Сөйтіп, Шилісайда серпін болады деп ойлаймыз, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Мұғалжарда аяқталмаған құрылыс неге көп?

Аслан Байқазақұлының айтуынша, білім саласына тиесілі 12проблемалық  нысанның тең жартысы Мұғалжар ауданының еншісінде. Бұл жобалар — Теміркөпір, Ащысай, Алтынды, Талдысай ауылдарындағы, Қандыағаш қаласының Самал шағын ауданындағы мектептердің және Қаракөл ауылындағы мектеп жанындағы спортзалдыңқұрылысы.

Аслан Жарасбаев аталған ауданда проблемалық нысандардың көп болу себебін ескірген мектептердің көптігімен түсіндіреді.

— Мұғалжар ауданында саман, қамыс секілді ескі құрылыс материалдарынан салынған мектептер көп. Ескі материалдардан салынған ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізу келмейді. Сол себепті олардың орнына жаңа мектептер салу міндеті тұр. Мердігер мекемелердің жауапсыздығы салдарынан балалармемлекет қолдауын сезіне алмай отыр. Дегенмен басталған жұмыс аяқсыз қалмайды. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп, мектептер ел игілігі үшін пайдалануға берілетін болады. Ескі мектептерге тән тағы бір мәселе — спортзал жоқ. Сондықтан балалар денетәрбиесі сабағында жазда далада доп ойнайды, қыста мектепте шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді ойындарды ойнаумен ғана шектеледі. Кейбір мектептердің жанынан спортзалдар салынуы содан, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Теміркөпірдің, шағын ғана ауылдың отын сөндірмей, сақтап қалуға тырысқан жұртмұндағы 1938 жылы салынған бастауыш мектептің жабылып қалмауы үшінталай табалдырықты тоздырды. 2018 жылы негізгі мектеп салу үшін жобалау-сметалық құжаттар әзірленгенмен, 2019 жылы конкурста жеңімпаз атанған мердігер компания «САҚ групп»істі аяқсыз қалдырыпты. Кейін жобалау-сметалық құжаттарына түзетулер енгізіліп, құрылыс жұмыстары үшін қайта конкурс өткізілді. Дегенмен мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңіске жеткен «ГрадСтройСервис» серіктестігінің де жұмысы тым баяу. Жоспар бойынша былтыр желтоқсанда берілуге тиіс мектептің құрылысы әлі бітер емес. Жаңа кестеге сәйкес бұл жоба тамызда аяқталады.

Мұғалжар ауданындағы 60 орындық Ащысай мектебінің құрылысы да ұзаққа созылды. 2019 жылы бұл жобаны«САҚ групп» серіктестігі қолға алған болатын. Дегенмен аталған мердігер мекеме бұл құрылысты да аяқтаған жоқ. Жобаға түзету енгізіліп, конкурс жарияланды. Бұл ретте де «ГрадСтройСервис» серіктестігі жеңімпаз болды. Дегенмен нәтиже жоқ. Бұл компанияны сотқа бердік.

Мұғалжардағы 60 орындық тағы бір мектеп Алтындыда салынып жатыр. Оның құрылысы 2021 жылы басталған болатын. Бұл жоба бойынша да мәселелер туындап, мектеп тамыз айында пайдалануға берілмек.

Жалпы,Теміркөпір, Ащысай, Алтынды секілді сыйымдылығы небары 60-ақ орындықмектептер құрылысыныңаяқталу мерзімі әрі кеткенде 6-7 ай, — дейді Аслан Жарасбаев.

Оның айтуынша, Қаракөл ауылындағы Жұбанов атындағы мектептің спортзалын салуға «ГрадСтройСервис» серіктестігі жауапты болған екен.Қазір спортзалдың іргетасы ғана қаланып тұр. Мердігер мекеме басшысы бұл жоба үшін де сот алдында жауапқа тартылмақ.

100 орындық Талдысай мектебініңқұрылысын 2021 жылы қызылордалық «SCS инженеринг» мекемесі бастаған болатын. Дегенмен құрылыс жұмыстары аяқсыз қалды. Жобаға қайта түзету енгізіліп, конкурс жарияланды. Қорытындысында жергілікті мекеме ұтып алып, жұмысқа кірісіп кетті. Жоспар бойынша бұл мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.

Қандыағаш қаласы Самал шағын ауданындағы 600 орындық мектептің құрылысы да — проблемалық нысан.

Қобда, Ырғыз, Шалқар, Байғанинде бір-бірден ұзаққа созылған мектеп құрылыстары бар. Сондай-ақ Қарғалыдағы өнер мектебінің құрылысы даұзаққа созылды, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Жобаға шектеу қойыла ма?

