Мәдениет

Ақын мектепке келді

№34 орта мектепте қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын, көсемсөзші, мәдениеттанушы Мейірхан Ақдәулетұлымен кездесу өтті.

Кешті осы мектепте тәжірибеден өтіп жатқан студенттер Оразбек Кенбаев, Шынар Жексенбаева, Гүлнафис Тоғажанова, Әсел Айтбаева және олардың жетекшілері — доцент Бағила Құрманбекқызылар ұйымдастырды. Кеш еркін әңгімелесу, сыр-сұхбат түрінде өрбіді. Оқушылар ақын ағаларына «Сіз қандай бала болдыңыз?», «Мектепте ең сүйіп оқыған пәніңіз қандай, кімге, қай мұғалімге еліктеп өстіңіз?», «Өскелең ұрпақ несімен ұнайды, ал ұнамаса, несімен?», «Қай ақын-жазушыларды оқыдыңыз, кімдер ұнады?» деген секілді өздерін ойландырған сауалдарды қойды.

Мейірхан ақын бала кезде тентек те ақылды жас болғанын, мұғалімі де, қарап өсер өнегесі де көкесі болғанын, «Абай жолын» ерте оқығанын, т.б. айтты.

Мектеп басшысы Аманжол Сәлімұлы бұл кештің сәтті өткенін тілге тиек етіп, М.Ақдәулетұлын 60 жасқа толған тойымен құттықтап, оның шығармашылығына тоқталды.

Ақын ағалары кішкентай оқырмандарына арнап бірнеше өлеңін оқып берді, студенттер  Ш.Жексенбаева «Абай ескерткішіне», Ә.Айтбаева «Сен кеткенде» өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Термелер орындалды.

М.Ақдәулетұлы ең жақсы сұрақ қойды деп тапқан оқушы Меңсұлу Бердіғалиға күнделік жазуға арналған қойын дәптерге қолтаңбасын жазып берді.

Кеш барысында ақынның шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды, ол көрмеде автордың «Дәруішнама» (1996 ж.), «Бейуақыттағы мінәжат» (2006 ж.) кітаптары, «Ақтөбе» энциклопедиясы, «Алтын Орда», «Қазақ әдебиеті», «Ақтөбе» басылымдарында жарық көрген мақалалары, көсемсөздері қойылған.

 

С.ЖАРАСОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button