Басты жаңалықтар

Әлібек БАЗАРҒАЛИЕВ: «Ауылды дамытуға күш салуымыз керек»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында елдің дамуына қатысты маңызды мәселелерді қамтып, алдағы жылдары шалғайдағы ауылдардың әлеуетін арттыруға баса назар аудару керектігін айтқан-ды. Мемлекет басшысының осы тапсырмасына орай облыстық мәслихат депутаттары ауыл-аймақты аралап, ондағы қордаланған мәселелерді шешуге атсалысуда. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы Әлібек Базарғалиев қазіргі таңда ауыл мен қаладағы білім беру деңгейін теңестіру, елді мекендерде ауыл шаруашылығы саласын дамыту, әсіресе шалғай ауылдарда ет, сүт өнімдерін өндіретін өндіріс орындарын салу мәселелерін көтеріп жүр. Біз осы және өзге де мәселелер төңірегінде депутатпен әңгімелескен едік…

Ауыл мен қала теңесе ме?

Соңғы жылдары елімізде, оның ішінде өңірімізде ауылдың халқы қалаға үдере көшті. Оған басты себеп — ауылдағы жұмыссыздық, шалғай елді мекендердің көгілдір отынмен, ауызсумен қамтылмауы. Алайда ауылдың бейнетінен қашқанымен, қалаға келгендердің арасында әлі күнге дейін баспанасыз жүргендері жетерлік.

Жалпы, ел-жұрттың қалаға шоғырлануы — біздің елімізде ғана емес, әлемде көрініс тауып отырған жағдай. Дегенмен қаланы ғана дамытып, ауылдағы халықтың тұрмысын көтеруді ұмыт қалдырмау керек. Егер ауылдарды дамытсақ, о жақтағы ағайынның да шаруасы түзелмек. Міне, қазір осы мәселені облысымыздағы «Ауыл» партиясының өкілдері түрлі мінбелерде көтеріп, ауыл шаруашылығы саласын нығайтуда елді мекендерге ерекше қамқорлық, қолдау көрсетілуі керектігін айтып жүр.

«Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутатыӘлібек Базарғалиевтің айтуынша, шалғай елді мекендерде ауыл шаруашылығы қалпына келтіріліп, соның негізінде жұмыс орындары ашылса, ауылда халық тұрақтанады. Қалаға үдере көшу тоқтайды.

— Облыстық мәслихаттың сессияларында, комиссия отырыстарында ауылдарды көркейту, ондағы жұмыссыздық, басқа да мәселелерді ауыл шаруашылығы саласын дамыту арқылы шешуге болатынын айтып келемін. Себебі ауылда мал, егін, құс шаруашылықтарын дамытып, ет, сүт өнімдерін өндіретін өндіріс орындарын салсақ, жұмыс орындары ашылады, тұрғындардың тұрмысы түзеледі, табысы артады. Ауыл көркейсе, онда тұратын балалардың болашағы да жарқын болады. Ауыл баласының әлеуметтік жағдайы қалада өсіп жатқан балалармен теңеседі. Сондықтан «Ауыл» партиясы қазір Үкіметке осы мәселелерді жеткізіп, шалғай елді мекендерді газбен, ауызсумен, интернетпен, жолмен қамтуға басымдық берілуі керектігін айтуда.

Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға ерекше қолдау көрсетіліп жатыр, жаңа әлеуметтік нысандар салынып, жастардың кәсіп ашуына жағдай жасалуда. Мысалы, былтырдан бері облысымызда жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының көбі құс, бау-бақша өсіріп, шағын бизнес бастап жатыр. Сол арқылы ауыл халқының табысыартып келеді. Бұл да елді мекендерді көркейтуге бағытталған нәтижелі жұмыстардың бір көрінісі, — дейді депутат.

Әлібек Базарғалиевтің айтуынша, былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2023-2027 жыл­дарға арналған тұжырымдамасын бекіткен. Тұжырымдама ауылдық аумақ­тар­дың географиялық ерекшеліктері мен бәсе­ке­лестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған. Алдағы уақытта біздің облысымызда да  осы тұжырымдама аясында қарқынды жұмыстар атқарылады. Алайда бұл тұжырымдаманы нәтижелі жүзеге асыру үшін аудан, ауыл әкімдері елді мекендерді дамыту ісіне сол аумаққа жақын орналасқан мұнай-газ компанияларын, ірі шаруашылықтар мен кәсіпкерлерді тартуы керек.

