Мәдениет

Байқаудың арнасы — ақын жырлары

Жақында «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен 7-11 сынып оқушылары арасында алғаш рет «Мейірхан Ақдәулетұлы  оқулары» облыстық байқауы өткізілді.

Ақын, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлының 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шараға облыс аудандарының және қала мектептерінің оқушылары қатысты.

Шарт бойынша байқауға қатысқан оқушы ақынның шығармаларын жақсы біліп, және кез келген өлеңін жатқа оқып, сонымен қатар өзінің шығармашылық қабілетін де көрсетуі  керек болды.

«Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығы директорының орынбасары Бағдат Орынбаева былай деді:

–– Қаламы жүйрік қаламгер, ақын, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлының 60 жылдық мерейтойына орай, ақынның шығармашылығын насихаттау арқылы балалардың қазақ әдебиетіне, қазақ мәдениетіне деген ықыласын арттыру мақсатында 7-11 сынып оқушылары арасында облыс бойынша тұңғыш рет «Мейірхан Ақдәулетұлы оқулары» байқауы ұйымдастырылды.

Байқауға облыстың аудандары мен  қала мектептерінің  оқушылары қатысты. Оқушыларға мұндай игі шараның берері көп деп ойлаймыз. Алдағы уақытта өзге де жергілікті ақындардың шығармаларын насихаттау ісі жалғаса береді.

Ақын, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлының өзі де байқауға қатысып, жас өрендерге жылы лебізін білдірді.

–– Бұл – мен үшін тосын жайт болды. Ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Соңғы жылдары жастардың кітапты көп оқи бермейтіндігі, қазақ әдебиеті оқырмандары қатарының сиреп бара жатқандығы күн тәртібіндегі мәселе еді. Ал бүгінгідей шара сондай олқылықтардың орнын толтыруға септігін тигізері сөзсіз, — деді ол.

Байқау үш номинация бойынша өтті. Бірінші номинация бойынша талапкер ақын Мейірхан Ақдәулетұлының «Бастау»,  «Шырақ-ғұмыр»,  «Жалғыз досым — жүрегім», «Дәруішнама», «Бейуақтағы мінәжат» атты жыр жинақтарынан бір өлеңді жатқа оқыса, екінші кезекте аудармаларынан үзінді оқыды. Ал «Жыр жазамын» атты үшінші номинация бойынша талапкерлер өз туындысын оқып берді. Қазылар алқасы бұл шарт бойынша талапкерлер шығармасының көркемдігіне, ойлылығына, оқу мәнеріне және шығарманы жатқа оқуына назар аударды.

Сонымен бірге байқауға қазылық еткендер — ақын, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев, филология ғылымының докторы Жұбаназар Асан ақын Мейірхан Ақдәулетұлының адами болмысы, поэзиясы жайында пікірлерін айтты.

Жалпы шараға 20 оқушы қатысып, талаптарын сынады. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Темір ауданындағы Байғанин атындағы мектеп-балабақшаның 11-сынып оқушысы Аян Тоқтамыс жеңіп алды.

Бірінші жүлделі орынға Шалқар ауданындағы І.Үргенішбаев атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Ақтолқын Әбимолдаева ие болса, екінші орынды Қобда ауданындағы Қобда қазақ орта мектебінің 11-сынып оқушысы Берік Орынбасаров пен Ақтөбе қаласындағы Ақтаев атындағы №6 орта мектептің 11-сынып оқушысы Саламат Лайхан иеленді. Ал үшінші орынды Мәртөк ауданындағы Жайсаң орта мектебінің 8-сынып оқушысы Нұрсұлу Төренова, Ырғыз ауданындағы Б.Алманов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Гүлдерай Бидағұлова және Ақтөбе қаласындағы №24 лигвистикалық мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Ақгүл Жетегенова бөлісті.

Жеңімпаз бен жүлдегерлерге және байқауға белсене қатысқан барлық  сайыскерлерге «Шамшырақ – Ақтөбе» ЖШС атынан дипломдар мен әр түрлі заттай сыйлықтар тапсырылды.

 

Жанар НҰРҒАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button