Көп нысанның жайы осындай. Мердігер мекеме мемлекеттік сатып алу арқылы ұтып алады. Бірақ нәтиже жоқ, құрылыс аяқсыз қалады. Бұдан кейін жобаға түзету енгізіледі. Бұл екі аралықта құрылыс материалдарының бағасы шарықтап кетеді. Сөйтіп, жоба қымбатқа түседі. Қайтадан конкурс жарияланады. Мұның бәрі біраз уақыт алады. Мәселе тудыратын — өзге өңірлерден — Алматы, Астана, Қызылорда, Шымкент қалаларынан — келетін мердігерлер. Оларға қарсы шығуға шарасызбыз. Өйткені тендер ел бойынша өткізіледі. Заңнама бойынша конкурсқа барлық өңірдің компаниялары қатысуға құқылы. Жасыратыны жоқ, өзге өңірлерден келетіндер жұмыс күші, техникасы жеткілікті екенін айтады. Конкурс құжаттарында да солай жалпылама мәлімет көрсетеді. (Бұрынғы конкурстарда жұмысшының бұйрығы, дипломы, техниканың техпаспорты, меншік иесі көрсетілетін. Қазір мұның бәрі алынып тасталды). Ал,расында, олар бір чемоданмен, бір папкамен келеді. Жобаға бөлінген қаржыны бас мердігер, бас директор алады, одан кейін қосымша мердігерге ақы төленеді. Сөйтіп, мемлекеттің құрылысқа бөлінген қаражатының бір бөлігі ғана құрылыс үшін жұмсалады. Бұдан кейін сапа деген әңгіме шығады. Сырттан келгендер жұмысты ұйымдастыра да алмайды. Жұмысшыларды, техникаларды осы жақтан жалға алады. Құрылыстағы жалдамалы бригадалар да үнсіз жұмыс жасай береді. Айлығын бермей қойғанда болмаса, «солардың қарауында жұмыс жасаймыз» деп, шындықты айтпайды. «Жалдап алды» дегенді жағдай ушыққанша жасырады.

Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы кезінде негізгі үш талап бойынша құжат қабылданады. Олар: салық көрсеткіші жақсы болуға тиіс, мекеменің лицензиясы, жұмыс тәжірибесі. Мемлекеттік сатып алу шартында жергілікті жердің компанияларына басымдық берілетіндігі туралы талап жоқ. Соның салдарынан жергілікті мердігерлер жұмыссыз қалуда. Бұл мәселені министрлік деңгейінде көтердік. Мемлекеттік сатып алу конкурсындағы тағы бір кемшілік — бір мердігер үйіп-төгіп бірнеше жобаның жеңімпазы болады. Мысалы, астаналық «Градстройсервис» серіктестігінің ел бойынша 300-ден астам жобасы бар. Біздің облыстың өзінде 25 нысанға жауапты. Бірақ жұмысында нәтиже жоқ. Ақтөбелік «Интерстиль» мекемесінің 400 адамы бар. Оның өзі жыл сайын көп дегенде 4-5 жобаны ғана алады. Бір мекеме соншама көп жобаны ел бойынша игеруі мүлде мүмкін емес. «Градстройсервис» серіктестігі 2022 жылдан бастап Ақтөбенің жобаларын қолға ала бастады. 25 жобаның 2-3-еуін ғана тапсырды. Әлгінде айттым, Теміркөпірдегі құрылыс өте жай жүргізіліп жатыр. Мұғалжар ауданындағы қалған екі жобаның құрылысы мүлде тоқтап тұр.

2021 жылы Оймауытта 150 орындық мектеп-балабақшаның құрылысы басталған болатын. Дегенмен мәселе өзекті болып тұр. Шымкенттік «Абай. Б» серіктестігі мектептің іргетасын қалады да, құрылысты аяқтамай, тастап кетті.  Бұл мердігер Ырғыздағы, Хромтаудағы жолдардың да құрылысын жүргізуді жауапкершілігіне алғанмен, әлі бітірген жоқ.  

Қызылорда облысынан келген «Ер-Қанат сервис», «SCS инжиниринг» құрылыс компанияларының жауапсыздығы салдарынан бірнеше нысан дер уақытында салынбай қалды. Мысалы, «Ер-Қанат сервис» Ырғыздағы Жарма, Мұғалжардағы Алтынды, Қобдадағы Терісаққан мектептерінің құрылысына жауапты болатын. Бұл мектептердің бәрі де 60-ақ орындық.  Соның өзін аяқтай алмады.

Ел Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңды қайта қаруды тапсырды. Бұл саладағы қате, кемшіліктер түзетілетініне үміттіміз, — дейді Аслан Жарасбаев.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button