— Жуырда бір топ депутатпен біргеБайғанин ауданындағы Кемерши, Алтайбатыр, Оймауыт, Дияр ауылдарын аралап, олардағы әлеуметтік нысандардың жағдайын өз көзімізбен көріп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап қайттық. Аудан әкімімен тұрғындар көтерген мәселелерді өзара талқыладық. Менің бұл іссапарға барғанда түйгенім, ауылдағы мектептерді қала мектептерімен салыстыруға мүлдем келмейді. Мәселен, қала мектептері сапалы интернетпен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылса, ауылдарда ондай жағдай жоқ. Интернет түгіл кейбір мектептер оқу кабинеттерімен қамтылмаған. Сондай-ақ қазір облысымызда небәрі 50-60 үйлі шағын ауылдар бар. Мұндай елді мекендерде бала саны аз болғандықтан, жаңа мектептер мен балабақшалар салынбайды. Бұл да қазіргі өте өзекті мәселелердің бірі.

Одан бөлек өңіріміздегі кезек күттірмейтін проблемалардың бірі — ауылдар арасына жол салу мәселесі. Мысалы, біз Байғанин ауданын аралағанда ауылдар арасы өте алшақ орналасқанын көрдік. Тіпті арақашықтығы 150-170 шақырым болатын елді мекендер бар. Бұл жолдарға асфальт төселмеген. Ауыл әкімдерінен сұрап білсек, алыс елді мекендерге жол салуға мердігер ұйымдар бармайды екен. Өйткені, мердігер мекемелер алыс жерге барып, ол жерде жол құрылысы материалдары үшін зауыт салып, жолдарды жөндегісі келмейді. Ал аудан аумағында орналасқан мұнай компанияларының мұндай игілікті іске атсалысуға ниеті жоқ. Байғанин жерасты бай аудан болғанымен, бұл аймақта қордаланған мәселе өте көп. Біз аудан әкімімен, жауапты мекеме мамандарымен тілдесіп, осы мәселелерді шешудің тетіктерімен бөлістік, — дейді Әлібек Айдарханұлы.

Оның айтуынша, қазіргі таңдаауылдарды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар қордаланған мәселелерді толық шеше алмайды. Себебі аудандарда мемлекет қаржысының жұмсалуы мен нәтижесі туралы сараптама жасалмайды. Бұл — бір. Екіншіден, елді мекендерді дамыту ісіне мемлекет қана емес, сол жерде тұратын азаматтар да атсалысуға тиіс. Мысалы, бір ауылдан үш-төрт кәсіпкер шықса, олар балалардың ойын, спорт алаңдарымен, әлеуметтік нысандардың құрал-жабдықтармен қамтылуына қолдау көрсетуі керек.

— Кез келген кәсіпкер өзі туып-өскен ауылына көмек беріп, қолдау көрсетсе, сол ауыл көркейіп, гүлдейді. Әсіресе шағын ауылдарда жаңа мектеп пен балабақшалардың, медициналық пунктер мен спорт кешендерінің салынуына көмектерін берсе, керемет емес пе?Меніңше, біз ауылдарды дамытуда мемлекетке ғана салмақ салмай, өзіміз де  үлес қосуымыз керек, — дейді депутат.

Әңгіме барысында депутат елді мекендерде тұрғындарға ғана емес, ауыл шаруашылығы құрылымдарына да жан-жақты қолдау керектігін атап өтті. Өйткені малы аз, шығыны көп шаруашылықтарға мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылмаған.

—Қазіргі таңда шаруашылықтарды техникамен қамтуда көп жағдайда пайданы делдалдар көреді, ал шаруашылықтар шығынға батады. Мысалы, көрші елдерден әкелінетін шөп шабатын жаңа трактор шаруаның қолына тигенше екі есеге дейін қымбат бағаға сатылады. Бұл шаруаларға өте тиімсіз. Алдағы уақытта Үкімет осы мәселелерді назарға алады деп ойлаймын, — дейді ол.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Әлібек Базарғалиев 1971 жылы 11 сәуірде Ақтөбе облысы Алға ауданында дүниеге келген. Орал қаласындағыА.С.Пушкин атындағы педагогикалық институтты тарих және әлеуметтік-саяси пәндер мұғалімі, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы мамандығы бойынша бітірген. 2021 жылы Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы университетте өз жобасын сәтті қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі дәрежесін алған. «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК мойындаған Ақтөбе облысындағы ішкі тұқымдық мұғалжар жылқысының селекциялық жетістіктерінің авторы.

Ауыл шаруашылығы министрінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкенрлер палатасы төралқа төрағасының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Отбасында 4 бала тәрбиелеп, олардан 4 немере сүйіп отыр.

Самбайда туған депутат

Әлібек Базарғалиев — ауылдан шыққан азамат. Ол Алға ауданының Қарағаш ауылдық округіСамбай ауылында туып-өскен. Отбасында 8 баланың кенжесі. Әкесі Айдархан кеңес заманында есепші болып жұмыс істесе, анасы Ханымай сауыншы болған. Жоғары оқу орнын бітірген соң Әлібек Айдарханұлы ауыл мектебінде бір жыл мұғалім болып қызмет атқарған. Одан кейін ауыл шаруашылығы саласына ауысқан.

— Біздің арғы атамыз 1832 жылы Орынбор облысының Ақбұлақ ауылымен шекаралас жатқан Шаңғырлау мекенінен көшіп келген. Содан бері осы ауылда тұрған. Әкем Айдархан ұжымшарда жарты ғасырдай еңбек еткен, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Дүниеден өтерінде бізге: «Бұл — ата-бабамыздан қалған жер. Атақонысты қаңыратпай, жетімсіретпей, тер төгіп, төрт түлік бағып, малға толтыру — сендерге парыз» — деп өсиетін жеткізген. Өзі тоқсаныншы жылдары осы жерде қожалық ашып, жылқы ұстады. О баста шаруашылығымызда400 гектар жайылым, 300 гектар егістік жеріміз, сондай-ақ 12 бас жылқымыз болды. Міне, отыз жылда сол жылқының саны артып, мыңға жетті. Сондай-ақ қожалығымызда 300 ірі қара, 300 қойымыз бар. Қазіргі таңда ауданда мұғалжар жылқысын көбейтіп отырмыз. Бүгінде еліміз бойынша Түркістан мен Жамбыл облысынан басқа өңірлердің барлығы біздің шаруашылықтан келіп, жылқы сатып алады. Жыл сайын екі жүзге жуық жылқы сатамыз. Қазір асылтұқымды мұғалжар жылқысы Ақтөбенің мақтанышына айналып отыр, — дейді ол.

Кейіпкеріміздің айтуынша, мұғалжар жылқысы — қуаңшылыққа, суыққа, ыстыққа төзімді, қандай ауа райы болса да өзінің күйін бірқалыпты ұстап тұра алатын жылқылардың бірегейі. Сондай-ақ мұғалжар жылқысы етті болып келеді.

«Жансая» шаруа қожалығында бүгінде екі жылқышы, төрт малшы жұмыс істейді. Шаруашылық басшысы белгілі ғалым-селекционер, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, екі бірдей жылқы тұқымының авторы Серікбай Рзабаевпен байланыс орнатып, сол кісінің ақыл-кеңесіне жүгінеді, ғылыми жұмыстармен айналысады. Жылқы шаруашылығымен қатар, егіс егуді де қолға алуда. Биылдан бастап Әлібек Базарғалиев басқаратын «Петровка-1» шаруа қожалығы жаңа техникалар сатып алып, мал азығын егуге күш салмақ.

Туған ауылымның маңайынан 49 жыл мерзімге жалға жер алып, қазір сол жерде шаруашылығымды дамытып отырмын. Осы ауылда туған соң тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, оларға үнемі қолдау білдіремін. Осы орайда ауыл жастарының қолдауымен алдағы уақытта тай жарыс ұйымдастырмақпыз. Жуырда «Ауыл» партиясы атынан облыс басшылығына ұсыныс тастағым кеп отыр. Ондағы мақсат — Алға, Әйтеке би, Байғанин, Ойыл аудандары арасында тай жарыс ұйымдастырып, сол арқылы өңірімізде ұлттық спорттың дамуына үлес қосу, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды, оның ішінде ат әбзелдерін насихаттау. Егер осы бастамамыз қолдауға ие болса, алдағы уақытта аудандар арасында ұлттық спортты дамытуда жақсы іс-шаралар өткізуге мүмкіндік бар. Мәселен, осы жарысқа 36 тай қатысса, жүлделі орын алғандарға бір миллион теңге жүлде беріледі. Меніңше, қазір ауыл жастарына осындай дүниелер қажет-ақ. Телефонға телмірген уақытта жастарымыз бір мезгіл атқа мініп, асау үйретсе, жақсы емес пе? — дейді ол.

Қай кезде де ауыл жастарына қамқор болып, туған жеріне жаны ашып жүретін азамат жуырда Самбайда пайдалануға берілгенмедициналық амбулаторияға өз

қаржысы есебінен жедел жәрдем көлігін сыйға тартты. Алдағы уақытта кәсіпкер ауылдың мәдениет саласына да өз үлесін қоспақшы.

Қызықты дерек

Әлібек Базарғалиев қолы бос кезінде ұлын ертіп, аңшылыққа шыққанды жақсы көреді. Оның сүйікті тұлпары, жеті тазысы бар. Сондай-ақ күз-көктем айларында асау тайларды үйретіп, ауылдағы балаларға атқа мінуді насихаттайды.

Жылқы бар, зерттейтін ғалым жоқ

Бүгінде облысымызда жылқының саны артып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын өңірімізде республикалық жылқы палатасы құрылды. Қазір осы палатаның құрамындағы шаруашылықтар өңірде жылқы шаруашылығын дамытуда жүйелі жұмыс жүргізуде. Әлібек Базарғалиев — осы игілікті істің басы-қасында жүрген азаматтардың бірі.

Оның айтуынша, қазіргі таңда жылқы шаруашылығын дамытудағы басты мәселе —бұл саланы ғылыми жағынан зерттейтін мамандардың жоқтығы.

— Тоқырау жылдарында еліміздегі, оның ішінде облыстағы жұмыс істеп тұрған жылқы зауыттарының барлығы жабылып қалды, қазір тіпті олардың орны да жоқ. Сондай-ақ бүгінде республикамыздағыауыл шаруашылығы университеттері жылқыны зерттейтін, осы тұрғыда ғылыми жұмыстар жүргізетін мамандарды оқытпайды. Өкінішке қарай, егемендік алғанымызға отыз жылдан асса да, әлі күнге дейінөңірлерде ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамымай отыр. Оның қатарында жылқы шаруашылығы да бар. Жуырда Мемлекет басшысы елімізде адай жылқысын бренд ретінде шығару керектігін айтты. Міне, біздің алдымызда жылқы шаруашылығын дамыту, осы саланың қыр-сырын зерттеу міндеті тұр. Осы тұста айта кету керек, биыл облыс әкімі Асхат Шахаровтың қолдауымен Кеңес Нокин ауылындағыбұрынғы Тәжірибе станциясы базасындағы ғылыми-зерттеу институты өз жұмысын жандандырады. Институт базасы жаңартылып, кешен аумағында ипподром мен зертхана жұмыс істейтін болады. Осы жерде республика көлемінде мұғалжар, көшім, тағы басқа жылқы тұқымдарына қатысты ғылыми зерттеулер, сараптамалар жүргізіледі, — дейді Әлібек Айдарханұлы.

Сөз арасында кәсіпкер биылдан бастап мұғалжар жылқысымен қатар,Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында көшім жылқысын көбейтуді көздеп отырғанын айтты. Ол осы ауданда кезінде жылқы өсіріп, көпке танылған кәсіпкер марқұмНаурыз Бекмашевтың шаруашылығын сатып алған.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button